Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесін көтерді

Астана қалалық мәслихатының депутаттары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінде елордадағы 120 сауда нүктесінде 34 мың тоннаға жуық өнім (19 атау) тұрақтандырылған бағамен сатылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен қаржы бөлініп, өңірлік өндірушілермен келісімшарттар жасалды. Тыңдауға дайындық аясында депутаттар елорданың бірқатар базарлары мен сауда желілерін аралап, бірқатар проблемаларды анықтады: ескірген базарлар, әлсіз инфрақұрылым және баға саясатына жеткіліксіз бақылау, -деді мәслихат төрағасы Табиғат Зейнулқабден.
Қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, бағалар мен санитарлық талаптарға бақылауды күшейту, ескі базарларды жаңғырту және көлік инфрақұрылымын дамыту, елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыру жұмысын жандандыру, сондай-ақ тұрғындарға тұрақтандырылған бағалар туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша шешімдер шықты.
Қазіргі таңда Астанада 10-нан астам ірі базар жұмыс істейді. Алайда олардың көпшілігі жаңғыртудан өтпеген және заманауи талаптарға сай келмейді. Депутаттар бұл мәселеге ерекше назар аударып, белгіленген мерзімдердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.