Басты ақпаратҚоғам

Бала өлкені қалай танып біледі?

Елімізде 6,8 миллионнан астам бала бар. Ал бас қалада 526 667 бала тіркелген. Олардың жазғы демалысын тиімді әрі қызықты етіп өткізу аса қажет екені сөзсіз. Әсіресе, жас өрендердің туристік мәдениетін қалыптастыру – оқу-тәрбие үрдісінің маңызды бөлігі. Бұл бағытта балалар туризмі қаншалықты дамып келеді? Оқушыларға биыл рухани өлкетану сапарлары ұйымдастырылды ма?

Кешенді қадамдар қажет

Отандық туризм әлеуетін дамытудың негізгі бастауында балалар туризмі тұр. Балалардың ой-өрісін кеңейтіп, мәдени мұрамен, тарихпен және дәстүрмен танысуға мүмкіндік беретін бұл бағыт елімізде жүйелі түрде қолға алынбаған. Себебі, туризм­нің бұл бағытын дамытатын арнайы кешенді бағдарлама не мемлекеттік-нормативтік құжат жоқ. Тек жақында ғана Үкімет отырысында елімізде 2029 жылға дейінгі балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға арналған жол картасы әзірленгені мәлімделген еді.

Осы тұста балалар туризміне қатысты деректі Оқу-ағарту министрлігінен сұраған едік. Жауапты министрлік мәліметінше, 2024-2025 оқу жылында республика көлемінде турис­тік-өлкетану ісімен 69 733 оқушы қамтылған. Оның ішінде жас туристер станциялары мен орталықтарына 32 524 бала, мектеп жанындағы туристік-өлкетану үйірмелеріне – 21 766 бала, оқушылар сарайларындағы үйірмелерге 15 443 бала баруда.

– Оқушылардың бойында патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 800 мыңнан астам бала «Менің Отаным – Қазақстан», «Атамекен», «Шұғыла», «Жас сая­хатшы», «Туған елге – тағзым», «Болашақ» секілді оқушылардың туристік-өлкетану қозғалысы бағдарламалары мен скауттық қозғалыстың шатырлы лагеріне қатысты. Республика бойынша және шетелге 15 мыңға жуық туристік жорықтар, экскурсиялар мен сапарлар ұйымдастырылуда, – делінген жауапта.

Бас қала бойынша айтсақ, елордалық Білім басқармасы берген ақпаратқа сәйкес, биыл 9 мектеп қабырғасында археологиялық лагерь аясында рухани сапарлар өткізіледі деп жоспарланған. Алайда, біз хабарласқан бұл мектептердің тек біреуі ғана оқушыларға қала сыртындағы демалысты ұйымдас­тырған. Ал Астана бойынша 122 мемлекеттік мектеп барын ескерсек, өзге мектептер де бұл жұмысқа тартылуы керек-ақ.

Білім ошақтары бірдей ат салысса…

Рухани сапар өткізген елордалық Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің музей меңгерушісі Сәуле ­Жұмабекқызы бала тәрбиесі туған өлкені танумен қатар жүруі қажет екенін айтты.

– Жыл сайын мектебіміз өлкетану сапарларын ұйымдас­тырып отырады. Басты мақсат – елдің тарихын оқушыларға таныту, археология ғылымымен таныстыру, белгілі бір мамандық таңдауға бағыттау. Бұған дейін Ұлытау, Баянауыл, Маңғыстау, Түркістан өңірлерінде, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында балалармен бірге болдық. Барлық сапар тек ата-аналардың қаржыландыруымен жүргізіледі.

Биыл Абай облысы, Абай ауданы, Тоқтамыс ауылынан 2,6 шақырым жерде Қырықүңгір қорымында археологиялық экспедиция жүргізілді. Осы экспедицияға 10 оқушы қатысты. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Жидебайдағы қорық-мұражайына, Қоңырәулие үңгіріне де тоқтадық. Тоқтамыс батырдың ұрпағымен кездесіп, оқушылар ғибратты әңгімелерді тыңдап қайтты. Батырдың ұстаған заттары сақтаулы екен. Тоқтамыс батырдың жорықтарға алып шығып, жауынгерлердің жеңіске деген рухын көтерген Туын көзімізбен көріп, ерекше сезімде болдық.

