Бас қала қалай көркейеді?

Бас қаланың келбетін жақсарту, тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы да тартымды ету, әсіресе халық демалатын орындарды абаттандыру жұмыстары жалғаса береді. Қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртып, көбейту, саябақтарды көркейту, елорданы жасыл желекке орау бойынша биыл және алдағы жылдары атқарылатын жұмыстар ауқымы айқын. Бұл жөнінде Астана қаласы мәслихатының құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында жауапты мекемелердің басшылары мен аудандардың әкімдері баяндады.
Қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұловтың мәлімдеуінше, биыл қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Соның алғашқысы – «Мыңжылдық» аллеясының құрылысы (I кезең). Тиісті жұмыс Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының артындағы скверде жүргізіледі. Сондай-ақ «Нұрлы жол» теміржол вокзалына қарама-қарсы, Ж.Нәжімеденов пен А.Байтұрсынұлы көшелерінің ортасында «Привокзальный» саябағы салынады. І.Омаров көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі аралықта және Әнет баба көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аймақта Greenline бульварының (II кезең) құрылысы жоспарланған.
Биыл Кіші Талдыкөл аумағында экосаябақтың құрылысы басталады. Сонымен қатар осы жылы «Триатлон» саябағы, «Бейбітшілік және келісім» саябағы (ІІ кезең) жаңғыртылады. Тәуелсіздік даңғылынан бастап «Нұрлы жол» вокзалына дейінгі аумақта Ш.Қалдаяқов көшесі көгалдандырылады. Ал Қабанбай батыр даңғылында веложол салынады. Сарыбұлақ өзенінің арнасы Н.Тілендиев даңғылынан бастап жаңғыртылады.
Қаланы көгалдандыру жұмыстарына тоқталған Дәулет Досқұлов өткен жылы 47 мың жасыл желек отырғызылғанын жеткізді. Оның айтуынша, қала аумағында жалпы 4,7 млн жасыл желек, ал «Жасыл белдеуде» 14 млн жасыл желек өсіп жатыр.
Қаланың Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкеннің мәліметінше, биыл елордада 173 қоғамдық кеңістік пен аулалық аумақты абаттандыру жоспарланған. Президенттік саябақты абаттандыру жұмысы жалғасып, Ұлы дала даңғылы абаттандырылады.
«Осы жылы Астананың дизайн-кодын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл құжатта қаланы абаттандыру мен көгалдандыру бойынша ережелер қамтылады. Сонымен қатар Astana Type атауымен қалалық шрифтті енгіземіз. Әлемнің Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Сеул сияқты үлкен қалаларында өзінің шрифті бар. Біз Халықаралық бюромен елорданың шрифтін әзірлеу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Шрифтті бізге осы бюро жасап береді. Оны навигацияда, басқа да кейбір қызметтерді, жалпы бүкіл қалада қолданамыз» деді Елнар Базыкен.
Оның айтуынша, бұл шрифт Астананың танымалдығын арттырып, уақыт өте келе Астананы ғана емес, Қазақстанды әлемге танымал етеді.
Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманбердінің баяндауынша, негізгі жұмыс аулаларды абаттандыруға бағытталған. Аталмыш ауданда жалпы 252 аула болса, биыл соның 70-інде жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 20-сы толығымен жөнделеді. Ал қоғамдық кеңістіктерге келсек, былтыр пайдалануға берілген А.Пушкин-Кенесары көшелерінің қиылысындағы «Студенттер үйінің» аумағы осы жылы абаттандырылады. Сонымен қатар Кенесары көшесінің А.Пушкин көшесінен А.Янушкевич көшесіне дейінгі аумақ көркейеді. Ә.Сембинов-А.Иманов көшелеріндегі №119 жайлы мектебіндегі аумақта автотұрақ салынып, жасыл желек отырғызылады. Ж.Тархан мен А.Жұбанов көшелерінде қоғамдық кеңістік салынды. Сол көшелердің қалған бөлігінде гараждар орналасқан. Биыл оларды сатып алу жұмысы жүргізіліп, орны абаттандырылады. «Тұлпар» сауда үйінің алдындағы гүлзардың қалған бөлігі де осы жылы демеушілердің қаржыландыруымен көркейеді.
