Баскетболшылар жүлделі орын иеленді

Қазақстандық «PBC Astana» баскетбол клубы Абу Дабиде өтіп жатқан дүниежүзілік фиджитал ойындарында үздік үштікке енді, деп хабалайды astana-akshamy.kz
Бүгін отандастарымыз шешуші сында сербиялық қарсыластарынан басым түсті. Енді елге қомақты қаржылай сыйақымен оралады.
Бәсеке бірнеше күнге созылды. Ерекшелігі сол, жарыс шынайы және виртуалды спорт бәсекелерін қамтыды.
Қатысушылар кибер кеңістікте ғана емес, арнайы алаңда да шеберлік байқасты.
Жалпы спорттық бағдарламаға 11 түрлі сайыс енген. Қазақстандық фиджиталшылар соның үшеуіне қатысып, финалдық кезеңге дейін жетті. Әсіресе астаналық баскетболшылар бес бірдей матч өткізіп, тек жартылай финалда сүрінді. «Десе де осының өзі – тәуір нәтиже», — дейді мамандар.
Еске салайық, Қазақстан келер жылғы «Болашақ ойындарын» өткізу құқығын иемденді. Ұйымдастыру шараларына дайындық қазірден басталып кетті.
«Қарсылас команда ойыншылары жайлы көп зерттедік. Диджитал бөлімде кейіпкерлерді сәл өзгертіп, өзіндік тактика құруға тура келді. Сөйтіп ойлағанымыз іске асып, сегіз ұпай алға шықтық. Ал физикалық кезең біз үшін біраз қиынға соқты. Ойынның тартысты болғаны соншалық, үшінші орын мәселесін бір ғана ұпай айырмашылығы шешті. Командаластарыма ризамын. Барынша жинақылық танытып, жеңіске жеттік. Елге енді қомақты жүлдемен ораламыз», — деді «Games of the future Abu Dhabi» жүлдегері Сардар Абашидзе.



