ӘлеуметБасты ақпарат

Бала ауылға бара ма?

Біз көбіне «Ауыл – біздің түп-тамырымыз», «Ауыл көркеймей, ел көркеймейді» деген сыңайдағы жанашыр сөздерді айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Мұндай сөздер ел ішінде, әсіресе қалада жүрген ағайынның аузынан жиі естіледі. Әлеуметтік желілерде ауылдың фотосын жүктеп, астына сағынышқа толы жазбалар қалдырамыз. Бірақ сол ауылға барып тұруға құлқымыз жоқ.

Қаланың қарбалас тіршілігіне етене сіңісіп кеткен соң ба, әлде ауылдағы қарапайым тұрмысқа көндіге алмайтын болдық па, әйтеуір, көбіміз ауылды тек алыстан ғана аңсайтын сияқтымыз. Бәріміз емес, әрине. Бірақ шындық сол, ауылды шын сүйетіндер азайып барады. Кейбіреулер үшін ауыл тек естелік іспетті. Дегенмен ел ішінде ауылдан алшақтамай, кіндігі байланған жерді айналып, жаз шыға жайлауға шығып, 10-15 күн табиғат аясында, туған жер төсінде аунап-­қунап, киіз үй тігіп, қымыз ашытып, балаларына ат жалын тартып мінуді үйретіп жүргендерді көргенде, қазақы болмыстың шырағы әлі өшпегеніне іштей қуанып қаласың. Тіпті сол адамдар қалада тұрса да, олардың табиғатынан, мінез-құлқынан үлкенге құрметі, сөзге тоқтауы, бармен бөлісе білетін жомарттығы көрініп, аңқаулығы мен аңқылдақтығы менмұндалап тұрады. Бәлкім, біз аңсайтын шынайы ауыл географиялық мекен емес, керісінше, ол осындай адам бойындағы қасиет болар?

Сағыныш пен шабыт мекені

– Жыл сайын еңбек демалысымда алдымен Алакөлге барып, тұнық суына түсіп, бой сергітіп аламын. Ал содан кейін бала күннен жүрек төрінен орын алған, кіндік қаным тамған қасиетті мекен – Шалкөде жайлауына ат басын бұрамын. Аспантаудың құшағындағы осы өңір мен үшін жай ғана туған жер емес, рухани тазару мен шабыт сыйлайтын мекенге айналған. Жайлауға барып, киіз үй тігіп, өзен жағасында атқа мініп сейіл құрып, саумал ішіп тынығып, бір жағынан табиғатпен етене араласып, екінші жағынан өз-өзіңмен сырласуға, ішкі дүниеңмен үндесуге мүмкіндік аласың.

Тәй-тәй басып, тайға мініп, желмен жарысқан балалық шағымның ізі қалған қырқа-белдерге көз салып, әкемізге ілесіп асқар тауға аңсарымыз ауған сол күндер еріксіз еске түседі. Кейде бұл сағыныш шығармашылы­ғыма да арқау болып жатады. Мысалы, «Ескі жұрт» атты өлеңім сол естеліктердің ескегінен туған:

Балғын кезім қол бұлғап алыс қыр­дан,

Құлаққа естіледі таныс бір ән.

Жаз жайлау қырқа белдің қап­талында,

Тайымды мен де желмен жарыс­тырғам.

Бұл – тек менің ғана емес, менімен замандас аға-әпкелердің де ішкі са­ғынышы. Кезінде бірге өскен ауылдың, қойлы жұрттың, жусанды даланың жұпар иісі әрқайсымыздың жүрегімізде сақталып қалған. Өткен өмірдің әр сәті – бүгінгі рухымыздың бір бөлшегі.

Туған жерге барып, балалықтың бал дәмі қалған жерлерді аралау мен үшін бір жағынан сағыныштың салмағын жеңілдетсе, екінші жағынан ерекше шабыт сыйлайды. Көбіне өмірден өткен әке-шешем, бауырларым, әпкелерім көз алдыма елестеп, сол баяғы сәбилік шағымда алақанына салып әлдилегендей әсер аламын. Мұндай күйді сөзбен жеткізу қиын, оны тек сезінуге болады. Сондай-ақ ұрпағым туған жерден алшақтамай, тамырынан ажырамай өссе екен деген бір тілек бар көкірегімде. Сондықтан балаларыма ауылды, жайлауды көрсетіп, сол жердің тасын да, өзенін де, адамын да құрметтеуді үйретуге тырысамын. «Бармасаң – жат боласың» дейді қазақ. Жас күнінде көрген жерге ер жеткенде көзқарасы да, түйгені де өзгеше болады. Осыны ескере отырып, жыл сайын балаларымды өзіммен бірге жайлауға алып барамын, – дейді «Шалқар» радиосының аға редакторы, журналист, ақын Бақыт Жағыпарұлы.

Сондай-ақ ол кісі ауылға тек барып-­қайтуды мақсат тұтпайтынын айтады. Кәдімгі көшпенділік дәстүрмен арнайы үй тігіп, бала-шағасына сол өмірді жақыннан көрсететін ағамыздың әңгімесі, шынымен, жан сүйінтеді.