Оқушылар мұндай сапарлардан кейін әрі қарай бұл тақырыптарға қызығып, зерттеу жұмыстарын жазып, түрлі сайыстарда қорғап жатады. Яғни, балалар мектеп бағдарламасымен ғана шектелмей, еліміздегі әр өңірдің тарихымен танысады, оқулықтардан білгендерін іс жүзінде көреді. Мұндай жоба барлық мектепте болуы тиіс. Қазірде гаджетке тәуелді балалар үшін рухани сапарлар ой-санасын кеңейтеді әрі денесін де шынықтырады, – деді С.Жұмабекқызы.

Спикердің айтуынша, мектеп археологиялық экспедицияларды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен екіжақты меморандум негізінде бірлесе жүргізеді. Экспедицияға жетекшілік еткен университеттің Тарих факультеті археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлан Үмітқалиев 12 жыл уақыт бойы оқушылармен бірге Абай облысы аумағында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келетінін айтты.

– Университет бастамасымен Абай облысы, Абай ауданы аумағында пәндік, археология­лық-этнографиялық жазғы мектеп жыл да өткізіледі. Биыл оған шетелдерден, Англияның Кембридж университеті, Қытайдың Фудань университеті, Ресейдің Жаңасібір мемлекеттік университетінен бірқатар ғалымдар ат салысып, 150-ге жуық студент пен мектеп оқушысы қатысты. Жазғы мектеп жас буынға Абай ауданы төңірегіндегі археологиялық ескерткіштерді таныстыру, өлкетануға деген қызығушылықты арттыруға бағытталып отыр. Сол өлкедегі Қырықүңгір қорымында қола дәуірінің осыдан 4 мың жыл бұрынғы архитектуралық құрылымда жасалған көне пирамидаларды оқушылар бірге зерттеді. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай жолымен» атты тақырыпта кемеңгер ойшылдың туған жері Сырт Қасқабұлақ, ғашығы Тоғжанның бейітін, Мұхтар ­Әуезовтің сабақ берген мектебінің орнын және Көксерек оқиғасы болған жерлерді тамалашадық. Бұл археологиялық экспедициялардың бастамасы да сол, шетелдік ғалымдардың бізбен бірге жұмыс істеуі. Көне пирамадаларды әлемдік деңгейдегі ескерткіш деп танып, ғалымдар тарапынан сол өлкедегі туризмнің орталығына айналдыруға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Еліміздің әр өңірінде мұндай зерттеу жұмыстарын атқарып, әрі бұл іске балаларды тарту қажет деп ойлаймын. Шынында, барлық университетте мұндай сапарлар ұйымдастырыла бермейді. Оқушыларға ел тарихын оқытып қана қоймай, осы бастан-ақ болашақ археолог не тарихшы болуға кәсіптік бағдар беру маңызды, – деді профессор.

Ел көріп, мамандық таңдайды

Мектеп оқушысының болашақ мамандығын өлкетанулық сапарлар барысында таңдау­ға мүмкіндік алуы да – білім беру үрдісін жетілдіре түседі. Бала­лар­дың жаңа қырынан ашылуына да септігі мол. Биыл елімізде бұл бағытта бірегей бағдарлама «Туған елге саяхат» атты лагерь барысында ұйымдастырылып, 400 бала екі ауысымда Астана, Екібастұз, Балқаш, Түркістан және Алматы қалаларын аралады. Аталмыш жобаны «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы бірлесіп жүзеге асырып келеді.

– Лагерь бағдарламасы ел тарихы мен мәдениетімен танысуды мазмұнды кәсіби бағдар беру бөлімдерімен ұштастырады. Қатысушылар елдің негізгі тарихи-мәдени нысандарын тамашалап қана қоймай, түрлі салаларда жұмыс істейтін ірі өндірістік кәсіпорындарды аралап, нақты процесті көзбен көреді. Астанада оқушылар ҚТЖ-ның өндірістік базаларында, Екібастұзда – ­ГРЭС-те, Алматыда – «Эйр Астана» авиациялық зауытында, ал Балқаш пен Түркістанда – қалалардың туристік және тарихи орындарында болды. Балалар пойыз арқылы саяхаттап, оған полиция жасақтары тартылып, қажетті қауіпсіздікті қамтамасыз етті, – деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры ­Альфия Адиева.

Бала тәрбиесі Отанды сүю, туған өлкені тану, ел тарихын білу ұғымдарымен ұштасып отыруы керек. Соның негізі, балалар туризмі тиімді демалыс­тың тетігіне айналып, жүйелі түрде дамытуды қажет етіп отыр.

Индира БЕРЖАНОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button