Балалар әдебиеті – рухани тәрбие өзегі

Астанадағы Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицей кітапханашылары Құндыз Қозыбаева мен Таңшолпан Исмаилованың ұйымдастыруымен «Балалар кітапханасы» жобасы аясында «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» тақырыбындағы 9-20 ақпан аралығындағы онкүндік салтанатты түрде ашылды.
Танымдық әрі қызықты форматта өткен бұл іс-шара оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Онкүндіктің ашылу рәсімі дәстүрлі баяндамалармен емес, ойын түрінде ұйымдастырылуымен ерекшеленді. Оқушылар «Рухани қазынаны тап», «Сұрақтар мен жауаптар», «Кітапты тап», «Жаңылтпаштар» сияқты ойындарға белсене қатысып, өз білімі мен тапқырлығын көрсетті. Бұл формат балалардың жас ерекшелігіне сай келіп, әдебиетті еркін әрі қызығушылықпен қабылдауына мүмкіндік берді. Балалар әдебиеті – ойын, ертегі, өлең арқылы баланың рухани дүниесін байытып, қиялын дамытып, адамгершілікке тәрбиелейтін маңызды құрал. Осындай әдеби шығармалар арқылы оқушының сөздік қоры молайып, ойлау қабілеті, сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Жиында балалар көркем сөзге деген құрметін көрсетіп, мәнерлеп оқу дағдыларын шыңдады.
Онкүндіктің басты мақсаты – оқушыларды көркем әдебиетке баулу, балалар әдебиетінің тәрбиелік мәнін арттыру, оқырмандық мәдениетті қалыптастыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар, оқушылардың сөйлеу мәдениетін жетілдіру, көркем сөзді қадірлеуге тәрбиелеу де негізгі міндеттердің бірі болды. Іс-шара барысында оқушылардың белсенділігі мен қызығушылығы балалар әдебиетінің бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтпағанын көрсетті. Кітапхана қабырғасында өткен бұл мазмұнды бастама – жас ұрпақтың рухани әлемін байытып, кітаппен дос болуына жол ашатын маңызды қадам. Осындай тәрбиелік мәні зор жобалар баланың рухани дамуына серпін беріп, кітап оқитын, ойлы, мәдениетті тұлға қалыптастыруға негіз болары сөзсіз.
Назгүл БИКЕТОВА,
Шәкәрім атындағы №56 мектеп-лицей директорының орынбасары



