ӘлеуметБасты ақпарат

Ажырасу оңай, салдары ауыр

Өткен жылы АХАТ органдары Қазақстан Республикасында 123,6 мың неке тіркеді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артық. Некелесудің жалпы коэффициенті 6,13 құрады (1000 адамға). Шаңырақ көтергендердің көпшілігі Астана қаласының тұрғындары, яғни 1000 адамға шаққанда 7,34 неке коэффициентін көрсетеді.

Тағы да статистикаға қарайық. Отбасын құрғандардың ішінде ерлердің 78 пайы­зы, ал бойжеткендердің 79,1 пайызының некесі алғаш рет қиылған. Ажырасқаннан кейін қайта үйленген ерлердің үлесі – 20,8 пайыз, екінші рет тұрмыс құрған әйелдер 19,4 пайызды құрайды. Алғаш некелескен азаматтардың орташа жасы 27,9 жас болса, әйелдер үшін – 25,2 жас. 2024 жылы неке жаз айларында ең көп тіркелген: маусым – 11 675, шілде – 13 739, тамыз 12 936 рет үйлену тойы тойланған.

Астарында не жатыр?

Ажырасуға келетін болсақ, 2024 жылы олардың саны 40,5 мың болды. Қалалық жерлерде 30,1 мың ажырасу (74,4%), ауылдық жерлерде 10,4 мың ажырасу (25,6%) тіркелген. Ажырасудың жалпы коэффициенті 2,01 құрады (1000 адамға). Ажырасудың ең жоғары деңгейі – ШҚО-да, 1000 адамға шаққанда 3,12 коэффициентімен, сондай-ақ Қарағанды (3,11) және Павлодар (3,09) облыстарында байқалды. Ал ең төменгі деңгейі Түркістан облысында – 1000 адамға шаққанда 0,90. Неке ұзақтығы бойынша ажырасулардың ең көп үлесі (35%) 1-4 жыл некеде тұрған отбасылар арасында, ажырасулардың 25% – 5 жылдан 9 жылға дейін бірге тұрғандар арасында орын алған. Ал 8 пайызы неке тіркелгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасып тынған.

Бұл – еліміздегі отбасы инс­титуты жағдайының жалпы көрінісі. Ажырасу мәліметтері де оңып тұрған жоқ. Күйдім-сүйдім деп қосылған екі жастың ыстық-суығы бір жылға да жетпей (8 пайызы) ажырасып кеткен. Төрт жыл да тіл табыспағандар 35 пайызды құрапты. Келесі бір ширегінің шыдамы он жылға да жетпеген. Бұл тек пайыздық көрсеткіштер ғана емес, әрқайсының артында күйзеліс пен дағдарыс, баланың көз жасы, демография мен экономика және еліміздің болашағы жатыр. Бұл еліміздегі отбасы институтында үлкен кемшілік бар екенін көрсетеді. Құда болдым, қызымды қияға, ұлымды ұясына қондырдым деп, шашылған ата-ананың жерге қарағаны да осы пайыздарда көрсетілмесе де көбімізге белгілі жайт. Өйткені бұл үрдіске айналды. Той тойлап, құйрық-бауырдан үмітті әке-шеше өз ұрпағының болашағына күмәнмен қарайтын болды.

Жалпы үйінде бақытты болған адам шын бақытты. Қазақы ұғымымыздағы отбасы екі адамның жеке отауымен шектелмейді, оның кең ұғымында күрделі қарым-қатынастар жүйесі жатыр. Ол тек ерлі-зайыптыларды ғана емес, өз балалары, өз ата-аналарын, ағайын-туыс, құда-жегжаттарды және басқа да туыстарын біріктіретін үлкен орта, қауымдастық, от-орманы, бау-бақшасы жатыр.

Еркіндік емес, қамқорлық керек

Әр адам бақытты болғысы келеді. Алайда алғашқы жел шайқаған күні екі жас екі жаққа қарап, ажырасамын деп жатса, сол от-орманы сырттап қалып жатады. Ерлі-зайыптыға өз отбасын өмірлік қиындықтардан қорғау соншалықты ауыр тиетіні де осыдан. Мәліметтерге қарап отырсақ, Түркістан төңірегінде ажырасулар аз екен. Бұл нені білдіреді? Меніңше, көп жанды классикалық отбасы институты жақсы сақталған аймақ деп осы өңірді айтуға болады. Мұнда екі жас ешқашан оқшауланбайды, тіпті қалаға көшіп кетіп жатса да ағайындардың «қырағы» қамқорлығының ортасында болады. Олардың пікірін тыңдайды, әулеттің қалыптасқан салт-дәстүрге қарсы шықпайды. Өзім білдімге салмайды. Олардың өмірі алғашқы күнінен-ақ, ортасымен біте қайнасып кетеді. Қазіргі психологтардың айтып жүрген жеке өмірінің шегі мен шекарасы болмайды. Әрқайсысының өз орны, жауапкершілігі мен міндеті бар. Ең бастысы, жақсысы мен жаманын көріп шыңдалатын, көңілге түйетін ортасы бар. Отбасы мүшелері жасы кіші, үлкені бірдей бір ортада қайнап қауымдастыққа айналғанда, жан-жағына бауыр басқанда ажырасуды ең оңай жол деп қарастырмайды. Бақыттың кілті – махаббат, өзара түсіністік, өзара құрметте ғана емес. Әулетке адалдық та, керек болса құрбандық та, ортаның мүддесі өзінің жеке басының мүддесінен артық тұрғаны да шаңырақтың шайқалмауына алып келеді.

