Балалардың құқығын қорғау бойынша іс-шаралар жарияланды

Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2025 жылдың 12 айындағы азаматтық істер бойынша жұмыс нәтижесін қорытындылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ювеналды әділеттің басты басымдылығы – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Лейла Зинашева мен Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғалия Сайдульдинова мәлім етті.
Спикердің айтуынша, соттың негізгі мақсаты – баланы зорлық-зомбылықтан, отбасылық жанжалдардан және психологиялық жарақаттан қорғау, оларға қауіпсіз балалық және лайықты болашақ қамтамасыз ету. Барлық сот шешімдері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын барынша қамтамасыз ету принципіне сәйкес қабылданады.
«2024 жылмен салыстырғанда келіп түскен істер саны 100-ге азайды: 2024 жылы сотқа 12 085 іс түссе, 2025 жылы – 11 981 іс. Бұл көрсеткіш қала халқының өсуіне қарамастан, соттағы жүктеменің төмендегенін көрсетеді.
Жүктеменің азаюы соттың кешенді жұмысы, татуластыру рәсімдерін белсенді қолдануы, сондай-ақ психологтар мен медиаторлармен тікелей сот ғимаратында өзара әрекеттесуі нәтижесінде қол жеткізілді.
Талап қою сатысында, оны тіркегенге дейін жұбайлар тегін психологиялық көмек пен медиаторлық қолдау ала алады. Көптеген жағдайларда келісімге сот процесі басталғанға дейін қол жеткізіледі. Мұндай тәсіл отбасы бірлігін сақтап, балалар үшін даудың теріс әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Екінші жыл қатарынан сот татуластыру рәсімдерін қолдану бойынша көшбасшы болып отыр», – дейді спикерлер.
2025 жылы:
• 3 380 іс медиативтік келісімдер және тараптардың татуласуымен аяқталған;
• 200-ден астам отбасы сотқа арыз беру алдында татуластырылды;
• 4 665 медиативтік келісім соттан тыс жасалды.
Осы арқылы мыңдаған балалардың ұзаққа созылатын сот дауларына қатысудың алды алынып, тұрақты отбасында тәрбие алып өседі.
Соттың жұмысы тек жанжалдарды шешуге емес, сондай-ақ баланың мүддесіне сәйкес отбасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың мүліктік құқықтары да қорғалады.
2025 жылы алимент өндіріп алу мақсатында 2 131 сот бұйрығы шығарылған, бұл жалпы істер санының 17,7%-ын құрайды. Әрбір іс артында нақты бір бала тұр, ол материалдық қамтамасыз етілу құқығына ие болады.
Келіп түскен істердің құрылымында ең көп таралған – некені бұзу туралы талаптар, олардың үлесі 54,7%-ды құрайды.
2025 жылы мемлекеттік тілде аяқталған істердің саны артып, 3 331 құрады. Өндіріс арыз берілген тілде жүргізіледі, алайда тараптар сот процесінде тілін өзгерту құқығына ие. 2025 жылы 1 007 іс барысында мемлекеттік тілге көшу жүзеге асырылды.
Қайтарылған талаптар саны – 545 арыз. Көп жағдайда қайтарулар тараптардың татуласуына байланысты. Сондай-ақ, іс жүргізу заңнамасының талаптарын сақтамау жағдайлары болды: жауапкердің талап қоюды тіркелген жері бойынша бермеуі, дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтамау немесе мемлекеттік бажды төлемеу. Осы кемшіліктер түзетілген соң, талапкерлер қайтадан арыз бере алады.
Сот тәжірибесінің тұрақтылығы қабылданған шешімдердің сапасымен расталады. Шешімдердің 99,2% сот актілері өзгеріссіз қалдырылды, тек 0,8% актілерге түзету енгізілген.
Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда сот жеке анықтамалар шығарады. Бұл тек жеке сот орындаушыларға ғана емес, заң бұзушылыққа әкелген себептерді жою қажет болған басқа жағдайларда да қолданылады.
Мысалы, сот актісін орындауға қатысты жеке сот орындаушының әрекетсіздігі анықталды, нәтижесінде бала ұзақ уақыт алимент ала алмаған.
Келесі басты басымдық – әйелдер мен балалар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша құқықтық ағарту жұмыстарын белсенді жүргізу. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру – даулардың алдын алу тиімді құралы болып табылады.
Қазіргі технологияларды енгізу аясында және құқықтық көмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында Бағдарламалау колледжі студенттерінің қолдауымен жасанды интеллект элементтері бар «Отбасы көмек» веб-платформасы әзірленді. Платформа ювеналды сот төрелігінің міндеттеріне, құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және дауларды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесуге бағытталған.
Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты құқық қолдану тәжірибесін, алдын алу шараларын және инновациялық шешімдерді үйлестіріп жүргізеді. Баланың мүддесіне бағытталған осындай тәсіл – қазіргі заманғы ювеналды әділет үлгісін қалыптастырудың негізі болып саналады.



