Балалардың бұқаралық спорт саласындағы өзекті мәселесі көтерілді

«Хабар» телеарнасындағы «Азамат» интеллектуалды жобасының кезекті шығарылымы балалардың бұқаралық спорт саласындағы өзекті мәселені көтерді. Тақырып – «Бұқаралық спортты дамытудың тиімді жолдары». Пікірсайыс алаңында екі жоғары оқу орны – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттері қатысып, спорт мәдениетін көтерудің нақты механизмдерін ұсынды.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің командасы бұқаралық спортты кеңінен насихаттау, цифрлық ынталандыру құралдарын енгізу және спорт инфрақұрылымын оңтайландыру бағытында кешенді ұсыныстарын таныстырды. Олар бұқаралық спорт кәсіпқой спорттан өзгеше екенін нақтылап, халықтың барлық жас санатын қамтитын стратегия әзірлеу қажеттігін атап өтті. Команда дене белсенділігінің төмендігі халық денсаулығына тікелей әсер ететінін алға тартып, спортты өмір салтына айналдыру үшін аймақтық насихат, отбасылық жарыстар және қолжетімді инфрақұрылым орнату секілді нақты тетіктерді ұсынды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері спорттық мәдениеттің жеткілікті деңгейде қалыптаспағанына назар аударды. Олардың айтуынша, азаматтар спорттың денсаулыққа пайдалы екенін түсінсе де, оны күнделікті өмір салтына айналдырмайды. Бұл – мотивация мен үлгі жетіспеушілігіне байланысты. Сонымен қатар, ата-аналар балаларын көбіне тек кәсіби спортқа бағыттайды, ал бұқаралық спорт екінші кезекке ысырылады.
Бағдарламада айтылған деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстан халқының тек 44%-ы ғана бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысады. Ал қолданыстағы заңнама бойынша бұл көрсеткішті 2027 жылға қарай 50%-ға жеткізу көзделген.
Бағдарламаның қазылар алқасы құрамында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов және «Qazaq Debate» қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан болды.
Қазылар алқасы спикерлердің логикасын, ұсынылған шешімдердің нақты әрі жүзеге асыруға болатынын ескере келе, жеңіс Қожа Ахмет Яссауи университетінің командасына берілді.
«Азамат» бағдарламасы – жас ұрпақтың саналы ойлауын қалыптастырып, өзекті мәселелерді терең талқылауға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Алдағы шығарылымдарда да қоғамды толғандырған тақырыптар күн тәртібіне шығарыла бермек.