Байқамұров – Қазақстан барысы

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен дәстүрлі «Қазақстан Барысы – 2025» республикалық турнирі мәресіне жетті. Биыл 14-рет ұйымдастырылған бұл айтулы додаға еліміздің барлық өңірлерінен және мегаполистерден іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары болған 43 балуан қатысты.
Салмақ өлшеу қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының намысын қорғаған, «Қара бура» лақап атымен танымал Нұрдәулет Жарылғапов 167 келімен турнирдің ең ауыр балуаны атанды. Ал Абай облысының өкілі Ерсін Сейітқазынов 91 келі салмақ көрсетіп, ең жеңіл қатысушы болды. Сондай-ақ Абай облысынан келген Саят Шамшиев (37 жаста) – ең тәжірибелі, ал Ақтөбе облысының балуаны Әмірбек Рахимов (20 жаста) ең жас қатысушы ретінде тіркелді.
Осылайша, күрестің алғашқы айналымдары қызу өтті. Үшінші айналымнан кейін ширек финалға Ерасыл Қажыбаев (Абай облысы), Нұрсұлтан Қожагелдіұлы (Шымкент қаласы), Әділ Оразбаев (Әскер барысы), Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы), Марат Байқамұров (Әскер барысы), Бейбарыс Әбдіғани (Түркістан облысы), Ерасыл Амангелді (Ақтөбе облысы), Ерқанат Молдағұлов (Қарағанды облысы) қатарлы 8 балуан іріктеліп алға шықты.
Сөйтіп, балуандардың ішінен бағы озған 2024 жылғы чемпион Ерасыл Қажыбаев кезекті белдесуінде қарсыласын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Оның келесі қарсыласы Шымкенттің өкілі Нұрсұлтан Қожагелдіұлы болды. Ал басты фавориттердің бірі саналатын Нұрдәулет Жарылғапов та сүрінбей келіп, «Әскер барысы» Әділ Оразбаевпен жолықты.
Осылайша, турнирдің шешуші сәтінде өткен жылғы жеңімпаз Ерасыл Қажыбаев финалда тағы бір «Әскер барысы» – Марат Байқамұровпен кездесті. Алайда күрестің екінші минутында Марат қарсыласының осал тұсын тауып, таза жеңіске жетті. Осылайша, ол «Қазақстан Барысы – 2025» атағын иеленді. Ал 2-орын: Ерасыл Қажыбаевқа (Абай облысы), 3-орын: Нұрдәулет Жарылғаповқа (Маңғыстау облысы) бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы белбеу, кубок және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Шапағат ӘБДІР