Басты ақпаратҚоғамМәселе

Бала тәрбиесі тек мектептің міндеті ме?

«Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет. Ұл-қыздарымыз жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын ажырата білуі керек» деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде.

Қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселенің бірі – бала тәрбие­сі. Қазіргі кезде баланың біраз уақыты мектепте өтеді. Бір кездегі мектептің үлгілі бала үлгісін қалыптастыратын орта, әлеуметтік статусы бұлыңғырланды. Соңғы кездері ата-ананы жұмысбастылығы мен күнкөрістік, тұрмыстық асыраушы қызметін бала тәрбиесіндегі олқылықтың орнын ақтап алғандай ретінде қараймыз. Көп жылғы мемлекетіміздегі өтпелі кезеңнен де көп зардап шегіп келе жатқан – осы балалар тәрбиесі. Қазір бірен-саран ата-ана болмаса, көпшілігі балаларды тәрбие жағынан мектепке, кейін интернетке жүктеп қойған. Оларға бағыт беретін мектептің ішкі ахуалының бәрі тамаша емес. Интернеттің жағдайы белгілі. Баланың психологиясы, өсу, жетілу, қабылдау, даму физиологиясы өзгерді. Жалпы «Қызым үйде, қылығы түзде» деген сөздің төркініне бойлап, олардың тәр­биесін ойлап жүрміз бе?

– Біз көбінесе бала тәрбиесі дегенге мектеп, ата-ана секілді шектеулі аяда қараймыз, жалпы бала тәрбиесін қоғамдағы күнделікті ақпараттық жүйедегі жағымды-жағымсыз жаңалықтар мен айналамыздағы болып жатқан қонымды-қонымсыз өзгерістерден бөлек қарау ойға қонымсыз. Кейінгі кезде балалардың қатысуымен орын алып жатқан бұзақылық пен қылмыстар – үйдегі тәрбиеден бөлек, сол қоғамдық салқындықтың зардабы. Бала мектепте болған кезінде ата-ана өзінің ата-аналық міндеті мен парызынан уақытша немесе толықтай құтылғандай сезінеді. Әйтеуір, мектепте болса, «құлағым тыныш» дегендей. Ал бұзақылық жасап, ата-ананы шақыртсаң, жалпы балаға «шаң жуытпайды», ол да түсінікті және мұғалімді кінәлайды. Әрине, мұғалімнің барлығы өз міндетін талапқа сай атқарып жүр деп те айта алмаймыз. Бірақ көпшілік ата- ана қай кезде де мектепке іс түссе, міндетсінеді, себебі біз, мұғалімдер, сол үшін ақшаны «күреп отыр­ғандай». Баланың қай кезде де, қоғамда да болмасын бас ұстазы – ата-ана. Мектеп пен ата-­ана бала тәрбиесінде өз орнын түсініп, бірлескенде ғана «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейтіні, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтіні» анық, – деді Тұрсынбек Кәкішұлы атындағы №94 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бауыржан Өмірзақов.

Балабақша, мектеп, колледж, университет деп жал­ғаса беретін оқу-ағарту, білім-ғылым бағытындағы мемлекеттік ұйымдар білім беріп, ілім үйреткенмен, отбасындағы әке-шешенің, ата-әженің тәлім-тәрбиесін бере алмасы анық. Дана халқымыз бұл тұрғыда «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деді. Бұрынғылар «Балаңды емес, өзіңді тәрбиеле» дегенді де айтқан. Шындығы сол, ұрпақ ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі.

– Ата-ананың дені тәрбие­ні де мемлекеттік институттарға жүктеп қойған. Ұл-қызымыздың қарны тоқ, көйлегі көк болса болды, болашақта одан жақсы адам шығады деп ойлау – үлкен қате! Мұнда мен біздің ұстаздарға кінә тағудан аулақпын. Олар бекітілген стандарттарға сай тәлім-тәрбиені мүмкіндігінше береді. Алайда сол сабақтар үйде ата-ана тарапынан қуатталмаса, әлі қалыптаспаған бала санасы сансырап қалмай ма?! Дәстүрлі қазақ қоғамында отбасы институты тәрбиеде үлкен рөл атқарады. Ата-әженің ақылымен былдыр-былдыр тілі шыққан балдырған жақсы-жаманды ажырататын еді. Бұғанасы бекігенде обал-са­уапты білетін. Ұлттық тамырдан ажыраған «ежірей» ұлдар мен «бедірей» қыздар «бостандық» деп бебеулеп, ата-енеден бойын аулақ салып, ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастықты үзді, желіні бұзды. Әрине, мұнда жаһандануға байланысты қоғамдық құндылықтардың өзгеруі көп әсер етті. Дегенмен қазақы қалыптан шықпаған, қарияларын қазынасына балап отырған шаңырақтар да бар. Байқасаңыз, олардың өсіріп отырған ұл-қызының жүзі жылы, мінезі нұрлы. Кемпір-шалдың тәрбиесін көрген біз 20 жыл бұрын шаңырақ көтердік. Құдайдың бергені шығар, көпбалалы отбасы атандық. Тұңғышымыз мектепке барғанда мұғалімнің: «Баланың тәрбиесіне алдымен ата-ана жауапты. Сіздер үйде қандай болсаңыздар, балаларыңыз мектепте сондай болады» дегені есте қалыпты. Кейіндеу өзім облыстық арнада «Әкелердің әңгімесі» деген бағдарлама жүргіздім. Ұрпақ тәрбиесіне қатысты аузы дуалы талай әкемен сұхбат құрдым. Көзімнің жеткені – ұл-қызыңның тәрбиесімен өзің айналыспасаң, біздің заманда пиғылы жат, ниеті бұзық «тәрбиелеушілер» көп. Опық жеп қаласың. Дана қазақ «Тәрбие – тал бесіктен» дегенді қалай ғана тауып айтқан! Сондықтан бала тәрбиесіне ата-­ана немқұрайды қарамауы ­қажет, – дейді журналист ­Данияр Болысбекұлы.

Отбасындағы тәрбиеге келгенде ата-ана осалдық танытса, ұл ұя бұзып, қыз қылығын жоғалтады. Ұрпақ мықты болып өсуі үшін ата-ананың жауапкершілігі болуы керек. Қалай болған күнде де бала тәрбиесін мектепке теліп қоюға болмайды.

– Бүгінде жұмысбасты ата-ана баласының тәрбиесіне жеткілікті уақыт бөле бермейді де, бұл міндетті көбіне мектепке ысыра салады. Тәрбиенің негізі үйде қаланбаса, ата-ана баласына үлгі бола алмаса, мектеп баланың мінезі мен құндылығын толықтай дамыта алмайды. Тәрбие ең алдымен отбасында берілуі тиіс, ал мектеп оны толықтырып, бағыт-бағдар береді, – деді Астана қаласындағы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі директорының бейіндік жұмыстар жөніндегі орынбасары Жанаргүл Дүйсенғалиева.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button