Бас жоспарға өзгеріс енгізу туралы қоғамдық талқылау өтті

Елордада «Астананың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жобасын қоғамдық талқылау бойынша қорытынды жиын өтті. «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС өткізген талқылау жиыны туралы хабарландыру 2025 жылғы 1 шілдеде БАҚ-та, сондай-ақ Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланған болатын, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Осыған орай жобаны жасаушылар құжатқа деген жоғары қызығушылықты ескеріп, қорытынды жиынға бір апта қалғанда көрме ұйымдастырды. 14-18 шілде аралығында бұл көрмені 788 адам келіп көрді. Ережеге сай әрбір келуші аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі және телефон нөмірін қалдыра отырып тіркеуден өтті. Олар ұсыныс, ескертпелері бар өтініштерін де толтырды. Көрмеде күн сайын «Астанабасжоспары» ҒЗЖИ» ЖШС жобалық институтының мамандары, сәулетшілер, инженерлер, экологтар, экономистер жұмыс істеп, келушілерге ақпарат берді. 4 күнде аталған көрмеге келушілерден 2548 бет өтініш түсті. Олардың 65,9%-ы телімдерді тұрғын үй салу мақсатына өзгерту туралы өтініштерден, 29,1%-ы гүлзарлар салу туралы өтінімнен тұрады. 49 адам (1,9%) жобамен жай танысуға келсе, 39 адамның сауалы қаланы абаттандыруға қатысты болған. 9 мәселе көлік пен көше-жол желілерін дамытуға бағытталған. 8 өтінім үйлерді сүруге, 5 сауал қоршаған ортаны қорғауға, 2 өтініш әлеуметтік нысандарға, тағы бір 2 мәселе діни нысандарды дамытуға қатысты болған.
Одан бөлек электронды поштаға да 75 өтініш түскен. Барлық түскен ұсыныстар мен ескертпелер талқылау барысында назарға алынған. Ұйымдастырушылар талқылау өтетін күні адам көп болатынын білім 2 үлкен зал мен 2 холды дайындап қойды. Жиынға «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС бас директорының орынбасарлары Азамат Хамитов, Марат Садуов, қалалық Урбанистика орталығының басшысы Данияр Бақытбекұлы қатысты.
Астананың Бас жоспары – елорданың 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді перспективада дамуына қатысты стратегиялық бағыттары айқындалған 1-деңгейлі қалақұрылысы құжаты. Жиын барысында келушілер нақты тұрғын үй кешендеріне, олардың аумағына жатпайтын құрылыстарға қатысты мәселелерді де көтерді. Жоба жасаушылар тарапынан барлық сұрақтарға жауап беріліп, көтерілген мәселелер хаттамаға толтырылды. Қорытынды талқылау жиынына 1325 адам келді. Дауыс беру нәтижесінде «Астананың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жобасын 935 адам қолдады, 206 адам қарсы болды, 23 адам қалыс қалды. Талқылау тиісті талаптарды ескере отырып өткізілді. Қоғамдық талқылаудың нақты нәтижесі екі жұмыс күні шінде хаттама арқылы жарияланады.