Қоғам

Балеттен тыс та биші бар…

Мемлекеттің мәдени саясаты ұлттық өнерді сақтауға ғана емес, оны дамытқан, кәсіби деңгейде дәріптеп жүр­ген өнер иелерінің әлеуметтік қорғалуын қам­тамасыз етуге де бағытталуы тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, кәсіби би өнері саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, ұлттық мәдениет­тің дамуына елеулі үлес қосқан мамандардың әлеуметтік мәртебесі мен еңбек ерекшеліктерін ескеру – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі деп санаймыз.

2019 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес, кемінде жиырма жыл кәсіптік еңбек өтілі бар және балет артисі ретінде кәсіби қызметін тоқтатқан мәдениет ұйымдарының балет артистеріне ай сайынғы арнайы мемлекеттік әлеуметтік ақшалай төлем тағайындалады. Аталған заңнамада «балет артисі» ұғымы нақты айқындалып, штаттық кестеде «Балет артисі» лауазымын атқаратын және тиісті хореографиялық білімі бар, кәсіби ұжымдарда, опера және балет театрларында, музыкалық және музыкалық-драмалық театрлар мен концерттік ұйымдарда қыз­мет ететін мамандар ғана осы санатқа енгізілген.

Алайда іс жүзінде елімізде ұлттық және кәсіби би өнерін дамытып жүрген би ансамбльдері, филармониялар жанындағы кәсіби би ұжымдары, ұлттық музыкалық және музыкалық-­драмалық театрлар мен концерттік ұйымдарда қызмет ететін бишілердің дипломындағы біліктілік атаулары әртүрлі болып келеді. Атап айтқанда, олар «би артисі», «халық би ансамблінің артисі», «би ансамблінің артисі», «би труппасының бишісі», «хореография», «ұстаз-хореограф» және өзге де ұқсас атаулармен берілген. Осыған байланысты, аталған мамандар лауазым атауы мен дипломдағы біліктіліктің «Балет артисі» деген нақты атауға сәйкес келмеуіне байланысты ай сайынғы арнайы мемлекеттік әлеуметтік төлем алу құқығынан тыс қалып отыр. Нәтижесінде, қолданыстағы заңнамаға сәйкес «балет артисі» санатына кірмейтін бишілер әйелдер үшін 61 жасқа, ерлер үшін 63 жасқа дейін сахнада қызмет етуге мәжбүр. Ал би өнері – жоғары физикалық жүктемені, кәсіби дайындықты және эстетикалық талаптарды қажет ететін сала екенін ескерсек, мұндай жағдай бишілер үшін физикалық әрі кәсіби тұрғыдан шынайы емес екені анық.

Сонымен қатар, 2006 жылға дейін би өнерімен байланысты кәсіби қызмет атқарған барлық санаттағы мамандардың зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі болғанын да атап өткен жөн. Бұл норма кейінгі заңнамалық өзгерістер нәтижесінде шектеліп, әлеуметтік теңсіздікке алып келді. Осыған орай, кәсіби би өнері саласында еңбек ететін мамандардың еңбек ерекшеліктерін ескере отырып, олардың әлеуметтік қорғалуын күшейту мақсатында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр деп санаймын.

Дәулет Мұқаев,

Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button