Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілді

Қазақстанда байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер биыл 3 қарашада Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бұйрығымен бекітілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Атап айтқанда, жаңа редакцияда «биометриялық деректер» ұғымы енгізілген. Бұл жеке тұлғаның физиологиялық және биологиялық ерекшеліктерін сипаттайтын, оның тұлғасын анықтауға мүмкіндік беретін жеке деректер.
Бұдан бөлек байланыс операторларының ақпараттық-анықтамалық жүйесінде тәулік бойы тегін көрсетілетін қызметтер тізімі кеңейтілді. Олардың қатарында:
— байланыс қызметінің сапасына шағымдарды қабылдау;
— қызметтерді жақсарту жөніндегі ұсыныстарды қабылдау;
— роуминг қызметтері туралы ақпарат беру;
— алаяқтық белгілері бар SMS-хабарламалар мен қоңыраулар туралы өтініштерді қабылдау бар.
Сонымен қатар өзгерістерге сәйкес, енді жеке тұлға өз атына он абоненттік нөмірге дейін рәсімдей алады. Бұл жеке, отбасылық және өзге де тұрмыстық мақсаттар үшін жеткілікті сан болып есептеледі.
Егер азамат оннан артық нөмір алғысы келсе, ол операторға қажеттілігін дәлелдейтін негіздемелер мен құжаттарды, сондай-ақ құрылғылардың сипаттамасы мен сәйкестендіру кодтарын ұсынуы тиіс.
Оператор өтінішті қарап, нөмірлерді тіркейді немесе бас тарту себебін түсіндіреді. Себеп жойылғаннан кейін азамат қайта өтініш бере алады.
Бұдан бөлек жаңа ережелерде алаяқтық белгілері бар қоңыраулар мен хабарламаларды анықтау тәртібі белгіленген.
Ұялы байланыс операторлары ішкі антифрод жүйелерін пайдалана отырып, күмәнді әрекеттерді анықтайды және бұл ақпаратты Ұлттық банктің антифрод орталығына жолдайды. Осы мақсатта операторлар мен орталықтың ақпараттық базалары біріктіріледі.
Операторлар алаяқтық белгілері бар SMS-хабарламалар мен қоңырауларды, сондай-ақ GSM-шлюздер (SIM-бокстар) арқылы жасалған әрекеттерді анықтаған жағдайда, абонент туралы мәліметтерді — аты-жөні, ЖСН және тіркелген нөмірлерді антифрод орталығына береді.
Абоненттен немесе антифрод орталығынан осындай қоңыраулар туралы ақпарат түскен кезде оператор екі жұмыс күні ішінде тексеру жүргізеді.
Егер алаяқтық фактісі расталса, оператор күдікті нөмір бойынша байланыс қызметін уақытша тоқтатып, екі жұмыс күні ішінде антифрод орталығын хабардар етеді.
Ал егер ақпарат расталмаса, оператор бұл туралы Антифрод орталығына хабар береді.



