Мәдениет

Бала күннен әнге құштар

Ән десе ішкен асын жерге қоятын қазақ халқының кең сахарасында күміс көмей, жез таңдай әншілер аз болмаған. Осындай қасиетті өнердің бүгінгі белді өкілдерінің бірі – дәстүрлі ән өнерінің үздік орындаушысы, сахна мәдениетін берік ұстанған Нұрай Танабаев.

Ол – бүгінгі заманның сырбаз сал-серісі. Ол тек әншілігімен ғана емес, киім киісімен, сахнадағы жүріс-тұрысымен, дауыс мәнерімен де тыңдарманын бірден баурап алады. Оның бойынан табиғи талант пен терең таным, сырбаздық пен сыпайылық қатар көрініс табады. Ол – әнші ғана емес, нағыз өнер иесінің болмысына лайық тұлға.

Бала күнінен домбыраны серік еткен әнші Алматыдағы республикалық эстрада және цирк студиясында Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Қайрат Байбосыновтың шәкірті болды. Қайрат Байбосыновтың мектебі – сал-серілік рухтың, саф өнердің сарқылмас қайнар бұлағы. Нұрай – осы бұлақтан мейлінше сусындап, өнерге адал қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған жан. Біз оны өнерге келу жолы туралы сөзге тартқанымызда, әнші өз өнер жолы мен сахнаға деген ықыласы жайында ақтарыла әңгімеледі.

– Мен ән мен күй дарыған, жел тұрса қурайы да ән салатын Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сәуле ауылында дүниеге келдім. 1974-1984 жылдары Қ.Нұржанов атындағы орта мектепте білім алдым. 1985 жылы Алматыдағы республикалық эстрада және цирк студиясына оқуға түсіп, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Қайрат Байбосынов­тан дәріс алдым. Одан кейін әскери азаматтық борышымды өтедім. 2002-2006 жылдары Астана қаласындағы Ұлттық музыка академиясының театр және кино актері факультетін Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетовтің класынан тәмамдадым.

1989-1991 жылдары Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрда әртіс болып еңбек еттім. 1991-2009 жылдар аралығында Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрында актерлік қызмет атқардым. Ал 2009 жылдан бастап Астана қаласы мемлекеттік филармониясында әнші болып жұмыс істеп келемін. Бірақ бұл белеске бірден жеткенім жоқ. Менің өнер жолына келуіме себеп болған – бала күнгі әнге деген ерекше қызығушылығым. Себебі әкем де, шешем де ән-жырға жақын жандар еді. Сол себепті мектеп қабырғасында жүрген кезімнен бастап домбыра тартып, ән айтуға құмар болдым.

Кейін Алматыдағы республикалық эстрада және цирк студиясына түсіп, Қайрат ағамыздың класында білім алдым. Ол кісіден тек ән өнерін үйреніп қана қоймай, өнерге деген терең көзқарас пен үлкен жауапкершілікті бойыма сіңірдім. Мен үшін сахна – киелі мекен, ал ән айту – халықпен сырласудың ең шынайы тәсілі. Сондықтан, ән арқылы ұлтымыздың болмысын танытуды өзіме парыз деп есептеймін. Осы ұстаныммен талай жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқанымды үлкен мақтанышпен айта аламын. Жалпы, менің пайымдауымша, өнерге жүрекпен келу керек. Даңқ пен атақ қуып емес, шын рухани мақсатпен келген адам ғана нағыз өнер иесі бола алады. Сондықтан менің өмірлік ұстанымым – өнерге адал болу, оның құндылығын арттыру және оны келер ұрпаққа жеткізу, – дейді Нұрай Ерлісұлы.

Әншінің өнерге деген адалдығы мен шынайы­лығы – көпке үлгі.

1992 жылы Әміре Қашаубаев атындағы III республикалық халық әндерін орындаушылар конкурсында II орын лауреаты атанса, 2000 жылы ҚР Мемлекеттік Жастар одағы сыйлығының лауреаты болды. 2011 жылы Астана қаласы мемлекеттік филармониясының «Үздік дәстүрлі әнші» грантын иеленсе, күні кеше ғана «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл марапаттар – оның өнері мен еңбегінің еленіп, көпшілік тарапынан жоғары бағаланғанының айғағы. Нұрай Танабай бүгін өз тыңдармандарына «Сезім серенадасы» атты жаңа концертін ұсынады. Өнеріне сәттілік тілейміз.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button