ӘлеуметБасты ақпарат

Баланы кітапқа қалай қызықтырамыз?

Жаз – балалар үшін демалыс мезгілі. Бірақ ала жаздай ойынның қызығымен жүріп, үш айда бірде-бір кітаптың бетін ашпаған бала күзде сабақ басталғанда бар білгенін ұмытып қалуы мүмкін. Олай етпес үшін онымен дос болғаны абзал. Күн сайын тым болмаса 1 сағат уақытын кітап оқуға бөліп, үйдегі үлкендермен шығарма туралы ойын ортаға салып отырса, қандай керемет! Өйткені, кітап оқыған баланың қиялы сергек болады, оқу дағдысы дамиды, сөйлеу шеберлігі мен есте сақтау қабілеті арта түседі.

Оқу азап емес!

Шындығында оқудан қолы босаған балалар сағаттап интернетте, әлеуметтік желілерде «отырады». Өзіне не керегін білмейді. Желідегі ақпаратты сапырып қарап, уақытын «өлтіреді». Бұл әрекет номофобияға шалдықтырады. Ия, ол да аурудың бір түрі. Смартфонсыз қаламын ба деген үрей тудырған дертке әлемде гаджет қолданатын жандардың 90 пайызы шалдыққан. Әке-шешесінің я болмаса үлкендердің тарапынан бақылаудың жоқтығы баланың санасына қауіп төндіруде. Не істеу керек? Бұл жердегі қауіптен баланы да, әке-шешесін де құтқаратын жолдың бірі – кітап оқу.

Бала неге ұнатпайды?

Қазір кітап оқитын балалар көбейіп келеді. 6-14 жас аралығындағы балалардың 70 пайызы кітап оқуға қызығады. Ал 15 жасқа толған балалардың арасында бұл көрсеткіш бәсең. Оның бір себебі – 6 жасынан бастап кітап оқуға дұрыс бау­лымау, үстірт қарау, баланы кітап оқуға мәжбүрлеу. Егер ата-әжесі, әке-шешесі кітапқа қызықпайтын баланы күшпен оқуға мәжбүрлесе, оның санасында кітап оқу азап деген ұғым қалып қояды. Өйткені, кітап оқу ойнауға, теледидар көруге, смартфон қолдануға кедергі келтіреді. Психолог-мамандар баланың кітапты жек көрушілігін туғызатын себептерге: кітап оқу әдетінің болмауын, қызықтыр­майтын кітаптарды, мәтін оқудағы кемшіліктерді, ынталандырудың жетіспеушілігін жатқызады. Расында да қазір теледидардың өзін сирек көретін балалар интернеттегі бейне ойындарға көп уақытын жұмсайды. Ондай балаларға кітап оқу көңілсіз және қызықсыз іс болып көрінеді. Баланы бір оқығаннан қызықтырып, елітіп әкетпейтін кітап ықыласының жойылуына әкеледі. Кейбір балалар жастайынан кітап оқуға дағдыланбаса оқуға қиналады. Олар үшін кітап оқу қиын әрі шаршататын іс. Мектепте жазда оқуға берілетін кітаптардың тізімінде бала қызықпайтын кітаптар кездеседі. Көп бала үшін міндеттелген нәрсе қарсылық туғызады. Ондай кезде кітап оқу ешқандай да рахат сыйламайды.

Қандай жолы бар?

Үш айға демалысқа шыққан балаларды кітап оқуға қызықтыру қиын емес. Бұл жерде әр адамға мұқияттылық, сауаттылық керек. Өз тарапымнан алты түрлі қадамды ұсынамын.

Бірінші қадам – баламен бірге кітап оқитын жайлы жер дайындау. Кітап оқуға ыңғайлы, жайлы, әдемі жер таңдау да қызықтыруға әсер етеді. Бала өзінің босаңсығанын сезінгенде, назарын аударатын еш нәрсе болмағанда, оқыған ақпаратын әсерлі, шынайы қабылдайды. Ол үшін кітап сөресі тұрған бөлмедегі жұмсақ орындыққа отырып, үстелшамды жағып қою да жеткілікті.