«Біздің арнайы киіз үйіміз, мінетін атымыз, жылда баратын қонысымыз – бәрі дайын. Шалкөде жайлауында, Кеңбұлақ ауылының тұсында, өзен бойында жайғасамыз. Жан-жағымыз – туған-туыс, аға-жеңгелер, әпке-жезделер. Қымыз ішіп, өзенге түсіп, атқа мініп, сай-саланы аралап, тың күш жинап, ерекше күймен Алматыға қайтамыз. Бұл сапар мен үшін де, балаларым үшін де жыл сайынғы ­қуаныш пен рухани байлықтың көзіне айналды» деді кейіпкеріміз.

Қоғам да, адам да өзгерген

Қоғамда әртүрлі пікір мен көз­қарастағы адамдар бар. Сондықтан ауылға деген қарым-қатынастың әрқилы болуы – заңдылық әрі табиғи құбылыс. Бірі ауылды мәңгілік мекен деп санаса, енді бірі ондағы жағдайға байланысты ауылға барудан әріге барғысы келмейтіні де сондықтан.

Кейде ауылға барып, онда тұру үшін сол жерде тиісті жағдайдың жасалуы да маңызды. Қазіргі кезде ауылдардың көпшілігінде инфрақұрылымның жоғы, жолдардың қиыншылығы, медициналық және әлеуметтік қызметтердің жеткіліксіздігі – үлкен кедергі. Су, жарық, интернет секілді ең қарапайым қажеттіліктердің болмауы, шынында, ауылға баруға құлқымыздың жоғына себеп. Сондықтан кей адамдар бірер күнге барып, туған жердің ауасын жұтып қайтуды ғана ойластырады. Әрине, егер ауылда білім беру, денсау­лық сақтау, мәдени және әлеуметтік қызметтер қолжетімді болса, жастар мен отбасылар ауылды таңдар еді.

Жалпы ауылға деген махаббат сағыныш пен құлшыныстан ғана тұрмайды, ол өмірдегі жағдайлармен тығыз байланысты.

Атасы күтіп отыр ма?

– Иә, бәріміз ауылда туып-өстік. Балалықтың ең тәтті сәттері, қиялға толы күндер қара шаңырақта, ауылда өтті. Бірақ қазір мен үшін ауыл – тек бір күндік сапарға айналған мекен. Артқа қарайлай беріп өткенді аңсағанмен, ұзаққа аялдауға жүрек дауаламайды. Біріншіден, ата-анамның қара шаңырағы – біз үшін киелі саналатын құтты орын сатылып кеткен. Ол үйдің әр бұрышы, әр қабырғасы естелікке толы еді. Әкемнің шеге қаққан орны, анамның от жағып ас әзірлеген ошағы – бәрі-бәрі көз алдымда. Қазір ол үй – жаттың қолында. Есік алдында отырсам да, өзімді қонақтай сезінемін. Оның үстіне ауылдың қазіргі тіршілігі бұрынғыдай емес. Қонақ күтуге асыққан, қолындағысын бөліп беретін кеңпейіл ауыл иісі бірте-­бірте алыстап кеткендей. Туыстар бар, әрине. Бірақ олардың да ниеті бұрынғыдай жылы емес. Көбі енжар, салқын. «Қашан келдің, қайдан келдің?» деп ықыласпен қарсы алатын адамдар да сиреген. Үйге кіргенде бұрынғыдай самаурын қайнап тұрмайды, есік алдынан бау-бақшаның иісі аңқымайды. Бәрі өзгерген. Адам да, заман да. Бәлкім, бәрі менің ішкі жан дүниемдегі өзгерістен болар. Бәлкім, біз алыста жүріп, ауылды тым идеалдандырып алған шығармыз. Бірақ шындық біреу – ауыл бұрынғы ауыл емес. Қарапайым тіршілік, адал ниет, таза пейіл саусақпен санарлық қана. Сол үшін де армандап, аңсап келген ауыл кейде көңіліңді суытып жібереді. Бірақ қанша алыстасақ та, ауыл – біздің түп-тамырымыз, – дейді қала тұрғыны Ләззат Баққараева.

Расында, ауылдан тамыр үзу – қазақылықтан алыстау деген сөз. Өйткені қазақтың болмысы, дәстүрі мен рухани байлығының түп-тамыры ауылда жатыр. Ауыл – ұлттың іргетасы, ұлттық тәрбиенің мектебі. Сол себепті тиісті министрліктер, Үкімет және оқу орындары жастардың ауылмен байланысын нығайтуға ерекше көңіл бөлуі керек. Өйткені қазіргі жастардың ауыл тіршілігінен бейхабар екені шындық. Кезінде ауылға барса, күтіп отыратын ата-әжесі болатын. Ал бүгінде олардың көбі өмірден өтіп, ауылда қарсы алатын жылы құшағы жоқ. Соның салдарынан қала баласы ауылға барудан алыстай береді. Сондықтан оқу орындары мен қоғамдық ұйымдар арнайы экскурсиялар мен танымдық сапарлар ұйымдастырып, балаларды ауылға апарып, ондағы тұрмыс-тіршілікпен таныстыру қажет. Олар майдың қалай жасалатынын, құрттың неден алынатынын, сүттен қандай тағамдар дайындалатынын өз көзімен көріп, қолымен ұстап үйренсе, біріншіден, өз ұлтының мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылығы артады. Көшпенді өмірдің мәнін түсініп, табиғатпен етене өмір сүрудің қадірін сезінеді. Екіншіден, ауылға бағытталған мұндай іс-шаралар – экотуризмді дамытудың тиімді жолы. Табиғи таза орта, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары арқылы ауыл өмірін насихаттау ел экономикасына да, рухани дамуға да үлес қосады.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button