Бала қауіпсіздігі бәрінен маңызды

– Балалардың құқығын қорғауды күшейту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі ең өзекті тақырып. Бұл бағытта елімізде бірқатар іс-шара қолға алынған. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғау туралы заңға қол қойды. Бұл заң бала қауіпсіздігі ел жауапкершілігі екенін аңғартты. Бала өмірінің қауіпсіздігі әр кез ата-ана мен мұғалімнің, тіпті қоғамның әрбір мүшесінің ойында тұруы керек. «Менің балам емес қой» деп көшедегі қауіп төнген баланы қараусыз қалдыруға болмайды. Балалар күнделікті жүретін жол қиындықтарын білуі тиіс. Мәселен, оқушылардың ойын білу үшін жиі кездесіп, тілдесіп отырамын. Сондай кездесулердің бірінде жасөспірім Мәңгілік ел даңғылындағы бағдаршамның бірі тез сөніп қалатынын айтқан еді. Оқушылардың өздері осындай ұсыныспен келетіні қуантады.
Президент тапсырмасымен балалар құқығын қорғау бағытында бірқатар бастамалар жолға қойылып келеді. Қауіпсіз орта қалыптастырып, балалардың, ата-аналар мен педагогтардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында орта білім беру ұйымдары мен колледж базасында «Ата-аналарды педагогикалық қолдау кабинеттері» ашылды. Елордада «Психологиялық қолдау орталығы» да жүйелі көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар қамқоршылық және қорғаншылық қызметінің мәртебесі нығайып, 5 мың балаға бір маманнан кем емес норматив белгіленді. Жақында балалар құқығын қорғау бағытында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы қабылданатыны баршаға белгілі болды. Бұл бүлдіршіндерге қатысты барлық сұрақты жүйелеп, тиімділігін еселеп арттыруға мүмкіндік береді деп сенемін.
Білім беру ұйымдарында «111» байланыс орталығына қолжетімділікті арттыру үшін арнайы QR-кодтар енгізілді. Бұрын балалар психологиялық қолдау алу үшін байланыс орталығына тек телефон арқылы ғана хабарласа алатын, ал енді олардың QR-кодтар арқылы сұрау жіберу мүмкіндігі бар.
Қалалық Білім басқармасы, Полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімі, Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссия, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы, өзге де мемлекеттік әрі қоғамдық ұйымдармен бірлескен профилактикалық іс-шараларды өткізудің маңызы айрықша. Мұндай кешенді іс-шаралар барысында балалармен тікелей тілдесіп, негізгі мәселелер анықталады.
Ата-ананың мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатуы, мектеп психологымен сөйлесіп отыруы бала тәрбиесі үшін өте маңызды. Неғұрлым ата-ана мектеппен жиі қатынасып тұрса, соғұрлым баласының мектептегі жағдайын, оның айналасын, достарын біліп отырады. Ал ол өз кезегінде баланы дер кезінде дұрыс бағыттап, туындап жатқан мәселелерін уақытылы шешуге септігін тигізеді. Ата-ана баласының мектептегі іс-әрекетін біле бермейді. Сондықтан оларды тәрбие жұмысына барынша тарту мақсатында әр мектепте «Әкелер кеңесі» белсенді жұмыс істеуде. Сол секілді ұлт тәрбиесін насихаттап келе жатқан «Аналар тобы» мен «Қыздар тобының» білім ошақтарында болуы маңызды.
Қоғамда әр баланың құқығы бірдей. Мәселен, инклюзивті білім беру – тең қоғам құрудың іргетасы. Ерекше балаларға, сол секілді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да әлеуметтік қолдау көрсету – бүгінгінің кезек күттірмейтін мәселесі.
Ата-ана назарынан тыс қалған кезде жасөспірімдер өз бетімен, дәлірек айтқанда, ғаламтор арқылы өмір сүруге дағдыланып, жаһандық «тордың» тұтқынына айналады. Сондықтан ата-аналарға айтарым, бүлдіршінді телефон тәрбиелемесін десеңіз, баламен ашық сөйлесіп, көңіл бөліп, мектептегі, тіпті ауладағы болып жатқан құбылыстардың бәрін сұрап, біліп отыру керек. Ел астанасы өзгелерге қауіпсіз ортасымен үлгі болуы қажет.
Әсима БИМЕНДИНА,
Астана қаласы бойынша
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл