Баланы жастан баулыған жөн

Жыл он екі айда кітаптың бетін ашпайтындар көбейген сайын, қоғам надандықтың батпағына батып барады. «Оқыр едік, бірақ…» деп қызыл кеңірдек болып, газетімізді бетімізге лақтыратындарға да етіміз үйренді.
Әрине, сыныққа сылтау іздесеңіз, ұшы-қиыры жоқ. Оқусыз қалғандар өздерін ақтап алумен әлек, кінәлі өздері емес, өзгелер. Айта берсе, қазіргі заманға икемделмеген кітапханашылар жоғары сапалы жұмыс істемейді. Белсенді оқырман базасы жоқ, оған да қоғам кінәлі. Кітап шығару үрдісі өз деңгейінде дамымаған болса, мұғалімдерден бастап ешкім кітап оқымауы керек. Той-томалаққа кеткен ысыраптан халықтың сатып алу қабілетінің шектеулілігі де газет-журнал жаздырып, кітап оқуға кедергі екен.
Кітапты қолға алып, көз жүгірту үшін көп нәрсе керек жоқ. Басынан бастап оқи бер. Ең классикалық үлгісі де, бары да сол. Алайда бала жасынан кітаптың қадірін түсінбесе ата-анасынан бастап, мұғалімдері қолына көркем әдебиет ұстамаса, кітап оқыған баланы қолпаштап айдарынан сипамаса не дейміз? Балаға алаңдайтын себебіміз бар. Кітап оқығанды халқымыз көкірегі ояу, көзі ашық деп сипаттаған.
Кітап оқыған сайын адамның өресі биіктей түседі. Айналасындағы болып жатқан оқиғаларды тұтастай түсінеді, ақ-қарасын анықтап, адамгершілік тұрғысынан бағамдап, дұрыс шешімдерді тез табады. Бұл дегеніміз – өмір сүруге икемдейді деген сөз.
Зейіні ашылып, есте сақтау қабілеті дамып, кез келген нәрсеге шығармашылық көзбен қарай алады. Тілдік қоры артады, сөйлеуді жақсы меңгеріп, шешендігімен елдің алдында беделі артады. Ой-тұжырымына әсері осы жерде. Кітап кеміріп өскендер ойын дәлірек тұжырымдайды, дәл қисынмен жеткізіп, көркем жазады. Кісінің сауаттылығы осыдан көрінеді. Олармен сөйлессең ақылдың бұлағындай ағып тұрады, тіл байлығының арқасында кез келген адаммен тез тіл табысып үйіріп әкетеді. Еркін ойлайтындар, қалыптан тыс нәрсені аңғаратындар – осылардың қатарында. Сыншыл және өз пікірлері мен мінез-құлқында оқшаулық бар, көптің ырқында жүрмейді, тәуелсіз.
Бұл арқылы адамның ойлау дәрежесінің оқу-білім іздену арқылы артып, кемелдікке жеткізетін жолын айтып отырмыз. Адамның білім дәрежесі төмен болса, ішкі дүниесі қарабайыр, мәдениеті де қарадүрсін, көкірек-көзі соқыр келеді. Оларды «өзің білме, білгенді тыңдама» деген қарғыспен шеттеткен. Яғни өресі қаншалықты тар болса, өзгенің білгенін қабылдай алмайды, көзі жетпеген соң жөн көрмейді, өзінің қараулығында қалып қояды. Бұл – қорқынышты нәрсе.
Осылайша, жеке тұлғаның біліктігі мен биіктігі көбінесе оқу мәдениетімен қалыптасады, білімі барлар әлеуметке тез сіңіп, идеологиялық, мәдени, психологиялық, философиялық тұрғысынан біркелкі деңгейде болғандықтан, қоғам біркелкі дамиды. Өзгерістерді бірдей қабылдайды. Оқу мәдениеті жеке тұлғаның үйлесімді және тұтас дамуының, оның әлеуметтік жетілуінің көрсеткіші және адамның әлеуметтік-коммуникативтік даму факторы ретінде әрекет етеді. Осылайша, оқу ең дамыған, әлеуметтік құнды және ізденіске ие жеке тұлғаның қасиеттерін қалыптастырады. Өзін-өзі дамытуға және дүниенің бір кірпіші болып қаланып, асыл мұратын жүзеге асыруға қабілеттілер адамның барлық жағынан толыққанды дамуына ықпал етеді.
Ендігі күні ғаламтор шарықтап, ақпарат нөпірі де надандыққа жеткізіп отыр. Жылт еткен жақсылыққа ешкім құмар емес, қып-қызыл дауға, ессіздіктің мысалын құныға іздеп рахаттанатын бұқараны қалай ізгілікке қайтарамыз?
Расымен де, әлемде де кітапқа қызығушылық кері кетіп бара ма? Мемлекет дамуында да шешуші сөзі бар кітап оқу үрдісін жалғастыру қалай дамып барады?
