БАҚ турнирінде бағы шапқандар

«Elorda Aqparat» медиасеріктестігінің 25 қазан – Республика күніне арналған дәстүрлі бильярд турнирі биыл «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойы аясында өтті. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған додаға елордадағы қаламгерлер, журналистер, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфухар Сұлтанұлы сөз сөйлеп, егемендіктің бастауы саналатын Республика күні мерекесінің тарихи мәні мен маңызына тоқталып, тастаяқ додасына жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады.

«Бүгінгі жетістігіміздің бәрі – бейбіт заманның, тоқшылық дәуірдің, егемен ел болғанымыздың арқасы. Бас қаламыздың тарихын ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның әрбір тарихи күнінің куәгері – қос басылымның мерейтойы құтты болсын!» деді ол.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы қатысушыларды мерекемен және қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек пен «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдырға шапан жауып, академик Қаныш Сәтбаевтың 5 томдық еңбегін сыйға тартып, үлкен құрмет көрсетті.
Жарыстың ашылу салтанатында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, жазушы Төлен Әбдік пен Қойшығара Салғараұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға батасын беріп, сәттілік тіледі және ойынның алғашқы шарын соғып, жарыстың ресми шымылдығын ашып берді.
Ойын өте қызу өтті. Бір-біріне есесін жібергісі келмеген тастаяқ шеберлерінің бірі сақаны көздесе, енді бірі шарды дәл ұпай ұясына бағыттап, шеберліктерін танытқан тартысты ойын өрбіді.

Додаға қатысқан әр буын өкілдері өзара қауқылдасып, әзіл-қалжыңмен жарысып, көңіл көтерді. Сондай-ақ қаламгерлер ел ішіндегі тыныштық пен тәуелсіздіктің қадірін ерекше атап өтті.
Күн сәскеден ауғанда жарыс өтіп жатқан «Aramit Billiard» орталығында қатысушыларға түскі ас берілді. Дастарқан үстінде «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек көрнекті жазушы Төлен Әбдікке Міржақып Дулатов атындағы сыйлықты, ал Қойшығара Салғараұлына Ілияс Есенберлин атындағы сыйлықты табыстады. Әрі қарай «Астана ақшамы» газетінің бұрынғы редакторларына және келген қонақтарға сөз беріліп, жылы естеліктер мен ізгі тілектер айтылды. Дастарқан батасын белгілі ғалым, тарихшы Тұрсын Жұртбай қайтарып, түстен кейін қатысушылар қайтадан ойын алаңына шықты. Сөйтіп, үшінші орынды Талғат Ешенұлы мен Сәдібек Түгелұлы, екінші орынды Қайрат Сақ, ал бірінші орынды Наурызбек Сарша жеңіп алды. Бұдан бөлек, «Алғашқы соққы», «Мәдениетті ойыншы», «Мерген ойыншы», «Шебер ойыншы» секілді арнайы номинациялар табысталды.
Шапағат ӘБДІР



