Елорда тынысы

Балалар қауіпсіздігі бірінші орында

Елордадағы мектептерде жазғы демалыс басталғалы «Қауіпсіз терезе» және «Балалар қауіпсіздігі» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру дәрістері өткізілуде. Ата-аналар мен оқушыларға арналған іс-шараларды Астана қалалық білім басқармасы, қалалық полиция департаменті бірлесіп ұйымдастыруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кезекті осындай іс-шара Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында өтіп, оған жазғы лагерьде демалып жүрген балалар мен олардың ата-аналары, аталған мектеп ұстаздары қатысты. Жиында оқушыларға тұрмыста және қоғамдық ортада сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құқықтық жауапкершілік туралы ақпарат берілді, сонымен қатар қауіпсіз өмір салтының маңызы ұғындырылды. Бұл жұмыстарды жүргізуге Астана қаласы Білім басқармасының Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова, Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы Ювеналдық  учаскелік полиция инспекторы, Кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі полиция лейтенанты Айзада Ергешова, Психологиялық қолдау орталығының психологы Яков Борисов атсалысты.

-Қауіпсіздік – әр бала үшін маңызды, бұл әр ересектің жауапкершілігі. Сондықтан мұндай дәрістер Астана қаласының барлық мектептерінде өтіп жатыр. Қазіргі таңда білім беру орындарында Ата-аналарды психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сол орталықта ата-аналармен өткен ашық сұхбат кезінде құқықбұзушылықтың, суицидтің және буллингтің алдын алу мәселелерін көтердік. Оларды қазіргі таңда мазалайтын мәселелерді бірге шешуге шақырдық, – дейді Г. Хасенова.

Іс-шараның бағдарламасына сәйкес алдымен балалар қауіпсіздігіне арналған интерактивті дәріс өтті, сосын құқықтық сұрақтар бойынша мамандардың түсіндіру жұмыстары жүргізілді, балаларға жолда жүру ережелері түсіндірілді. Лагерьде демалып жүрген бастауыш сынып оқушылары «Жас жол сақшылары» көрінісін қойды.

-Бала өсіп, ер жеткен сайын оларға соншалықты көбірек көңіл бөлу қажет. Біздің орталық былтыр қаладағы психологиялық қызметтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында құрылған. Атап айтқанда, балабақшалар, мектептер, колледждердегі психологтарды қолдау мақсатында ашылған. Қазіргі таңда мектептерде психологтар тапшылығын сезіп отырмыз, шамамен 100 бос жұмыс орны бар. Талап бойынша бір психологқа 500 адамнан келуі керек, ал бізде 700 адамнан келеді. Жалпы біздің орталық психологиялық көмек қажет ететін балалар мен ата-аналарға да қызмет көрсетеді. Былтырғы 1 маусымнан бүгінге дейін, яғни орталық ашылғалы Астанада ата-аналар мен балаларға өздерінің мәселелеріне байланысты 30170 консультация берілген. Олардың ішінде зорлық-зомбылық, буллинг, суицид және тағы басқа қиын жағдайлар бойынша мәселесін айтып келетіндер көп, – дейді Яков Борисов.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button