
2011 жылы мамырдың 25-27-сi аралығында ел астанасында Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы өтті. Әлемнiң 35 елiнен 365 делегат қатысқан құрылтай жөніндегі хабар басылымда жарияланған.
КҮЛДІРЕМІЗ ДЕП БҮЛДІРМЕЙІК…
«Жақында еліміздің кинотеатрларында «Трубадур» деген комедия көрсетіле бастады. Кинотеатрлардың бірі қалыспай, жарыса жариялап жатқан «отандық өнімді» демалыс күндері біз де тамашалай бардық. «Кино көріп, демаламын» деп кірген залдан зығырданымыз қайнап шықтық. Неге дейсіз ғой? Жібі түзу кино ма десек, әлгіміз қазақты топас еткен фильмдер санатынан екен. «Комедия келемеж емес қой» деген тақырыптағы мақалада журналист Айнұр Шошаева қазақ киносының ахуалын бір ғана туынды мысалында жазған. Кино ә дегеннен-ақ қазақты жабайы, түк көрмеген етіп жарнамалаудан басталған. Басты кейіпкердің үстіне киген киімі мен дуда-дуда шашын да толық жаппайтын киізден жасалған мұндай оюлы тақияны қазақтың кигенін көрмеппіз. Бүгіндері де қазақ киносы мұндай арзан комедиядан арыла алар емес.
11 қаңтар
АЛАШ АРЫСЫ МӘЙІТІНІҢ КҮЛІ ӘКЕЛІНДІ
Алаштың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың мәйітінің күлі елордаға жеткізілген еді.
«Бұл – ел азаматтары атқарған еңбектің әділ бағасы. Оның сүйегі христиан қорымында жатты. Бұл біздің ғұрпымызға қайшы. Сондықтан біз Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлін өзі аңсаған Қазақстанның елордасына жеткізіп отырмыз» деген өз сөзінде бастамашыл топ өкілі, профессор Дихан Қамзабекұлы.
22 қаңтар
ҚАДЫР АҚЫН НЕ АЙТТЫ?
Бүгінгі қазақ журналистикасына қатысты сын баршылық, тілшілердің кәсіби деңгейі мен этикасына байланысты да түрлі пікір айтылып жатады. Мұндай пікірлер де орынды-ақ. Себебі бүгінгі журналистика жанр талғамай кеткені анық. Көркем-публицистикалық очерк, фельетон не памфлеттер жоқтың қасы. Мұны жазатын алдыңғы аға буын қарасы да сиреп бара жатқаны өкінішті. Жас тілшілер құдды дәстүрлі сабақтастықтан қол үзіп бара жатқандай. Осы мәселені журналист Раушан Төленқызы ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлимен сұхбат барысында өрбітеді. «Жақсы сөздің бәрі найзағай сияқты. Жарқ ете түседі» делінген сұхбатта жанр ерекшелігі, оның ішінде интервьюдің айрықша екені айтылады.
3 наурыз
ЕҢСЕЛІ ЕЛ ЕКЕНБІЗ
2011 жылдың 30 қаңтары еліміздің спорт тарихындағы айтулы күнге айналды. Дәл осы күні Қазақ елі тағатсыздана күткен VII қысқы Азия ойындары елордадағы «Астана Арена» стадионында салтанатты түрде ашылды. 30 мың көрермен еркін сыятын заманауи кешенге жиылған дүйім жұрт нағыз шоудың куәсі болды. Дәл осы оқиғадан газет бетіне журналист Ғалым Қожабековтің сол кездегі Туризм және спорт министрінің кеңесшісі, Олимпиада ойындарының, әлем және Еуропа чемпионы Жақсылық Үшкемпіровпен сұхбаты жарияланды. «Еңселі ел екенбіз» деген сұхбатта Азиада алауын жаққандардың бірі Жақсылық Үшкемпіров елімізде спортқа қатысты мұндай оқиға бұрын болмағанын атады. «Ғажап қой, ғажап! Ашылу салтанатында Қазақ елінің бүкіл тарихи шежіресі көз алдымыздан өтті ғой. Сан түрлі қойылымдар арқылы сонау Күлтегіннің дәуірінен бергінің бәрі көрсетілді. Түсінген адамға бұл дегеніңіз нағыз ұлттық тәрбие, ұлттық мақтаныш, керек десеңіз, айбын, абырой!» дейді әлем чемпионы. VІІ қысқы Азия ойындарының қорытындысында Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола – барлығы 70 медальді жеңіп алды.
