Руханият

Балалар әдебиетін қалай өркендетеміз?

 Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен тұңғыш рет Ұлттық кітап күнін кең көлемде атап өттік. Бұл Қазақстан халқының мәдени-рухани дамуына, білімдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға үлес қосатын, кітап пен оқуға деген құрметті арттыратын маңызды мемлекеттік бастама болып табылады.

Енді елдің рухани-мәдени деңгейін өсіретін іс-шаралар жүйесінде балалар әдебиетін қолдауға ерекше басымдық беруіміз керек. Өйткені балалар әдебиеті – елдің рухани қауіпсіздігі мен интеллектуалдық әлеуетін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды ресурс. Оны қолдау арқылы білім беру сапасын арттыруға, мемлекеттік тілді дамытуға, мәдени мұра мен ұлттық кодты сақтауға зор мүмкіндік туындайды.

Белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың: «Балаға арнап жазу – ең қиын әрі ең жауапты іс. Себебі сен оның санасын емес, жүрегін тәрбиелейсің» деген даналығына өз деңгейінде назар аударуымыз қажет. Америкалық ғалым Бруно Беттельгеймнің: «Ұлттың рухани келбеті – оның балалар әдебие­тінен көрінеді» деген пікірі де ерекше мәнге ие.

Шынында, балалар әдебиеті – тек қызықты оқиғалар тізбегі ғана емес, баланың дүниетанымын қалыптастырып, моральдық құндылықты ұғындыруға көмектесетін рухани тәрбие құралы. Оны оқу арқылы бала адалдық, қайырымдылық, батылдық, достық, отансүйгіштік сияқты қасиетті бойына сіңіреді.

Дамыған әлем елдері дәл осы тәрбиелік күшке сүйене отырып, балалар әдебиетін кешенді түрде қолдауға ерекше мән береді, сапалы шығармалар шығару мен оқыту әдісін жетілдіреді. Мәселен, Оңтүстік Корея, Финляндия және Германия сияқты елдердің тәжірибесі бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың, кітапхана жүйесін дамыту, авторлар мен баспагерлерді ынталандыру және қоғамның белсенді қатысуының маңыздылығын айқындап отыр.

Оңтүстік Кореяда балалар әдебиетін қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Үкімет кітапхана жүйесін дамытуға, заңнамалық базаны жетілдіруге, кітап сапасына жоғары талаптар қоюға және ұлттық оқуды насихаттауға баса назар аударады. Мемлекет балалар жазушылары мен иллюстраторларына жыл сайын арнайы сыйақы белгілеп, халықаралық байқаулар арқылы шығармашылығын ынталандырады. Сонымен бірге «Ғажайып кітапхана» жобасын жүзеге асырып, балаларға ыңғайлы заманауи кітапханалар желісін құрды.

Финляндия үкіметі жыл сайын балалар кітабын шығаруға арнайы гранттар бөліп, мектеп кітапханаларын тұрақты жаңғыртып отырады. Ұлттық баспаларға баяу сатылатын кітаптарды сатып алуға субсидия тағайындайды. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер әдебиеті үшін марапаттау жүйесі қалыптасқан. Балалар әдебиеті елдің ең басты құндылығы екенін дәлелдейтін тағы бір дәлел – кейбір мектептерде мұғалімдердің кітапхана қызметі бойынша арнайы даярлығынан өтіп, оған сәйкес қосымша ақы алады. Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде «Балаға кітап оқуға арналған сыйлық», «Дауыс­тап оқу», «Әр балаға арналған кітап сөмкесі» сияқты ұлттық бағдарламалар табысты жүзеге асырылуда. Балалар әдебиетін мемлекеттік қолдау іс-шаралары Ұлыбритания, Германия, Норвегия сияқты елдерде де жақсы дамыған.

Қазақстанда бұл салада бірқатар кемшілік байқалады. Қолда бар дерекке сүйенсек, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты мектептерде қазақ тіліндегі кітап қорының үлесі 39 пайыз болса, оның тек 11,8 пайызы ғана заманауи қазақ әдебиетін құрайды. Мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын балалар әдебиетінің жылдық көлемі орта есеппен 30-40 атаудан аспайды.

Ал 15 жастағы қазақстандық білім алушылардың жалпы орташа балы PISA-2022 зерттеуіндегі оқу сауаттылығы бойынша 386 балл­ды құрады, бұл экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің орташа көрсеткішінен 90 балға төмен және зерттеуге қатысқан 81 елдің ішінде 61-орынға сәйкес келеді. Білім алушылар арасында оқу сауаттылығы бойынша ауыл (357 балл) мен қала (394 балл) арасындағы алшақтық 37 балды құрады. 2018 жылғы мәліметтермен салыстырғанда екі топтың да көрсеткіші 7 балға төмендеген.

Қазақстанда балалардың тек үштен біріне жуығы ғана жаңа кітапты өз еркімен оқиды. Ал ауылдық жердегі балалардың басым көпшілігі көркем әдебиетті тек мектеп тапсырмасын орындау үшін оқитыны анықталды. Халықаралық ұйым бұл нәтижелерге сүйене отырып, қазақ балаларының көркем әдебиетке қызығушылығы төмен және оқу мәдениетінің жеткіліксіз деңгейде екенін атап көрсетті. Бұл жағдайға бірнеше фактор әсер етеді.

Біріншіден, балалар жазушылары мен баспагерлердің айтуынша, кітаптардың орташа таралымы 1000-2000 дана аралығында ғана болып, бұл бүкіл республикадағы балаларды қамтуға жеткіліксіз. Екіншіден, балаларға арналған анимациялық әдебиет, инклюзивті бағыттағы және көптілді контент секілді заманауи бағыттар назардан тыс қалып отыр. Балалар әдебиетіне жасалған инвестиция – ұлттың болашағына жасалған ең сенімді әрі ұзақ мерзімді инвестиция.

Жоғарыдағы жағдайды ескере отырып, мынадай ұсыныстарды жүзеге асыруға қолдау көрсеткенді жөн деп санаймыз:

  1. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту минис­трлігі бірлесіп, балалар әдебие­тін дамытуға арналған ұлттық стратегияны қабылдауы қажет. Қажет болған жағдайда Ұлттық кітапхана туралы заңды дайындап, қарастыруы тиіс.
  2. Қазақ тіліндегі балалар әдебиетін цифрлық форматта дамыту мақсатында ұлттық онлайн-платформа құру және ауылдық аймақтарда жылжымалы кітапханалар жүйесін кеңейту арқылы барлық балаларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды.
  3. Балалар әдебиеті саласында еңбек ететін жас қаламгерлер мен баспагерлерге арнайы стипендиялар тағайындап, салықтық жеңілдіктер беру және шығармашылық резиденциялар жүйесін енгізу қажет.

Рүстем РҮСТЕМОВ,

Сенат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button