Руханият

Бард болмысын аша алды ма?

Биыл – қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл. Небәрі 45 жас жасаған өрелі өнер иесінің шығармашылығын екі сөзбен ғана сипаттайтын болсақ – лирика мен рух. Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында премьерасы өткен, бард болмысын арқау еткен «Сәйгүлік» музыкалық драмасын тамашалап, соны көрдік.

Табылдының өмірбаяны – өлеңдерінде. Спектакльге енген лирикалық туындыларын тыңдап, жүрек тербелсе, намысқа суғарылған «Қазақ едім дегенімше», «Биіктік» секілді әндері рухты көтеріп тастады. Мәмбетов театры көрермендерді өнер ордасының табалдырығынан Табылды әлеміне сүңгітіп, өлеңдерін орналастырды.

Спектакль ә дегеннен әсерлі басталып, актерлер Табылдының әндерінен попурри айтты. Жалпы қойылымға енген туындылар бірнеше бағытта, атап айтқанда, рок, тіпті опера жанрларында ұсынылып, спектакль жаңашылдығымен тартымды бола түсті. Қазақтың жыршылық өнері де қамтылып, көңілден шықты.

Әрине, көркем туынды болған соң, спектакльге ойдан шығарылған көріністер де кірікті. Мұны драма басталмай тұрып қоюшы режиссері Әли Бидахмет ескертті. Бұл сценалар спектакльді күшейтпесе, әлсіреткен жоқ.

Ал қойылымнан қыз намысын қорғау дегенде өре түрегелетін, достыққа адал, намысшыл, қаншалықты талантты болса, соншалықты қарапайым қалпынан айнымаған Табылдыны көрдік. Табылды Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Алайда оны әр жерде айта бермейтін. Спектакльдегі оның Желтоқсан күндері өте әсерлі берілді. Қойылымда Табылдының махаббаты туралы да айтылып, әдемі әзілдерге де орын табылды.

«Ереулі атқа ерін салған егесте,

Махамбеттің өзі бір тау емес пе?!» деп жырлаған еді Табылды. Драмаға Махамбеттің өлеңінің енгізілгені де дұрыс болды. Бас кейіпкерді сомдаған актер Ақжол Амантайдың еңбегін ерекше атап өту керек. Бард бейнесін ол тамаша алып шықты. Тіпті даусына дейін айнытпай салып алыпты. Драма авторы Қазыбек Аманжолдың да біраз ізденгені байқалады. Спектакль ­премьерасына арнайы қатысқан «Табылды Досымов» атындағы қоғамдық қордың басшысы Бижан Қалмағанбетов, Табылдының курстасы, белгілі ақын Әбубәкір Смайылов, бардтың ұлы Абыл ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын айтты. Қойылым Табылдының жақындарын тебірентіп, толқытты. Көрермендерді де бейжай қалдырмады.

«Алматы баста мен үшін

Әубәкір, Боря, Арман-ды,

Серікбек, Құлтеш, Жұмабай,

Қалдар боп сосын жалғанды» деп жырлаған Табылды туралы спектакльде оның студенттік күндері, одан кейін әскердегі кезеңі, ҚазМУ-ға қайтып оралуы қамтылды. Өлеңдегі Әубәкір – жоғарыда аты аталған Әбубәкір, ал Боря мен Арман сахнадағы кейіпкерлердің арасынан көрінді.

Табылды өз өлеңдерімен қатар Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Сағат Әбдуғалиев, Шәкизада Әбдікә­рімов, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Светқали Нұржан, Жанат Әскербекқызы секілді әйдік ақындардың жырларына ән жазды. Драмаға атау берген «Сәйгүлік» әнінің сөзі Светқалидың қаламынан туды. Ал досы Әбубәкірмен бірлестіктен жалғыз ғана «Анашым» әні туды. Бұл туынды, негізінен, жұртшылыққа жете қоймады. Спектакльге енгізіліп, тұсауы кесілгендей болды.

Табылды бір туындысында

«Бір кездегі Табылдың әні екен деп,

Соңымнан зарлап жүрсін қалың Адай…» десе, ол өмірден өткенде қалың қазақ қайғырды. Содан бері де арада 15 жыл өтті. Табылдың тағы бір досы, журналист, суретші Ерсайын Жапақтың «Аяштың ұлы, Алаштың ұлы Табылды» атты мақаласы бар. Табылды шын мәнінде Алаштың ұлына айналды.

Астана биылғы мерейтойын елей ме екен деп ойлап жүр едік, Әзірбайжан Мәмбетов театры бейнесін жаңғыртып, азаматтық жасады. Шығармашылық топ Табылды туған Атырау өлкесіне арнайы барып, оның жақындарымен сөйлесті, тиісті мәліметтерді жинады. Зиратына барып, рухына тағзым етті. «Сәйгүлік» – белгілі бард туралы екінші спектакль. Осы жылдың басында Атыраудағы Махамбет атындағы академия­лық қазақ драма театры «Қыр баласы» драмасын сахналады. Жазушы-драматург Әлішер Рахат жазған, театр режиссері Шағуан Үмбетқалиев қойған қойылымды Мәмбетов театрының ұжымы да тамашалады. Бижан Қалмағамбетов «Сәйгүлік» спектаклімен аймақтарға гастрольмен баруды ұсынды. Театр ұжымына Табылдының «Із тастап аққан бір жұлдыз» кітабын сыйлады. Шығармашылық топқа алғыс хаттар мен «Табылды Досымов» медалін тапсырды.

Оның айтуынша, алда Атырауда Табылды әндерінің фестивалі өтеді. Елордада бұрын бард әндері фестивалі өтіп тұрушы еді. Бірақ бұл іс-шара, негізінен, орыс тілінде ұйымдастырылатын. Басқа жерде емес, бас қалада Табылды Досымов атындағы фестиваль өткізу керек. Себебі Табылды – Атыраудың азаматы ғана емес, бар қазаққа ортақ тұлға. Биыл сол фестиваль қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді.

«Сәйгүлік» спектаклімен Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының жетінші маусымы жабылды. Биылғы маусымда аталмыш театр сахнасында жеті премьера қойылды. Атап айтқанда, «Танакөз», «Асан мен Үсен», «Күшік күйеу», «Мұқағали XXI», «Ар адамы. Бауыржан», «Армандар орындалады», «Сәйгүлік». Жалпы бүгінде театрдың репертуарында 30-ға жуық спектакль бар. Классика мен заманауи драманы, балалар ертегісі мен әлеуметтік тақырыпты тоғыстырған өнер ұжымы қазір жақсы ізденіс жолына түсті. Келесі маусымда театр репертуары жаңа бағыттарға бет алып, шетелдік режиссерлермен бірлескен жобалар жүзеге асырылмақ. Қазірдің өзінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button