БАС

0 174

Мына бес күндік жалғанда БАС сұғылмаған атау жоққа тән. Бас директор, бас редактор, бас маман… дегендей ғой. Тек басшылыққа қатысты ол «бастарды» айтпағанның өзінде, бізді өзге жаратылыс ие­ле­рінен ерекшелеп тұратын «адамзат – 18 мың ға­ламның зердесі» деген де жақсы ұғым бар. Ал өмірден алар орын реті жалпы тәніміздің үстіне ор­нық­қан сол қауға бастар мен қауақ бастардың қа­уа­шағы ішінде бір-біріне ұқсамас бірдеңелерді ойлап жүретін миға байланыс­ты болып тұр. 

Ғалымдардың зерттеуінше, соңғы кездері дүниеге келген балалардың басы бұрынғылардікіне қарағанда үлкейіп бара жатқан көрінеді. Әсіресе, өмір сүру дағдылары біршама өзгеріп, қоғамы қарқынды дамуға бейімделіп алған америкалық ақ нәсілділердің бас сүйегі – көлемді әрі сопақтау. Ол дегеніңіз 1800-1980 жылдар аралығындағы көрсеткіштен 6,8 пайызға артқан шаманы айғақтайды.

Өзіміздің сөз қолданысымызда да «алып тұлға», «тау тұлға» сынды теңеулер бекерден-бекер жүрген жоқ. Себебі, ойлау жүйесінің жедел дамуы осылайша адам дене-тұрқының, негізінен бас көлемінің артуына әсер етеді. Абай, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұ­қанов, Мұ­қа­ғали Мақатаев сын­ды ақын-жа­зу­шы­лар мен Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландай ғұламаларымыздың, тағы басқа да біртуар, беткеұстар азаматтардың басы кішкентай еді деп көріңіз… Демек, шетел зерттеушілері әлгіндей шешімді қалайда тың жаңалық ашу мақсатында шығара салмаса керек. «Бас жаққа барыспайық…» дегенге салсақ, осы бір аса жауапты істі ерігіп отырып қолға алу әсте мүмкін емес. Қалтай Мұхамеджанов ағамыз айтқандай, «Өркениетті елдерде адамның басы мен ісіне қарайды, ал біздің елдерде адамның шашы мен тісіне қарайды».

Жаратылысы «жандық», «жаны бар», «әйтеуір қу жаны үшін жүр» деген мағынаға саятын жәндіктер мен ұсақ аң-жануарлардың шағын бас ішіндегі кішкене милары аңду-арбау жағынан едәуір дамыған омыртқалылардан әрдайым қорғана білуге жете бермейді. Еріксіз құрбандығына айналады. Аңшылықтың әртүрлі әдіс-тәсілін меңгерген адамдардан құтылу тіптен қиын!

Бұл мысалдарға қанағатанбас оқырманның: «Дәу бастылардың ішінде дым білместері де көп қой!», – деп қарсылық танытуы – заңдылық. Иә, әдетте басы бармақтай тышқанның есте сақтау қабілеті жұдырықтай басы бар қояндікінен күшті болады. Ми ауырлығы жағынан алдыңғы орында тұратын кит пен пілдің адамзаттан айласы асқанын тағы көрмедік. Бірақ, адамның ақыл-парасаты көбінесе олардың қалай тәрбиеленуіне байланысты. Өзі киттей болмаса да, онікінен титтей басы «18 мың ғаламның зердесі» ғой! Бұлай дейтініміз, адам басының айналуы, ауыруы, сақинасының ұстауы –шығармашылық, ғылым сынды ой жұмысымен айналысатындарда, көп балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілер мен мұғалімдерде жиі кездеседі екен. Қашанда ешкімге көңілі толмай, ашулы, ызалы болатындар да ептеп осы сырқатқа ұрынып жатады. Бұл ретте «жақсы адамның ашуы – шәйі орамал кепкенше, жаман адамның ашуы – басы жерге жеткенше» дегенді ескеру керек. Жерге жетер бастан жоғары көтеріліп жүрген бас әлдеқайда артық!

P.S. Милы бас жұмыс істеп тұрса, миллион бастың іші күмбірлейді. Ал милы бас жұмысын тоқтатса, миллион бастың іші күңгірлейді.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 2 =