Бас алмай оқитыныңызға бәс тігеміз!

Қолымызға тиген журналист Серікқали Мұқашевтың «Жасынды жылдар» атты кітабына «бәрекелді» дестік. Оқырманмен әлдеқашан қауышатын дүние екен. «Игілікті істің ерте-кеші жоқ». Задында бәзбіреулер әңгімені шебер әңгімелейді де, ал сол айтқанын қағаз бетіне түсіргенде қызықсыз болып шығатыны бар. Ал енді бірінің жазған дүниесін ырзашылықпен оқисың да, сөйлегенде «аузынан сөз алу» мүмкін емес. Ал Серікқалиды әуелі тыңдап көріңіз, сосын жазғанына зер салыңыз. Бірімен-бірі жарысып, бәйге аттарындай жер тарпып тұрғаны байқалады. Жазғандарына кез келген оқырман еріксіз жымия отырып, рақаттана күліп, ерекше қуат алатыны, жаны бір жадырап қалатыны сөзсіз.
Әуелі тақырыбына көз тастайсыз, сосын әрі қарай магнитше тартып ала жөнеледі журналистің әрбір мақаласы. «Беташардың бес сомы», «Жапонмен де «құда» болғанбыз…», «Қыздар сұлу көрінер қараңғыда…», «Прокатқа алған машақат», «Таксиге мінген қойлар», «Ойбай, глушитель қайда?!» – физикалық тартылыс күші аса жоғары тақырыптар галереясы дерлік. Осындай тақырыптар көзіне түскен кісінің мақаланы оқымай қоймайтынына бәс тіге аламыз. Журналистің өзін-өзі ширықтырып шыңдаған шеберлігінің, үнемі ерекше форма іздеген ізденісінің жемісі – бұл.
Жоғарыдағы әзіл әңгімеге бергісіз жарияланымдар қазақ қоғамының өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы мен тоқсаныншы жылдарының басындағы бейнесін, көрінісін есіңе түсіреді. Сол тұста нарықтың қыспағын көрген, өтпелі кезеңнің таршылығын бастан кешкен жандардың хикаясы кешегінің қызыққа толы есті естелігі іспетті. Тар заманның тағылымын журналист Серікқали Мұқашев әдемі юмормен қиюластыра отырып, оқушысына тартымды стильмен жеткізе біледі. Кітапты оқыған әрбір кісінің ширек ғасырға кері шегініп, өткен кезең қиындығының өзін қимастықпен еске алатыны анық. Қимастық – журналист қаламының құдіретімен астасқан көңіл күй атмосферасы. Қиындықтың өзінен оқырман көңіліне шуақ сыйлай білу қаламгер қабілетінің күштілігі емес пе!
Өткен ғасырдың 90-жылдары демекші, сол тұста студент болған жастардың өмірі қиындығы мен қызыққа толы ерекше бір әлем дерсіз. Журналист С.Мұқашевтың курстастар туралы эсселерінен «Құдай-ау, қайда сол жылдар, махаббат қызық мол жылдар» деп ұлы Абай айтқандай, жастықтың тамаша да қызықты сәттерін айна-қатесіз танисыз. «Супер «сары шал», «Бұл – Советский Бақытжан», «Қалыбы мықты Қалқаевты» оқыған соң, кім-кімді де «құдай-ау, қайда сол жылдарға» деген сағыныш сезімі тербейді.
Серікқали Мұқашевтың қаламына іліккен кейіпкерлерінің «болашағы» бар. Бұрын-соңды былайғы жұртқа беймәлім болып келген кейіпкерлер журналистің «презентациясынан» кейін ел еңбегін ерекше бағалайтын тұлғаға айналып шыға келеді.
«Егемен Қазақстан» газетінде (1994 жылы, 11 қаңтар) С.Мұқашевтың «Келесі кезекте – қазақ ғарышкері» деп газет оқырмандарынан «сүйінші» сұраған мақаласы жарияланды. Ленинск қаласынан жазған мақалада ғарышкер Талғат Мұсабаевтың есімі аталып, қазақ ғарышкерінің әзірлігі жөнінде баяндалады. Журналистің төрт күннен кейін шыққан «Байқоңырдың бағы таюға тиіс емес» деген мақаласында ол ғарыш айлағының проблемасы туралы көкейтесті мәселені қозғай отырып, болашақ ғарышкер Талғат Мұсабаевтың пікірімен оқырманды таныстырады. Ел өмірінде өзіндік орны бар тұлғаларды тап басып, оларды халыққа таныстыру журналист С.Мұқашевтың тағы бір қаламгерлік олжасы дер едік.
Біз, әдетте, журналистерді жығылғанға сүйеу болатын, әділетсіздікке араша түсетін санаулы да бірегей мамандықтың иесі ретінде бағалаймыз. С.Мұқашевтың жазғандарынан осы бағаға анық көзіміз жетеді. Қиыр Шығыстағы қазақ солдатының тағдырына араша түсіп, арнайы іссапармен барып туған жеріне алып қайтуы журналистің парызы ғана емес, батылдығы да. «Қорған боламын деп қорланып қайтқан жігіттер» атты проблемалық мақаласы – осының айқын дәлелі. Сондай-ақ журналистің «Қойды қасқырға бақтырмас болар», «Ителгі-ау, кімге жем болдың?» атты мақалалары да заңсыздық туралы жазылған өткір жарияланымдардың санатында кезінде қалың оқырман тарапынан үлкен бағасын алды. С.Мұқашевтың кітабы оқырмандардың ықыласына бөленіп, жоғары бағасын алатыны анық. Оған журналистің қаламынан туған қызықты да өзекті жарияланымдары әбден лайықты. Қысқасы, аталған кітапты сіздің бас алмай оқитыныңызға бәс тігеміз!
Ғабит МҮСІРЕП,
Қазақстан Республикасы
Президентінің
БАҚ саласындағы
сыйлығының лауреаты



