Бала қауіпсіздігі маңызды

Елордадағы мектептерде жазғы демалыс басталғалы «Қауіпсіз терезе» және «Балалар қауіпсіздігі» тақырыптарында ақпараттық-түсіндіру дәрістері өткізілді. Ата-аналар мен оқушыларға арналған іс-шараларды Астана қалалық Білім басқармасы, қалалық Полиция департаменті бірлесіп ұйымдастыруда.
Кезекті осындай іс-шара Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназияда өтіп, оған жазғы лагерьде демалып жүрген балалар мен олардың ата-аналары, аталған мектеп ұстаздары қатысты. Жиында оқушыларға тұрмыста және қоғамдық ортада сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құқықтық жауапкершілік туралы ақпарат берілді, сонымен қатар қауіпсіз өмір салтының маңызы ұғындырылды. Бұл жұмыстарды жүргізуге Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова, Сарыарқа ауданы Полиция басқармасы ювеналдық учаскелік полиция инспекторы, ювеналдық полиция басқармасы Кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі полиция лейтенанты Айзада Ергешова, Психологиялық қолдау орталығының психологы Яков Борисов атсалысты.
– Қауіпсіздік – әр бала үшін маңызды, бұл әр ересектің жауапкершілігі. Сондықтан мұндай дәрістер Астана қаласының барлық мектебінде өтіп жатыр. Қазіргі таңда білім беру орындарында Ата-аналарды психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сол орталықта ата-аналармен өткен ашық сұхбат кезінде құқықбұзушылықтың, суицидтің және буллингтің алдын алу мәселелерін көтердік. Оларды қазіргі таңда мазалайтын мәселелерді бірге шешуге шақырдық, – дейді Г.Хасенова.
Іс-шараның бағдарламасына сәйкес алдымен балалар қауіпсіздігіне арналған интерактивті дәріс өтті, сосын құқықтық сұрақтар бойынша мамандардың түсіндіру жұмыстары жүргізілді, балаларға жолда жүру ережелері түсіндірілді. Лагерьде демалып жүрген бастауыш сынып оқушылары «Жас жол сақшылары» көрінісін қойды.