3 ақпан
ҚЫРАНДАРЫМЫЗ ҚИЯҒА ҚОНДЫ
VII қысқы Азия ойындары – Қазақстан спортын жаңа белеске көтерген оқиғаның бірі. Ел құрамасының алғаш рет құрлықтың бас бәйгесінде топ жарғаны туралы хабарды журналист Ғалым Қожабеков жазған. Азия ойындарында 9 Азия рекорды жаңарып, жаңадан салынған бірнеше спорт кешендері көзайым болғаны айтылған. Азиаданың қарсаңында Астанада «Алау» жаңа мұзайдын сарайы, Алматыда шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы жарысын өткізу үшін шаңғы-биатлон стадионы салынды. Қазақстан қысқы Азиадада 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдықпен бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды – Жапония, үшінші орынды – Оңтүстік Корея, төртінші орынды Қытай иеленді.
8 ақпан
АСТАНА ҚҰШАҒЫН АШТЫ
2011 жылы мамырдың 25-27-сi аралығында ел астанасында Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы өтті. Әлемнiң 35 елiнен 365 делегат қатысқан құрылтай жөніндегі хабар басылымда жарияланған. «Атамекен» атты арнайы қосымшада айтулы оқиғаға қатысты ақпарат беріліп отырды. Құрылтай барысында шет мемлекеттерден келген қазақтар мұң-мұқтажын биiк мiнберден айта алды. Шетелдегi қандастарымыз жазу бiрлiгiнiң жоғын, өзара рухани байланыстың аздығын, шетелдерде қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептердiң жоғын сөз еттi.
26 мамыр
ЖАН АУЫРТАР ЖАРНАМАЛАР
Астананың қай көшесімен жүрсеңіз де, елорданың дизайн-кодына сәйкес келмейтін және заңсыз ілінген жарнамалардан бұрын көз сүрінетін. Әсем шаһардың көркін бұзатын және көшелерде ілуге рұқсат етілмеген, стандартқа қайшы осындай жарнамалардың бірқатарын мысалымен қоса журналист Гүлмира Аймағанбет «Жан ауыртар жарнамалар» атты мақаласына арқау еткен. Елордада елдік құндылықтарды құнттамай, қазақ тілін қылжаққа айналдырған «жарымжан» жарнама иелері өз кәсіптерін ұялмастан жалғастырып келетін. ҚР «Тіл туралы» заңын және «Жарнама туралы», «Зат жапсырмалары туралы» заңнамаларды белден басып қана қоймай, айтылған сын-ескертпеңе пысқырып та қарамайтын «көрмес қожайындар» болатын еді. «Республика мен Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында үлкен көк түсті баннер алыстан көрінеді. Бір әттеген-айы, мәтіні «Қазақстан тәуелсіздігіне жыл» делінген. Қанша жыл екенін өзің білесің. Бір байқағанымыз, қалада қалай болса солай қойылған атаулар да көбейіп кеткен. «Жұмыс уақыты», «дәмхан», «алон» секілді сиқы қашқан жазулар Жеңіс даңғылында да бар» делінген мақалада.
22 қазан
ОҚУШЫЛАР ОРДАСЫ
Елорданың Б.Момышұлы даңғылындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы балаларға өз есігін айқара ашқаны жайындағы хабар басылымда жарық көрген. Қуанышты хабар жеткізген журналист Гүлжан Рахман бұл ғимаратта 60-тан астам үйірме жұмыс істейтінін жазған. Қазірде төрт қабатты Оқушылар сарайында 100-ден аса үйірме мен секция бар. Қосымша білім берумен 15 мыңнан аса баланы қамтып отыр. Робототехника, 3D-модельдеу, шет тілдерін үйрену, актерлік шеберлік, шешендік өнер және әртүрлі спорт түрлерінен үйірмелер бар. Сондай-ақ зертханалар, оқу кабинеттері, планетарий, обсерватория, балалар театры, жеңіл атлетика, баскетбол залдары, күрес және тенниспен айналысуға арналған залдармен де сарай толыққан.
10 желтоқсан
ИМАНБАЕВ ПА, ИМАНБАЕВА МА?
«Көрмейін десем, көзім бар» атты айдарда журналист Гүлмира Аймағанбет елордадағы көше атауларынан кеткен қателіктер туралы жазған. Мақалада қазақтың ақын қызы Шолпан Иманбаеваға берілген көше атауын өзіміздің қазақтар жиі шатастырады, Иманбаева орысшасы шығар деп, қазақша Иманбаев көшесі деп айтып жүр делінген. Сол көшенің бойында орын тепкен ірілі-ұсақты кейбір мекемелер ресми түрде мекенжайында көшенің атауын Ш.Иманбаев көшесі деп көрсетіп, ақын қыздың тегін өзгертіп айтуды әдетке айналдырған кездер де болған. Әйтсе де «Следующая остановка Молдагулова», «Иманова дайындалыңыз», «Кющи Динаға барады ма?» не «Келесі Бараевадан түсесіз» дегенді жолаушылардан естіп қалып жатамыз.
