Мәдениет

Балет кеші

Ел астанасында Қазақ ұлттық хореография академиясының есеп беру концерті өтті. «Astana Ballet» театрының сахнасында ұйымдастырылған кеште академияның білім алушылары мен бітіруші түлектері өз өнерін ортаға салды.

Дүниежүзілік тәжірибе үлгісін ұстана отырып, шәкірттерге хореография саласында кәсіби білім беруді мақсат еткен академия кеш барысында нағыз би шеберлерін шыңдап келе жатқанын айқын көрсетті. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін концертте үздіктердің үздігі ғана іріктеліп, бірегей бағдарламамен көпшілікті ерекше таңғалдырды.

– Білім алушыларымыз жыл сайын өздерінің өнерін көрсетуді игі дәстүрге айналдырып келеді. Биылғы концерт екі күн қатарынан қойылып, оның әр күнінде қойылған хореографияны бірнеше құрам қатар орындады. Осылайша, біз әр білім алушыға бірдей мүмкіндік беруді көздейміз. Бір ерекшелігі, білікті ұстаздарымыздың жетекшілігімен қойылған өнер туындылары өткен жылдары қайталанбаған, әр кеште жаңа репертуарларды көрерменге паш етуді қалаймыз. Білім алушыларымыз да сол арқылы киелі сахнада тәжірибе жинап, әрі қарай әр адамның жүрегінен орын алатын нағыз өнер тарландарын тәрбиелейміз деген сенімдемін, – деді өз сөзінде Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова.

Әлемдік классикалық балет дәстүрлерін сақтап, халқымыздың ұлттық-­мәдени мұрасын негізге алған академия өнерсүйер қауым үшін халық музыкасының негізінде қойылған «Ақбаян» биін, А.Аданның «Корсар», «Жизель», П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» үзінділері мен Ф.Яруллиннің «Шурале» балетінен татар биі сынды көркем қойылымдарын көрсетті. Барлық өнер туындысы «Astana Ballet» балет труппасының көркемдік жетекшісі, әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратованың бастамасымен қойылды. Мың бұралған бишілердің шеберлігі, сахнадағы алаулаған жалын мен шынайы сезім көрінісінің арқасында Қазақ ұлттық хореография академиясының қорытынды кеші көрермен қауымның жүрегін баурап, ерекше күйге бөледі.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button