Екінші қадам – баламен бірге оқу. Өзіне оқытқаннан гөрі, анасымен не әкесімен бірге оқу кітап әлеміне қызықтырудың тамаша тәсілі. Әуелі анасы немесе баласы, я болмаса керісінше кезектесіп оқыса, әсерлі әрі қызықты болары анық. Бірінші беттен бастап дауыстап оқуды ұмытпаңыз. Кейіпкерлердің диалогтарын интонациямен жеткізсеңіз, балаға керемет әсер сыйлайсыз. Әр тарауды оқып біткен соң, шағын талқылау жасаңыздар. Қай кейіпкердің ұнағанын немесе ұнамағанын сұраңыз.

Үшінші қадам – бала оқитын кітабын өзі таңдасың. Оның қызығушылығына сәйкес келетін кітапты таңдаңыз. Ол көркем шығарма да, қиял-ғажайып комикс те, жануарлар не спорт түрлері туралы жинақ та болуы мүмкін. Баланың қызығушылығына сәйкес келетін кітапты толық оқитыны анық. Кітап дүкеніне немесе кітапханаға барып, сондай кітапты тауып алыңыздар.

Төртінші қадам – кітаптың ең қызықты деген жерлеріне келгенде үзіліс жасап, далаға шығыңыздар, я болмаса ас үйге барып, шай ішіңіздер. Бұл тәсіл балаға кітапты әрі қарай қызығып оқуға көмектеседі. Ол оқиғаның немен біткенін білгісі келіп, тағатсыздана күтеді.

Бесінші қадам – әке-анасы немесе ата-әжесі жақсы үлгі-өнеге көрсете білсе, нәтижесі бірден байқалады. Егер үйде балалар әкесі не анасы қызықты кітап оқып, содан рухани ләззат алып отырғанын көрсе, ұқсағысы келіп, қолына кітап алады. Тіпті, кітаптағы қызықты оқиғаны балаға дауыстап оқып не әңгімелеп беріңіз.

Алтыншы қадам – кітап оқуды күн тәртібіне жазып қана қоймай, әдет қылып қалыптастырыңыз. Мысалы, ұйқыға жатар алдында, түскі сағат 12-ге дейінгі уақытта отбасы мүшелері түгел кітап оқу дәстүрін енгізіңіздер. Тұрақты түрде кітапқа үңілген баланың бойында тамаша әдет пайда болады, ол өмірінің бір бөлшегіне айналады.

Талғамға сай шығарма туа ма?

«Қазір қазақ тіліндегі балаларға арналған кітаптарды табу қиын», «Шет тілдерінен аударылған кітаптардың мазмұны балаға қабылдауға ауыр», «Баланың талғамы мен сұранысына сай келетін шығармаларды қайдан сатып алуға болады?», «Тілі жеңіл, баланы жалықтырмайтын оқиғалары бар қызықты кітапты кім біледі?» деген сауалдарды әлеуметтік желілерден оқып, көріп жүрміз. Қазіргі балалар  әдебиетінің  басты мәселесінің  бірі  –  заманауи шығармалардың аздығы, яғни балаларға арналған жаңа, қызықты, қазіргі заманға сай шығармалар жеткіліксіз. Сонда қазіргі балаларға қызықты әдебиет жазу үшін авторлар қандай бағытқа назар аударуы тиіс?

