«Балдәуренді бала шақ» кітап көрмесі өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балдәуренді бала шақ» атты балаларға арналған кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның мақсаты – балалар әдебиетін кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және олардың тұлғалық, рухани дамуына ықпал ету болды.
Көрмеде қазақ және әлем әдебиетінің балаларға арналған үздік шығармалары, ертегілер, поэзиялық жинақтар, танымдық баспалар мен суретті басылымдар, жалпы саны 200-ден аса кітап ұсынылды.
Көрме экспозициясы алты мазмұндық бағытты қамтыды.
«Ертегілер елі» бөлімінде халық аузындағы және авторлық ертегілер, «Қиял әлемінде» бөлімінде фантастика және шытырман оқиғалы шығармалар, «Туған жер – тұнған шежіре» бағытында отаншылдық пен туған елді сүюге баулитын әдебиеттер, «Әлем балалар көзімен» бөлімінде шетел авторларының еңбектері, «Таным мен тәрбие» бөлімінде энциклопедиялар, танымдық және табиғат пен ғылым туралы кітаптар, сондай-ақ «2024 жылы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптар» таныстырылды.