Балалар қауіпсіздігі бойынша ақпараттық-түсіндіру дәрісі өтті

Астанадағы С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында «Қауіпсіз терезе» және «Балалар қауіпсіздігі» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру дәрісі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында ойын форматында оқушыларға жол қозғалысы ережелері, су айдындарындағы қауіпсіздік, заң және тәртіп, құқықбұзушылықтың алдын алу түсіндірілді.
Мұндағы мақсат – балаларға тұрмыстағы және көшедегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, құқықтық жауапкершілікпен таныстыру және қауіпсіз өмір салтын насихаттау.
«Мектеп жанындағы лагерлерде өтіп жатқан дәрістер балаларға жаз мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды еске салуға бағытталған. Мәселен, біз үйде не көшеде өзінің қауіпсіздігін сақтау, «Қауіпсіз терезе», яғни терезе алдындағы қауіптің алдын алу ережелерін, төтенше жағдайда әрекет ету жолдарын, жол жүру ережелерін айтып өттік. Сондай-ақ жазғы уақытта болатын жазатайым оқыс оқиғалардың алдын алу бағытында түсіндіру жүргізілді. Мәселен, егер бала белгілі бір жағдайға тап болса (буллинг және т.б.), «111» сенім телефонына жүгіне алады. Бұл туралы ақпарат мектептер мен колледждерде ілінген. Онда психолог, заңгер мамандары жұмыс істейді. Олар тегін әрі шұғыл қызмет көрсетеді», – деді Астана қаласы Білім басқармасының Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы.
Бүгінгі дәріске педагогтер мен 1-сыныптан 9-сыныпқа дейінгі оқушылар қатысты.
Айта кетейік, мұндай дәрістер апта сайын өткізіледі.