Елорданың Нұра ауданында осы жылы 7 қоғамдық кеңістік абаттандырылып, көгалдандырылады. Оның жалпы аумағы 9 гектарды құрайды. Екі қоғамдық кеңістік қана бюджет есебінен абаттандырылады, қалғандары инвесторлар қаржысымен іске асырылады. Мұны аталмыш аудан әкімі Ришат Тұрдыбеков жеткізді. Тиісті жұмыстар «Копенгаген», «Мадрид», «Алтын шар» тұрғын үй кешендері, Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдарының қиылысында, «Ғарыш сапары» аумағында жүргізіледі. Сондай-ақ «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы аясында кешенді істер қолға алынады. Астаналық цирк аумағы мен «Памир» тұрғын үй кешеніндегі аумақ та абаттандыру жоспарына енгізілді.
Сарайшық ауданында да биыл 7 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Бұл жұмыстар аудан бюджеті есебінен жүргізіледі. Жалпы ауданда 14 жоба іске асырылады. Қалған 7-уін қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы іске асырады. Соның ішінде аудан Р.Қошқарбаев даңғылындағы Қ.Аманжолов пен Қордай көшелері ортасындағы жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын аумақты абаттандырады. Сондай-ақ М.Жұмабаев даңғылының, К.Әзірбаев көшесінің шамамен алғанда 1 шақырымдай бөлігі, Қ.Ахмедияров көшесіндегі жаңадан салынған мектептің аумағы, Ф.Кәрібжанов, А359 және Т.Жүргенов көшелері көркейеді. Бұл жоспарлармен аталмыш аудан әкімі Мақсат Саматұлы таныстырды.
Алдағы жылдары «Жаңа келбет» бағдарламасы аясында қаланың тарихи бөлігін жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді. Бағдарлама шеңберінде көшелерді абаттандыру, қоғамдық және демалыс орындарын дамыту, сондай-ақ жасыл желекті кеңейту жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте тек орталық аудандар ғана емес, тұрғын, өндіріс және сауда аймақтары, әсіресе оң жағалаудағы аудандар да көрікті болуы тиіс екенін атап өтті. Осыны қалалық мәслихаттың төрағасы Табиғат Зейнұлқабден еске салды.
Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шәукентаевтың айтуынша, биыл 50-ден астам ауланы абаттандыру жоспарланған.
«Биыл тұрғын алаптарға мән беру біз үшін үлкен іс болып тұр. Агроқалашықта тұрғындардың өтінішімен «Рауан-15» қоймасы аумағында қоғамдық кеңістік салуды жоспарладық. Көкталда Ақыт Үлімжіұлы атты әжептәуір ұзын көше бар. Сонда да қоғамдық кеңістік салынады» деді аудан әкімі.
Оның баяндауынша, Агроқалашықтағы Шыңтас тұйық көшесінің бір бөлігі,
К.Байсейітова көшесі көркейеді. Кенесары көшесіндегі 5 үйдің қасбеті жаңартылып жатыр. Сол көшеге қазақы нақыш беру жоспарланған. Ескі теміржол вокзалы аумағын көркейту жұмысы да жалғасады.
Алматы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мақсат Тасболат 3 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланғанын жеткізді. Бұл жұмыстар Б.Момышұлы даңғылында Тәуелсіздік даңғылы мен М.Жұмабаев даңғылы арасында шамамен алғанда 3,2 шақырым аумақта, Ш.Құдайбердіұлы даңғылында Ақбұлақ өзенінен Ғ.Мұстафин көшесіне дейін және Шарль де Голль көшесінде Қ.Жалаири мен Тәуелсіздік даңғылы аумағында жүргізіледі.
Есіл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мадияр Нөгербеков биыл 4 қоғамдық кеңістік абаттандырылатынын айтты. Тиісті жұмыстар Ұлы дала мен Қабанбай батыр даңғылдарында, Орынбор және Сауран көшелерінде жүргізіледі.
Қалалық мәслихат депутаттары баяндамашыларға сауалдар қойып, ұсыныстарын жеткізді. Жалпы алғанда, қаланы көркейту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



