Балалардың терезеден құлауы алаңдатады
Жыл сайын көктем-жаз маусымының басталуымен балалардың терезеден құлау фактілері тіркеледі. Терезелердің жиі ашылуы, балалардың қараусыз қалуы және қауіпсіздік шараларының сақталмауы қайғылы жағдайға әкеліп соғады. Осыған байланысты Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өтіп, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Брифингке Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Қуаныш Тоқсарин, Астана қаласы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Өмірбаев, Астана қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы медициналық қызметтердің сапасын бақылау және стратегиялық даму жөніндегі директордың орынбасары Медет Нұғманов қатысты.
Балалардың терезеден құлау оқиғалары
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері елордада балалардың терезеден құлауына байланысты 2 оқиға тіркелген. Аталған оқиғалар салдарынан балалар түрлі жарақаттар алған, ал 1 бала алған жарақаттарының салдарынан қаза болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төмен (2025 жылы — 5 жағдай).
Балалардың терезеден құлауы — қоғам үшін өзекті әрі алаңдатарлық мәселе болып қала береді. Әсіресе көктем және жаз айларында қауіп күшейе түседі, өйткені тұрғындар үйлерінің терезелерін жиі ашып, бұл кішкентай балалар үшін үлкен қатер тудырады.
Статистикалық деректерге сәйкес, мұндай оқиғалардың басым бөлігі 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеледі. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері қатарында ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, терезелерде арнайы қорғаныс құрылғыларының болмауы, сондай-ақ масадан қорғайтын торларға артық сенім арту фактілері жиі кездеседі.
Қауіпсіздік ережелері
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды ескертеді. Мамандардың айтуынша, үйде кішкентай бала болған жағдайда терезелерді ашық қалдырмау аса маңызды. Сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмау, әсіресе олардың терезе мен шыны есіктердің жанында ойнауына жол бермеу қажет. Москит торларының қауіпсіздік құралы емес. Балалар оларды тірек ретінде қабылдап, сүйенген жағдайда торымен бірге құлап кетуі мүмкін. Осыған байланысты терезелерге арнайы қауіпсіздік құлыптарын орнату және жиһазды терезеге жақын орналастырмау ұсынылады.
Балалар қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар
Астана қаласында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылдың басынан бері полиция қызметкерлері 2304 дәріс өткізіп, 500-ден астам жадынама таратқан. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 2900 тұрғын үй чаттарына және 250-ге жуық ата-аналар чаттарына арнайы хабарламалар жолданған. Жыл басынан бері ата-аналармен 197 жиналыс ұйымдастырылып, оған 6063 адам қатысқан. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері азаматтармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді.
Профилактикалық шаралар білім беру ұйымдарында және ата-аналар жиналыстарында да жалғасуда. Мамандар ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін ескертіп, бұл талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
Түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде
Балалардың терезеден құлауын алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті ювеналдық полиция қызметкерлерімен, ОСИ төрағаларымен және еріктілермен бірлесіп, көпқабатты тұрғын үй кешендерінің тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Қазіргі таңда 15-тен астам тұрғын үйде аралау жұмыстары ұйымдастырылып, 100-ден астам жадынама кіреберістер мен лифтілер маңына орналастырылды. Жалпы 1500-ден астам тұрғын ақпараттық жұмыстармен қамтылды. Қаладағы 20 мектепте 800-ден астам оқушыны қамти отырып дәрістер өткізілді. Сонымен қатар 18 балабақшада арнайы сабақтар ұйымдастырылды. Ақпараттық жадынамалар WhatsApp мессенджері арқылы ата-аналар, ОСИ және ПИК чаттарында да кеңінен таратылуда.
Әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсетілуде
2025 жылы әлеуметтік осал отбасылардың пәтерлеріндегі терезелерге 1220-дан астам қауіпсіздік құлыптары орнатылды. Оның ішінде №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасында 100 блокиратор қойылған. Ал 2026 жылдың басынан бері 6 қауіпсіздік құлпы орнатылды.
Статистика мен негізгі үрдістер
Астана қаласы әкімдігінің «№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК медициналық қызметтердің сапасын бақылау және стратегиялық даму жөніндегі директордың орынбасары Медет Ғалимжанұлының айтуынша, балалардың терезеден құлау оқиғалары соңғы жылдары айтарлықтай артқан. Ресми деректерге сәйкес, 2023 жылы 31 жағдай тіркелсе (1 өлім), 2024 жылы бұл көрсеткіш 63-ке жетіп (4 өлім), ал 2025 жылы 85 жағдайға дейін өскен (9 өлім). Осылайша, үш жыл ішінде оқиғалар саны шамамен 3 есеге, ал өлім көрсеткіші 9 есеге артқан. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында 1 жағдай тіркеліп, өлім фактісі орын алмаған. Сараптама көрсеткендей, негізгі тәуекел тобы – 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалар. Соңғы жылдары дәл осы жас санатындағы оқиғалар саны айтарлықтай өскен.
Дәрігерлердің сөзінше, мұндай қайғылы жағдайлар көбіне бірнеше секунд ішінде орын алады және оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Биіктіктен құлау бас-ми жарақаттарына, мүгедектікке, тіпті өлімге әкеледі. Әсіресе 3-қабаттан жоғары құлау жағдайларында қауіп аса жоғары.



