Бала қауіпсіздігі – баршаға ортақ

Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында «Білім және қауіпсіздік: бірлескен қадамдар» атты кең ауқымды форум өтті. Іс-шараға ұстаздар, ата-аналар, қоғам белсенділері, блогерлер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Форумның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін бірлесіп талқылау, тиімді шешімдер ұсыну.
Форумға модератор ретінде тележүргізуші Айгүл Мүкей қатысты. Ол қатысушылармен еркін форматта пікір алмасып, өткір де өзекті мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, интернеттегі киберқатерлер мен алаяқтық, жасөспірімдер арасындағы ойынқұмарлық, ата-ананың жауапкершілігі, мектеп психологтарының рөлі және жаз мезгілінде оқушыларды жұмыспен қамту мәселелері көтерілді. Ұйымдастырушылар бұл форумның ерекшелігі ретінде ресми баяндамалардан гөрі ашық диалог пен нақты өмірден алынған мысалдарға негізделген тәжірибе алмасу екенін атап өтті. Бұл формат қатысушыларға өз ойын еркін жеткізуге, тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік берді.
Сарайшық ауданы прокурорының орынбасары Елжан Байдәулет форумда балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру тек білім беру саласының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін атап өтті.
«Балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру – бұл тек бір мекеменің міндеті емес, қоғамның жауапкершілігі. Егер біз шынымен өзгеріс болсын десек, бір тілде сөйлеп, бір-бірімізді тыңдай білуіміз қажет. Баламен сөйлесу арқылы ғана байланыс үзілмейді. Мұндай диалог алаңдары күнделікті тәжірибеге айналуы керек» деді ол.
Форум аясында Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Құқық бұзушылықтың алдын алу: өскелең ұрпақтың көзқарасы» атты шығармашылық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл бәйге жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын айқындайды.
Жиын қорытындысында қатысушылар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі деген ортақ пікірге келді. Мұндай шаралар қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған нақты қадам екені сөзсіз.