
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елордалық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері №25 «Таңшолпан» балабақшасы тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен қаржылық және цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне арналған кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz .
Ведомство мамандары қаржылық алаяқтықтың заманауи схемалары, цифрлық сервистерді пайдалану кезіндегі тәуекелдер туралы кеңінен айтып, жеке деректерді, банк шоттарын және онлайн-аккаунттарды қорғау бойынша практикалық ұсынымдар берді. Қаржылық пирамидалар тақырыбына ерекше назар аударылды.
Ата-аналарға мұндай схемалардың негізгі белгілері түсіндірілді: тәуекелсіз жоғары табысқа кепілдік беру, қаржылық қызметтің ашық болмауы, төлемдердің жаңа қатысушыларды тарту есебінен жүзеге асырылуы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі агрессивті жарнама. Мамандар инвестициялық ұсыныстарды сын тұрғысынан бағалап, ұйымдардың қызметінің заңдылығын тексеру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ қатысушыларға интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары, онлайн-сатып алулар мен аударымдарды қауіпсіз жасау ережелері және балалар мен ата-аналар арасында цифрлық ортада жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру туралы еске салынды.
Іс-шараға 65 ата-ана қатысты. Кездесу барысында олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жағдайлар бойынша түсіндірме алды.
Мұндай түсіндіру іс-шаралары халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және цифрлық кеңістікте қауіпсіз мінез-құлықтың тұрақты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.



