Қала мен сала

Байланыстың білгірі

Астана белгі беру және байланыс дистанциясының электрмеханигі Жансерік Балмаханов – 18 жылдық тәжірибесі бар теміржолшы. Қазалыда вагон жөндеуші болып еңбек еткен әкесі Өмірзақтың жолын қуып, Ақтөбеде теміржолдың байланыс саласында жоғары білім алды. Еңбек жолын елордада бастады. Жылдар өте осы саланың білгіріне айналған маманның негізгі міндеті – пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Нақтырақ айтқанда, ол СОБ, яғни сигнал беру, орталықтандыру және блокировкалау құрылғыларының, бағдаршамдар мен бағыттама бұрмаларының үздіксіз жұмысына жауапты.

Бүгінде қырықтың қырқасына жеткен теміржолшы өз мамандығы бойынша жұмысқа бірден кіріспеді. 2008 жылы алдымен Астана вагон пайдалану депосында вагон қараушы болып жұмыс істеді. Бір жылдан соң әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеді. Қайтып келіп Астана белгі беру және байланыс дистанциясының ЭЦ-1 постына өз мамандығымен жұмысқа тұрды.

– Жұмысымызда жылдамдық өте маңызды, байланыс құралдары мен аспаптарынан табылған ақауларды жылдам анықтап, қалыпты жұмысқа келтіреміз. Күнде таңертең 8:30-да тұрақты түрде еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы нұсқаулығымен танысып, одан әрі технологиялық процесс кестесі бойынша жұмысқа кірісеміз. Күнделікті жұмысты жоспарлау жиналысында күні бойы атқарылатын жұмыстар реті талқыланып, әр қызметкерге нақты тапсырмалар жүктеледі. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі мен жұмыс тәртібіне қатысты маңызды мәселелер еске салынады. Жоспарлау жиналысынан кейін аға механиктен мақсатты нұсқама аламыз. Нұсқама барысында орындалатын жұмыстардың ерекшеліктері, ықтимал қауіп-қатер және техника қауіпсіздігін сақтау талаптары жан-жақты түсіндіріледі, әр қызметкердің жауапкершілігі нақты айқындалады. Одан кейін өзімізге бекітілген аймаққа барып, жоспарланған жұмыстарды орындаймыз. Жұмыс барысында СОБ құрылғыларының техникалық жағдайы тексеріліп, ақаулар анықталған жағдайда, дер кезінде жойылады. Сонымен қатар алдын алу және жоспарлы жұмыстар жүргізіледі. Барлық жұмыс бекітілген нұсқаулықтар мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып атқарылады, – дейді кейіпкеріміз жұмысы жайлы түсіндіріп.

Мұның бәрі теміржол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аса маңызды. Сондықтан әрбір тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, өз міндетін сапалы әрі уақытылы орындауға тырысады. Теміржол бойындағы пойыздар тоқтайтын бағдаршамдар, бағыттама бұрмаларының үздіксіз жұмысын тексеріп, қозғалыстың қауіпсіз болуына атсалысады.

– Біздің жұмысымыз көбіне желі бойында атқарылады, Астана станциясы бойынша өзімізге бөлінген аумақтағы теміржолдың байланыс құрылғыларын тексеріп, ауа райының қолайсыздығына қарамай, сыртта жүреміз. Мәселен, дүйсенбі жұмысымыз бағыттама бұрмаларын тексеруге арналады, яғни бұрандалары босап кетпеді ме, айналасы қармен бітеліп қалмады ма, соны қараймыз, қолымызға өзімізбен бірге кілттеріміз бен балғаларымызды, ломдарымызды алып жүреміз. Басқа да бізге тиесілі құрылғылар мен жабдықтардың жұмысын тексереміз. Айына бір рет комиссиялық тексеру болады, сол кезде бағдаршамдардың алыстан қалай көрінетіні қаралады, оның дұрыс көрінуінің өз нормалары бар. Талапқа сай болмаса, көрінетіндей етіп баптауын реттеп қоямыз, сонымен қатар перегонда айына бір рет рельс байланыстырушы бөліктер де қаралады, – дейді электрмеханик.

Осындай адал еңбегі үшін ол 2021 жылы «Үздік маман» төсбелгісімен марапатталды. Ал былтыр дистанция қарайтын Ақмола магистралдық желі бөлімшесі басшылығы атынан алғыс хатқа ие болды. Төрт баланың әкесі Жансерік Балмаханов бар болмысымен өз мамандығын дұрыс таңдап, сол жолда абыройлы еңбек етіп келе жатқанын мақтан етеді.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button