Денсаулық

Балама – ғұмыр, бізге қуаныш сыйлады

Баланың жарық дүние есігін ашуы – әр отбасы үшін үлкен қуаныш. Алайда кей сәбилер дүниеге туа біткен ақаулармен келіп, өмірінің алғашқы сәтінен-ақ дәрігердің көмегіне мұқтаж болады. Міне, осындай қиын сәттерде өмір мен өлім арасында арпалысып жатқан сәбиге көмек көрсететін жандардың бірі – неонатальды хирургтар. Солардың бірі әрі бірегейі – Нұржан Сергеевич Желдыбаев.

Биыл алты жасқа келген қызым бар. Сол қызым іштегі алты айлық кезінде аяқ астынан қимылсыз, қозғалыссыз қалып, №2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігері Нұржан Желдыбаев есімді дәрігер «іште жатқан сәбидің ішегі тесілген болуы мүмкін» деген диагноз қойды.

Шынымды айтсам, бастапқыда бұл диагнозға мүлде сенбедім. Іштегі баланың ішегі қалай тесілуі мүмкін? Ол қалай іште жатқан баланың ішегі тесілгенін біледі деген оймен диагнозға күмәнмен қарадым. Бірақ уақыт шұғыл, ана мен баланың екеуінің де өміріне қатер төніп тұр. Тәуекел деп ота жасатуға тура келеді.

Сөйтіп, Нұржан дәрігер алдымен ананың құрсағын жарып, іштегі сәбиді алып шықты. Соңынан сол сәбидің ішін жарып, ішегіне ота жасап, шамамен бір қарыс жерін кесіп алып тастады. Сол күннен бастап, осы баламызды сауықтыру үшін Нұржан дәрігер төрт мәрте ота жасап, бүкіл тәуекел мен жауапкершілікті өз мойнына алды. Тесілген ішекті емдеп, кесілген бөлігін жалғап, баланы аман-есен сауықтырды.

Айтпақшы, алғашқы ота алдында дәрігер баламның жағдайының өте ауыр екенін, аман қалуға тек 25% ғана үміт барын айтып «Қалай шешесіздер?» деп сұрады.Сол кезде менің «Дәрігер, 1% үміт болса да, бар күшіңізді салып, баламды аман алып қалшы» деп өтінгенім күні бүгінге дейін есімде. Емханадан шығарда:

– Нұреке, балам аман-есен сауықты. Сізге көп рақмет! Бірақ басында «25% үміт бар» деп бізді неге сонша қорқыттыңыз? – деп сұрадым. Сонда Нұржан жай ғана жымиып қойып: «Шынымды айтайын, сіздерге «25%» деп сәл көтеріп айттым. Негізінде баланың жағдайы өте ауыр еді, нақты үміт 15-20% шамасында ғана болатын. Бірақ сіздердің көңілдеріңізді түсіріп, үміттеріңізді үздіргім келмеді. Одан да маңыздысы – ата-анасы балаға алаңдамай, сеніммен шешім қабылдауы керек болды. Балаңыз халқына қалаулы, еліне елеулі азамат болсын! – деп шығарып салды.

Содан бері арада аттай желіп, алты жыл уақыт өтті. Осы уақыт ішінде біз Нұржан дәрігермен жақсы араласып, жақын танысып кеттік. Әрбір мереке сайын оған хабарласып, алғысымызды білдіруді, қызымыздың туған күнінде оған шын жүректен рақмет айтуды дәстүрге айналдырдық. Нұржан да бізді қай кезде көрсе де «Қалайсыздар?» деп жылы жүзбен амандасып, шын көңілмен тілектестігін білдіреді. Бұл дәрігер мен науқас арасындағы жай ғана қарым-қатынастың әлдеқашан үлкен адами сыйластыққа айналғанының нақты көрінісі болса керек.

Нұржан Желдыбаев Сергеевич медициналық білімін 2004 жылы Семей қаласындағы медицина университетінен алыпты. Осы оқу орнында үш жыл білім алған соң, 2007 жылы Астана медицина университетіне ауысып, білімін алуын жалғастырды. 2011 жылы оқуын сәтті тәмамдап, кәсіби жолын бастапты.

2012 жылы Астанадағы №2 көпбейінді ауруханада неонатальды хирургия бөлімшесі ашылды. Бұл – жаңа туған, денсаулығында ақауы бар сәбилерге арнайы көмек көрсетуге бағытталған алғашқы бөлімшелердің бірі болатын. Сол жылдың 9 сәуірінде Нұржан дәрігер осы бөлімшеге хирург ретінде жұмысқа қабылданып, кейіннен бөлім меңгерушісі атанды. Бүгінде ол – өз ісінің шебері әрі жауапты ұжым басшысы ретінде танымал. Ол – кәсіби шеберлігімен ғана емес, адами қасиетімен де ерекшеленетін дәрігер. Балалардың өмірі үшін күресіп жүрген маман – қоғамның ең жауапты әрі құрметті тұлғаларының бірі. Осындай білікті дәрігерлердің еңбегі арқасында талай отбасы сәбиінің күлкісіне қуанып, жаңа өмірге үмітпен қарайды. Мен де солардың бірімін!

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button