Құқық

Бала қараусыз ­қалмасын!

Жыл басынан бері елімізде 90 бала терезеден құлап кетсе, соның 40-ы Астанада болыпты. Елордада көпқабатты үйлерден құлаған бұл балалардың 10-ы көз жұмған. Полиция мен төтенше жағдай қызметкерлері дабыл қағып, ел ішінде қайғылы жағдайдың алдын алу бағытында түсіндіру жұмысын күшейтті. Дегенмен ең алдымен ата-ананың мұқияттылығы мен жауапкершілігі керек-ақ.

Бас қаладағы осындай оқиғалардың соңғысы биыл 19 маусымда болған. 2 жасар бала елордадағы көпқабатты үйдің 5-қабатынан құлап кеткен. Сәби сол пәтерге келген қонақтардың баласы болып шыққан. Ересектер жағы залда отырғанда, бала асханада өз бетінше терезе алдына шығып, әрі қарай асылып, құлап кеткен. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген балаға медициналық көмек көрсетілген.

Елорда полициясы ата-­аналарды балаларына мұ­қият болуға шақырады. Өйт­кені мұндай жағдайлардың көбі үлкендер тарапынан балаға дұрыс қарамаудың, қарапайым сақтық ережелерін сақтамаудың салдарынан болады. Қайғылы оқиғалардың тағы бір басты себебі – балалардың масадан қорғайтын москит торларына сүйенуі. Бұл торлар баланың салмағын ұстап тұра алмайды. Елімізде былтыр осындай 196 жағдай тіркелген. Көп жағдайда терезеден құлау ата-ананың қарауынсыз қалған 2-13 жас аралығындағы балалар арасында болады.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтау керек: терезені ашқанда немесе бөлмені желдеткенде сол жерде балаларды қарау­сыз қалдырмаңыз; үйде үлкендер жоқта балалардың балконға шығуына ты­йым салыңыз және ересек адамдармен бірге шығуын қадағалаңыз; кішкентай балаларды, тіпті олар ұйықтап жатса да пәтерде жалғыз қалдырмаңыз; бала терезе­нің алдына шығып кетпес үшін жиһаздарды, әсіресе кереует пен орындықтарды терезеден алыс қойыңыз; бала терезеден қарауы үшін аяғының астына заттар қо­йып, терезеге асылуына жол бермеңіз, бұл әрекетін бірден тыйып тастаңыз, баланы терезенің алдында ойнатпаңыз; баланың терезені өз бетінше ашуына кедергі келтіретін қауіпсіздік құлыптарын (блокаторлар) орнату керек.

Балаңыздың қауіпсіздігі – өз қолыңызда. Тек аса мұ­қият болу және үлкен жауапкершілікпен ғана қайғылы жағдайдың алдын алуға болады.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button