Балалар денсаулығы — қоғамның басты байлығы

Тамақтан улану — бұл белгілі бір микроорганизмдермен жаппай себілген немесе құрамында ағзаға улы микробтық немесе микробтық емес заттар бар тағамды тұтыну нәтижесінде пайда болатын жедел жұқпалы аурулар.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың тағамнан улануының алдын алу мақсатында олардың тамақтануына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау аса маңызды.
Жаңа жыл және басқа да алда келе жатқан мереке қарсаңында мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға арнап мерекелік дастархан ұйымдастыруға, үй жағдайында дайындалған тағамдар мен кондитерлік өнімдерді алып келуге және пайдалануға тиым салынады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды тамақтандыруды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтандыру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен (бұдан әрі – Санитариялық қағида) регламенттеледі.
Осы Санитариялық қағидаға сай мектепке дейінгі ұйымдарда дайындауға және өткізуге рұқсат етілмейді:
- фаст — фудтар: гамбургерлер, хот-догтар, пиццалар, наггеттер, чиптер (чипсондар), дәмі бар тұздалған крекер; ыстық тұздықтар, кетчуптер, ыстық дәмдеуіштер (бұрыш, желкек, қыша) ;
- флотша макарон; желе, паштет; кремі бар кондитерлік өнімдер;
- квас; қуырылған өнімдер; жұмсақ пісірілген жұмыртқа, глазурь жұмыртқалары;
- күрделі (төрт компоненттен астам) салаттар, қаймақ пен майонез қосылған салаттар; окрошка; саңырауқұлақтар;
- өнеркәсіптік емес (үйде) дайындалған тамақ өнімдерін; тез дайындалатын құрғақ тағам концентраттарына негізделген бірінші және екінші тағамдар; газдалған, емдік және емдік-асханалық минералды суларды, тәтті алкогольсіз сусындарды, алкогольсіз энергетикалық (тоник) сусындарды, концентрацияланған диффузиялық шырындар.
Мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың тамақтан улануының алдын алу үшін келесі сақтық шараларын сақтау қажет:
— тамақ өнімдерін сақтау, өңдеу және дайындау кезінде тиісті таңбалануы бар бөлек (шикі және дайын өнім үшін) технологиялық және тоңазытқыш жабдықтарды, өндірістік үстелдерді, бөлшектеу мүкәммалы (пышақтар мен тақтайлар), ас үй ыдыстарын пайдалану;
— тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын олардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжаттар болған жағдайда ғана (декларациялар, сертификаттар, ветеринариялық анықтамалар және т. б.) қабылдауды жүзеге асыру;
— тамақ өнімдерінің сақтау мерзімі, сақтау шарттары және тауар көршілестігіне қойылатын талаптарды сақтау;
— тамақ дайындау кезінде аспаздық өңдеу ережелерін сақтау (температуралық режимі, тағамның дайындалу уақыты);
— стерильді ыдыстарға дайын тамақ өнімдері мен аспаздық тағамдардың тәуліктік сынамаларын алуды, оларды дайын тамақ өнімдеріне арналған тоңазытқыш жабдықтарында 48 сағат бойы +2 °C – +6 °C температурада сақтауды қамтамасыз ету;
— дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, ас блогында күнделікті ылғалды жинау және жалпы тазалау жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру;
— қызметкерлер белгіленген тәртіппен мерзімдік медициналық тексеруден, гигиеналық оқытудан өтуге, жеке гигиена ережелерін сақтауға міндетті.
Алдағы келе жатқан мерекелер қарсаңында мектепке дейінгі ұйымдарда санитариялық қағидаларды бұзуға жол бермей, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болуы қажет.
Балалардың өмірі мен денсаулығы – басты құндылық екенін естен шығармайық.
Мұхамғали Арыспаев,
Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
басшысының орынбасары



