Балиде Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов пен әйгілі Бали кәсіпкері Путу Винастра Бали провинциясының астанасы Денпасар қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығын салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ресми салтанатқа Қазақстан азаматтары, Индонезияның мемлекеттік органдары, іскер топтары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Мемлекеттік әнұрандар орындалып, екі елдің тулары көтерілгеннен кейін Елші Қазақстанның қазіргі уақыттағы дамуы туралы хабарлап, Астана мен Джакартаның екі достас халықтың мүддесі үшін өзара тиімді инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген елеулі ниетінің жарқын көрінісі болып табылатын ҚР Құрметті консулдығын ашудың маңыздылығын атап өтті.
Бали провинциясы Туристік кеңсесінің басшысы И Вайян Сумараджая екіжақты сауда-экономикалық байланыстар мен өзара туристік алмасудың өсу қарқынын ескере отырып, Қазақстан Үкіметінің бұл сыртқы саяси бастамасын жоғары бағалады.
ҚР Құрметті консулы болып тағайындалған Путу Винастра Қазақстан Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігіне жоғары сенім көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қоса алғанда, әртүрлі салалардағы екіжақты байланыстарды дамытуға барынша ықпал етуге дайын екендігіне сендірді.
Іс-шара аясында қатысушыларға Қазақстанның қазіргі дамуы, тарихы, мәдениеті және еліміздің бай туристік әлеуеті туралы ақпараттық және музыкалық бейнероликтер көрсетілді.