Жалпы шолу жасағанда көп мемлекеттердің ұстанымы бір жерден шығып тұр. «Баланы – жастан» деген қағидаға сай келетін кітап оқуға баулу жұмысының көші ұзап кетіпті. Көптеген елдерде ерте жастан оқуға құмарлықты егуде, оны ынталандыру – басты орында. Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға ынтасы алдағы өміріндегі жетістіктері мен ізденістерінің сапасына әсер ететінін сезінген ел ертерек қамданып жатыр.
Бір қызығы, кейбіреуге жай мағынасыз көрінетін осы мәселені ірі мемлекеттер билікті өз қолына алып, қолдап отыр. Англияда оқуды қолдауға бағытталған кешенді бағдарламалар көптеп саналады. Жас мөлшеріне қарай жаздыгүнгі кітап оқу, отбасымен бірге кітап оқумен сауаттылық, денсаулық пен бақуаттылық, мәдениет пен шығармашылық, экономикалық өсуді байланыстырады.
Ұлттық бағдарламаларының бірін «Кітаптан бастау ал» деп аудардым, «Bookstart». Бағдарламаның мәнін сайттарында былайша түсіндірген екен. «Англия, Уэльс және Солтүстік Ирландия бойынша ұсынылатын Bookstart бағдарламасы әртүрлі кезеңдегі жас балаларды отбасылық оқуға ынталандыратын және қолдайтын кітаптарды, ресурстарды және іс-шараларды қамтиды. Өмірдің алғашқы кезеңінде бірге оқу кітаптарға, әңгімелерге және өлеңдерге деген сүйіспеншілікті оятуға көмектеседі, бұл оқудың өмірді өзгертетін пайдасына қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл барлық балалар үшін, әсіресе аз қамтылған отбасылардан шыққан немесе осал топтардан шыққан балалар үшін маңызды» делінген.
Жоба баланы үш жастан бастап кітап оқуға бейімдейді. Бұл ата-аналарын балаларымен бірге кітап оқуға, кітапханаға баруды әдетке айналдыруға итермелейді. Оқырмандармен кері байланысты қарастырған түрлі клубтар жұмыс істейді. Енді бір қызығы, 1994 жылы Нейл Гриффитсон негізін қалған жоба бойынша баланы кітап оқуға дағдыландыру әдісін үйретіп, қалай оқу керегін де үйретеді. Мұндай қиын әдісті үйрету үшін түрлі әдістемелік көрнекі заттар мен ойыншықтар іске қосылған. Ойыншықтар, әрине, басты кейіпкерлер. Солар арқылы кітаптың мазмұнын үйретіп, қызығушылығын оятады.
«Аптаның жарты сағаты» жобасы, аптасына бір рет барлық кітапханаларда кішкентай оқымыстыларға арналған яғни, бір жастан бес жас аралығындағыларға арнайы клуб жұмыс істейді. Егер жиырма рет клубқа келіп оқуға деген ынтасын көрсетсе, марапатталады. Үш жылда салтанатты түрде кітап салынған және оқуға ұсынылған кітаптардың тізімі мен портфель сыйға тартады. «Жазушы мектепте» жобасы да таң қаларлық. Жазушы мектепке барып, оқушылармен жұмыс істеп, шығармашылық көздерін ашуға себепкер болуы тиіс. Жұмыс формасы әртүрлі: шығарма жазып, өздерінің өлеңдері мен қысқа әңгімелерінің тұсаукесерін жасап, одан қалды театрландырылған көрініс қойып, өзгелерді таң қалдырады. Біз кәрі құрылықтағы ең қызықты деген бағдарламаларды қарастырдық.
Ал қысқаша айтатын болсақ, Германияда бірнеше кәсіби және қоғамдық ұйымдар арқылы одан бөлек, ел президентінің басшылығымен Неміс кітап оқу қоры жұмыс істейді. «Көк чемодан» жобасы кітапханашыларды қолдауға арналған. Жас оқырмандары көп болса, әлемдегі атақты жазушылардың кітаптары бар сандықты сыйға алады. Жапонияда да жас ұрпақтың кітап оқуына мықтап назар аударған. Бүгінде арнайы заң қабылдап, балалардың оқу белсенділігін қолдайтын ауқымды ұлттық саясат жүргізіп отырған жалғыз ел.
Францияның үкіметі мен мәдениет министрлігі үшін басымдық беріп отырған мәселесі де осы ахуал. Кітап оқу үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Тіпті емханада кезекте отырып кітап оқу да жақсы әдеп саналады. Жақсы кітаптардан үзінділер басылған плакаттар Париж метроларының вагондары безендірілген. Мұнда «Кітап оқу мерекесі» 1989 жылдан бері өткізіліп келеді. АҚШ-та Кітап орталығы жұмыс істейді. 1977 жылдан бері кітап пен кітапхана ісі, кітап оқу мәселесін зерттеушілерді қолдауы басқа да елдердің ағартушылық саясатына үлгі болады.
Қарап отырсақ, «оқымысты адам» ұлттың қаймағына айналып келеді. Бар күшті өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына салып, түрлі жобалар арқылы қолпаштауға басымдық берілген. Ұлт қаймағынан айырылып қалмау үшін біздің елге де қарману керек сияқты.
Айгүл УАЙС