Қызықты әдебиет, қызықсыз әдебиет демей, қызықты шығарма немесе қызықсыз шығарма дейік. Иә, балаларға арналған шығарманың қызықты болуы үшін, ол сол балаға ұнауы керек. Назарын аударуы қажет. Қызықтыруы тиіс. Бұл үдеден шығатын шығарма жазатын автор қазіргі балалардың мінез-құлығын, сана-сезімін, ақыл-түйсігін терең зерттеп, не нәрсеге қызығатынына көңіл бөлгені абзал. Әрине, күрделі де қиын іс. Алайда қиын деп отыра беретін болсақ, қазақ балаларын басқа тілдегі авторлар қызықтырып, өзіне тартып алады. Онсыз да кітап оқуға құлықсыздық басым. Әлеуметтік желілер күн сайын жарқ-жұрқ еткен дүниелермен баланың назарын өзіне аударып жатқан заманда қандай қызықты шығарма жазылуы керек? Шағын повестер. Шағын әңгімелер. Шағын ертегілер. Қызықты өлең-жырлар. Заманауи комикстер. Комикстердің аудармасы деген де мәселе бар. Ол аудармаларды белгілі бір сүзгіден өткізетін көркемдік кеңес, құзырлы комиссия деген жоқ. Әркім өз шамасына қарай аударып, шығарып жүр. Меніңше, осы бағыттарға Үкімет те, балалар жазушылары да дұрыстап көңіл бөлетін уақыт келді.

Тартымды ету тетігі қайсы?

Қазір қазақ балалар әдебиетінде комикс пен иллюстрациялық кітаптардың аздығын көріп жүрміз. «Аруна» баспасы шығарған кітаптардың мазмұны шағын, қағазы қалың, бағасы қымбат. Әр үйдің балалары сатып алып, оқи алмайды. Иллюстрациялық кітаптарға «Бэтмэн», «Өрмекші адамды» емес, заманауи ұлттық қаһармандарымызды бейнелесек, ұтамыз. Мысалы, орыстың «Маша мен аю», «Мысықтар отбасы» сияқты мультфильмдерді қазақ балалары неге тапжылмай отырып көреді?! Оларда мейірім, адамгершілік, ізгілік тақырыбы менмұндалап тұрады. Баланың жүрегі мейірімге сусайды. Ал ол қай тілде болғаны маңызды емес, бір көргеннен ұнаса, қайталап та көре береді. Сол сияқты, балаға бірден әсер ететін шынайы ізгіліктің дәнегін себетін аниме, комикс, иллюстрация өнімдеріне кітап дүкендерінің сөрелерін толтырып тастасақ, балалар бір көргеннен қызығады. Қазақ балалар әдебиетінде тақырып жетерлік. Тек, сол тақырыпты баланың талғамына сай ұсынуға келгенде дағдарыс бар сияқты. Жасандылық көзге көрініп тұрады. Әрине, бізге логикомикс сияқты өнім жасау қиын. Десек те, ниет етсек бәрін жүзеге асыруға болады.

Сөздің шындығы сол, бүгінгі балалар тек кітап оқып, теледидар көріп өсіп келе жатқан ұрпақ емес. Интернет біздің өмірімізге дендеп енгеннен бері соның игіліктерін толық пайдалана алатын буын өсіп келеді. Қазір кез келген жастағы баланың қолына смартфон берсең, суда жүзген балықтай тетіктерін басып, өзіне қызықты дүниелерді тауып алады. Өкініштісі сол, интернетте мемлекеттік тілдегі туындылар аз. Сол себептен ата-аналар балаларының қолына смартфон ұстатқанда «Маша мен аю», «Күшіктер музейі», «Барбоскиндер», «Лунтик және оның достары» сияқты ең танымал мультфильмдерді қосып береді. Мысалы, YouTube-та «Маша мен аю»-ны 2,2 миллиард адам көреді екен. Әлем халқының 20 пайызы осы туындыны тамашалайды. Әзірше, қазақ тіліндегі мұндай өнім жоқ. Телеарналарда да, интернетте де қазақ тіліндегі балалар контенті жұтаң деп отыр­ғанымыз осыдан. Интернеттегі контентпен тілі шыққан балалар көркем шығарма оқыса түсінбейді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button