Қоғам

Балалар мерекесіне орай ауқымды іс-шаралар өтуде

Еліміздің барлық өңірінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған ауқымды іс-шаралар өтуде, деп хабарлайды https://www.astana-akshamy.kz/

22 мамыр мен 1 маусым аралығында Қазақстанда алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны өтуде. Бұл бастама биыл «Қазақстан балалары» деген ортақ ұранмен өтуде. Бұл ұран әрбір бала өзінің маңызды екенін сезініп, дауысының естілгенін, құқығының қорғалғанын білуі тиіс деген басты идеяны білдіреді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында атап өткендей, балаларға қамқорлық көрсету – бұл ортақ жауапкершілік әрі мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Осыған орай бұл бастама – балалар мәселесіне ерекше көңіл бөлуге және балалардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасауға, сондай-ақ қоғамның назарын бала құқығы мен балалық шақтағы өзекті мәселелерге аударуға бағытталған.

Мерекеге дейінгі іс-шаралар легі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Әкем — тірегім, анам – жүрегім» ұранымен ұйымдастырған науқаннан басталды. Бұл іс-шараның тақырыбы бала өміріндегі отбасының рөлін айқындау болды.

Еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, театрлық және концерттік бағдарламалар, спорттық және шығармашылық байқаулар, музейлер мен кітапханалардағы тақырыптық көрмелер өтті.

Сондай-ақ науқан аясында барлық аймақта Отбасыны қолдау орталықтарында ашық есік күндері өтті. Онда қазақстандықтар түрлі сала мамандарынан кеңес алып, ата-ананың жауапкершілігін түсінуге арналған оқыту іс-шараларына қатысты.

«Қазақстан балалары» ұлттық науқанына алғашқы күні еліміз бойынша жарты миллионнан астам қазақстандық қатысты.

 

Іс-шаралардың мақсаты балаларға қуаныш сыйлау ғана емес, сонымен қатар олардың балалық шағына қамқорлық көрсету – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін көрсету.

Бүкіл республика бойынша барлық ауыл, аудан және қала бұл мерекелік бастамаға белсене қатысады. Іс-шаралар балаларды елдің мәдени, білім беру және қоғамдық өміріне кеңінен тартуға бағытталған.

​Аталған іс-шараларды ҚР Оқу-ағарту министрлігі тиісті мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастыруда.

​Мереке күндері келесі бағыттар бойынша іс-шаралар өткізіледі. Облыс, қала және аудан әкімдерінің балалармен кездесулері өтеді. Бұл кездесулерде балалар өз ұсыныстарымен, арман-мақсаттарымен бөлісе алады. Сонымен қатар осы күндері жаңа білім беру нысандарының ашылуы жоспарланған. Театрлар, мұражайлар, саябақтар мен кинотеатрларға тегін немесе жеңілдікпен бару мүмкіндігі қарастырылған. Оған қоса, балаларға қолдау көрсетуге бағытталған өңірлік қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады.

​Бұл – жай ғана мереке емес. Бұл – балалардың маңызды екенін көрсететін қоғамдық үндеу. Балаларға қамқорлық – әрбір азаматтың ортақ міндеті, адамгершілік борышы.

Қазақстандық ​балаларды осы іс-шараларға белсенді қатысуға, өз ойлары мен бастамаларын, армандарын ашық айтуға шақырамыз. Әр балаға өзін естілген, бағаланған және қамқорлықта екенін сезінуге толық мүмкіндік беріледі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button