«Азулылар» жетегінде кетпе!

Өзіме де обал жоқ. Қиылып сұрап, «келіңіз «акциямен» бетіңізді әрлеп, әжімдеріңізді жұқартып, реңіңізді келістіріп береміз» деген соң құлай кеткенмін ғой. Әдемі болғанды кім жек көрсін әрі бар-жоғы білінбейтін азғантай ақшаға айдай сұлу етеміз дегеніне балаша сенгенім.
Сонымен, сұлулық салонына келдім. Қарсы алдымнан жүгіріп шыққан көздері қиылған әп-әдемі қыздардың бірі шай ұсынып, екіншісі қолыма май жағып жұмсартып, аяғымызға массаж жасайтын аппаратын қосып, алаңдап келген көңілімізді әбден жайландырды. Анкетаны толтырып бола бергенімізде косметолог та келді. Жарты сағаттай өздерінің компаниясы туралы айтып, ақырындап бет күтіміне кірісті. Енді болды ма дегенде тағы бір қызметшісі келіп, 3 миллион теңгеге бағалаған қызметін сатып алыңыз деп бас салды. Бетіміздің терісін сыдырып кететіндей, таңқалған түрімнен байқады ма, сәл ойланып, сіз үшін «екі миллион» деді. Ыршып түскен жағдайымды байқап, бес жүзге түскенде бастырмалатып отырған маман өзімді кінәласын келіп. «Өзіңізге қарамайсыз, өзіңізге қимайсыз», тағысын тағылар. Алпыс жыл бетімді күтпей құр жүрген кезіме ызаланып, «апырмай, өзімнен аяймын ба?» деп, қаражатымды шығаруға бейімделіп келе жатыр едім, бір нәрседен тартынып қалдым. Олардың да көңілін жықпай, ойланайын дегеніме қаратар емес, Kaspi-ден қарызға ақша сұрап көріңіз, жауабын көрсетіңіз деп қояды. Сол кезде үстімнен мұздай су құйып жібергендей селт ете қалдым, «менің кіріс-шығысымды тексеретін сендер кімсіңдер, мен неге есеп беруім керек?!» деген ой сұлулық салонының барлық ықылас қызметіне деген рақметімді жоққа шығарып жіберді. Менің ашуымды аңғарғандар түк шықпайтынына көздері жетті ме, қолдарын бір сілтеп, келіскен теңгені алып қоя берді. Осылайша барынша қысым жасап, жан-жағыма қаратқызбай, үстемелеткен жарнаманың нөпірінен зорға есімді жинадым.
Осы күні тауарын тықпалаған агрессивті маркетинг белең алып келеді. Қармағына түсіп қалған құрбандары жетіп артылады. Ашық айтуға ұятты деп, «Шығасыға иесі басшы» дегендей, көбі үндемей қоя салады. Шынын айту керек, сотқа да бере алмайсыз. Ешкім тамағыңызға пышақ тақап қалтаңыздан тартып алған жоқ. Өзіңіз қолдан бердіңіз дегендей. Оның үстіне «кредитоманиямен» ауыратындар осылардың олжасы болған соң, олар әбден тыйымсыз тасыраңдап кетті.
Осылар әсіресе түрлі сұлулық салондарын жағалайды. Әйелдерге жылы сөз айтып, комплиментті үйіп-төксе, әмиянындағы ақырғы тиынын санап береді. Содан да жайына қарап жүрген нәзік жандарды алдап-сулап аз ақшамен немесе тегін қызмет көрсетеміз деп шақырып алады ма, «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп басыңызды айналдырып, кредитке кіргізіп жібереді. Бас айналдырудың түрлі амалын меңгергендерге бұл түк емес. Айтарлықтай әсері бола қоймайтын, бірақ аты дардай, мақтауын жеткізген тауарды сатып алады. Жылдап несие төлеп, белгісіз компанияны байытады. Сіз несие төлеп болғанда компания да ізін суытып үлгереді. Осылайша тұтынушылардың назарын тез аударатын барынша әрекетке барып тауарын тықпалап, барынша молдап сатуға итермелейтін және кейде манипуляциялық әдістерге негізделген жарнамалық стратегияны қаржы сауаты жоқтар ажырата бермейді. Бұл тәсіл эмоционалдық қысым арқылы шұғыл шешім қабылдау сезімін тудырады. Адамның осыған дейінгі тірлігін жоққа шығарып, басқадан артып түсуі үшін нарықтағы үлесін мол қарпу мақсатында әрі аз уақытта зор нәтижеге жету үшін бәсекелестерді тікелей сынауды пайдаланады. Бұлардың әлеуметтік желіде жарнамалық хабарламаларына толас жоқ, одан қалды телефон қоңырауы, электрондық пошта арқылы шақырады.
Айгүл УАЙС



