Балаларды вакцинациялау мәселесі талқыланды

Елордада балаларды вакцинациялау мәселелеріне арналған кездесу өтті. Талқылауға мемлекеттік органдардың, медициналық мекемелердің өкілдері, сарапшылар мен ата-аналар қауымдастығы қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Ерекше мерекелер» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Қатысушылар балаларды вакцинациялаумен қамту деңгейінің қазіргі жағдайын, иммундауға деген сенімді арттыру шараларын, ата-аналарды ақпараттандырудағы медицина қызметкерлерінің рөлін, сондай-ақ вакциналардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді талқылады.
Ерекше медициналық қажеттіліктері бар балаларды қорғауға ерекше назар аударылды.
«Дәл осындай балалар үшін вакциналармен басқарылатын инфекциялар ең үлкен қауіп төндіреді – олар емделмейді, сол себепті оларға қарсы вакциналар жасалған. Бұл – дамып келе жатқан ми үшін қорғаныс қызметін атқаратын алдын алу шарасы. Егер қоғамдағы вакцинация деңгейі 95%-дан төмен түссе, эпидемия қаупі пайда болады. Вакцинациядан бас тарту – бұл тек жеке шешім емес, ол өзгелерге де қауіп төндіреді», — деді педиатр-дәрігер, Катамнез орталығының директоры Балжан Татибекова.
Іс-шараны ұйымдастырушылар ата-аналардың, дәрігерлер мен қоғам өкілдерінің қатысуымен ашық диалог өткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Мұндай кездесулер – өзара түсіністікке бастайтын маңызды қадам. Қоғам тек өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды денсаулық сақтау жүйесімен бірлесе шешуге атсалысуы керек. Бүгінде вакцинация төңірегінде көптеген қорқыныш пен шындыққа жанаспайтын әңгімелер бар. Тек ашық талқылау мен бірлескен әрекет арқылы біз жағдайды өзгертіп, бір-бірімізге деген сенімді арттыра аламыз», — деді ұйымдастырушы және «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорының жетекшісі Ботагөз Игенбаева.