Қоғам

Балалар үйінде спорттық іс-шара өтті

Астананың «Көктал» саябағында балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін спорттық іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Winox Fit Arena фитнес клубының жаттықтырушылары балалар үйінің тәрбиеленушілеріне уақыттарын арнап, тимбилдинг өткізді.

«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында жаттықтырушылардың көмегімен балалар үйінің 30-ға жуық тәрбиеленушісіне салауатты өмір салтын насихаттап, қаламыздың әсем саябақтарының бірінде тимбилдинг өткіздік. Қатысушыларға арнайы сыйлықтарымыз да бар. Басты мақсатымыз – жазғы демалыс уақытында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Сұлтан Омарғали.

Айта кетейік, Winox Fit Arena фитнес клубы мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы осымен үшінші мәрте «Көктал» саябағында спорттық шара ұйымдастырып отыр.

«2025 жылы есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңесі құрылып, соған мүше болдым. Есірткі мәселесін шешуді тек полицияға немесе мемлекетке ғана сеніп тапсыруға болмайды. Оған қоғамның белсенді азаматы ретінде де атсалысу қажет. Автомотоспортқа көбінесе жастар қызығады. Сондықтан спортпен қатар, әр баланың дұрыс таңдау жасауына да ықпал етуге тиіспіз. Ұзақ жылдар бойы жастармен жұмыс істеп келеміз және қандай да бір қиындық туындаған сәтте біз де қол ұшымызды созуға дайын екенімізді айтқымыз келеді», – деп атап өтті Астана автомотоспорт федерациясының басшысы Анатолий Бондарь.

Алдағы уақытта да есірткіге қарсы түрлі акциялар қаламызда жалғасын табатын болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button