21 қаңтар
АҚСАҚАЛ – ХАЛЫҚТЫҢ АР-ҰЯТЫ
Кейбіреулер жасы егде тартса да арақ-шарап ішіп, түрлі ұятты қылықтарға барып, кейінгілерге теріс үлгі көрсетіп жатады. Енді бір ағалардың тірлігі қара басынан артылмайды. Осы турасында академик Төрегелді Шарманов журналист Раушан Төленқызымен сұхбат барысында өрбітеді. Қазіргі қоғамда ақсақал деген атқа кімдер лайық екені, алдыңғы аға буынның кейінгі ұрпаққа жөнді жол көрсетуі – даулы сұрақ. Осы мәселе жайында академик былай дейді: «Жасы үлкеннің кемдігі – ақсақалдық, үлкендік көрсете білмеуде. Бүгінгінің қарты жасы келгендікті қалай түсініп жүр? Меніңше, көпшілігі кеңшілік пен көрегендікті тани алмай, жаспен жағаласып, жас болуға тайталасқанды жөн деп ұғады. Орныңды білмесең, ондай әрекетпен жас болмайсың.
20 наурыз
ЕҢСЕЛІ МЕШІТ ЕСІГІН АШТЫ
Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті көптеген іргелі іс-шараға мұрындық болып, көпшіліктің ықыласына бөленіп келе жатқаны мәлім. Аталмыш мешіт 6 маусым күні ресми түрде ашылды. Жалпы сыйымдылығы – 12 мың адам. Жоба авторлары – Қазақстанның құрметті сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сағындық Жанболатов, Есенғали Ахметов. Мешітте қазақтың бай ою-өрнегі көптеп кездеседі. «Әзірет Сұлтан» мешітінің құрылысы 2009 жылы маусым айында басталған. Құрылыс аумағы 18 мың шаршы метрді құрайды. Ғибадат үйі үш қабаттан тұрады.
10 маусым
АЛЬБИОНДАҒЫ АЛАМАН
2012 жылы Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан үшін алдыңғы ойындарға қарағанда ең сәтті болды. Лондонда Қазақстан 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-орынға жайғасты. Тұманды Альбиондағы аламанның соңғы күнінде спортшыларымыздың өнерін «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығында жүздеген адам бір экраннан тамашалағаны туралы хабарды журналист Олжас Сүлейменов жазған. Лондон Олимпиадасында боксшы Серік Сәпиев, велоспортшы Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова алтын медаль иеленді. Бұл сында күміс жүлдеге боксшы Әділбек Ниязымбетов қана қол жеткізе алды. Қола медальді Ақжүрек Таңатаров (еркін күрес), Гузель Манюрова (еркін күрес), Даниял Гаджиев (грек-рим күресі), Марина Вольнова (бокс), Иван Дычко (бокс) иемденді. Допинг дауы Қазақстан құрамасының Лондон Олимпиадасындағы нәтижесіне де салқынын тигізді. Кейін Халықаралық Олимпиада комитеті бірқатар спортшының нәтижелерін жойып, ел құрамасы Лондондағы 4 алтынынан 4 жылдан кейін айырылып қалды.
14 тамыз
ҚОРҒАЛЖЫН ҚОРЫҒЫ – ЮНЕСКО ТІЗІМІНДЕ
Қорғалжын қорығы – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміндегі нысан. Ол 2008 жылы бірегей табиғи ескерткіш ретінде тізімге енгізілді. Қорық 1968 жылы осы аймақтың бай флорасы мен фаунасын сақтау мақсатында құрылды. Қорық ЮНЕСКО мойындаған Қазақстандағы алғашқы биосфералық резерват деп танылды. Бұл туралы газет бетіне журналист Раушан Төленқызы жазып, қыркүйектің 13-14 күндері Астанада өткен ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялары мен комитеттерінің III кеңесі барысында мәлімделгенін мақаласына арқау кеткен. Бас қаладан 130 шақырым жерде, оңтүстік-батыс тұста орналасқан қорықты қоқиқаз, бірқазан және өзге де сирек те бағалы құстар мекен етіп келеді.
15 қыркүйек