Толық емес отбасыдан толыққанды ұрпақ өрби ме?

Әйел қырық шырақты десе де, екінші мәрте тұрмыс құрғандар бірден бақытты болып кетеді деген сөз емес. Мамандардың зерттеулеріне қарағанда, екінші некенің бұзылу ықтималдығы алғашқысына қарағанда жоғары көрінеді. Расында адамы алғашқы қадамы дұрыс болмаса, мінез-құлқы, дүниеге көзқарасы бірінші некесін сақтауға ықпалы болмаса, сол мәселелер келесі отбасына да көшеді, енді оларға өгей әке мен әйелдің балалары арасындағы қарым-қатынастар, кейде бұрынғы отбасындағылардың қақтығыстары қосылады.

Айтып-айтпай не керек, ажырасу қазіргі өмірдің параметрлерінің біріне, некенің бір құрамдас бөлігіне, заманауи отбасы жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналғаны рас. Ол бүгінде әулетке келер ұят та емес, сүйекке түскен таңба да емес, тұмау сияқты екінің бірінің басында болатын жайттай қабылдайтын болдық. Тіпті ажырасу тұқым қуалайтын құбылысқа айналды. Толық емес отбасында өскен балалар – ата-­анасының өмірлік қателіктерін қайталайды, олар үшін ажырасу қалыпты жағдай.

Ал ажырасудың ауыртпашылығы өз алдына. Соңғы уақытқа дейін әйелдер ажырасуды ерлерге қарағанда қиынырақ сезінеді деп есептелді. Әйелдің қырық жаны бар деген сөз рас екен. Нәзік жандылар ажырасқаннан кейінгі күйзелістен ерлерге қарағанда тезірек шығып, қалпына келеді. Ер адамдар, керісінше, күйзеліске түсіп, көбінесе шындықтан қашуға тырысады. Алаң көңілін басу үшін бір нәрсеге салынып, сол иірімнен шыға алмай жүреді екен.

Ажырасудың салдары ерлі-зайыптыдан бөлек, олардың балаларына да ауыр салмақ. Шетелдік және отандық психологтардың көпшілігінің пікірінше, эмоционалды сау баланың қалыптасуы баланың ата-анасының екеуімен де өзара үйлесімді қарым-қатынасына байланысты. Балалық шағында әкесімен толыққанды қарым-қатынастан айырылған ұлдар, анасының көлеңкесінде өсіп, мінез-құлықтың «әйелдік» түрін қабылдайтыны, ер-азаматтық сипатына тән қасиеттері жұтаң келеді. Әкесіз өскен ұлдар көлеңкеде өскен шөп сияқты, қауқарсыз, бейғам, қайратсыз келеді. Көп жағдайда байсалдылық танытпай, еркектік мінезінің жоқтығы көрініп қалады.

Көргені аз болған соң әкелік борышын өтеу әлдеқайда қиын түседі.

Әкесіз өскен қыздардың ер-азамат туралы түсініктерін қалыптастыру қиындау. Болашақта олардың күйеуі мен ұлын дұрыс түсінуге, әйел мен ана рөлін атқару ауыр болады. Айналасына сенімсіздікпен қарайтыны да болады. Ал әкенің қызына деген сүйіспеншілігі оның өзін-өзі тану, өзіне деген сенімділігін арттыру, әйелдік бейнесін қалыптастыру үшін өте маңызды дейді. Сондықтан да әкесіз өскен қыздардың тағдыры ойландырады.

Некені қалай нығайтамыз?

Соңғы жылдары ажырасу статистикасы көпшілікті қатты алаңдатуда. Биік мінберден ойланбай айтылатын пікірлер де жоқ емес. Соның бірі Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ажырасқандар үшін жоғары табыс салығының ставкасын енгізуді қарастыруды ұсынған болатын. Алайда депутаттың осы бір ойын жұлып алып, жөн емес дегендер басым болып, оның басқа салмақты да сазды сөздері еленбей қалды.

Расында да ажырасуға толық тыйым салу немесе оған негіздердің өте шектеулі тізімі адамдарды отбасылық өмір ережелерін сақтауға шақырмайды, отбасы институтын қорғап та қалмайды. Отбасының іргетасы ретінде некені нығайтуға бағытталған демографиялық саясат шараларын әзірлеген кезде шындық әрқашан бір жерде екенін есте ұстауымыз керек. Әркімнің ойына келгенін істеп, отаудың ойранын шығарсын деген еркіндік берудің ақыры жақсылыққа жеткізбейтіні рас. Тыйып ұстаудың да жақсылыққа апармасы анық. Бізге құндылықтарымызды қайтаратын, адамдардың сыйласып, сіз-біздесіп өмір сүретін отбасы институтының насихаты керек. Жаңа ғасырдың заманауи стандарттарының ұлттық салт-дәстүрлерімізбен ұштастырған үлгісін алып, соны алға тартуымыз қажет.

Бұл ретте депутаттың елдегі демографиялық жағдайға байланысты бірнеше ұсынысы көңілден шығады. Ол мыналар:

– Ажыраспақшы болған жұпты татуластыру үшін қоғамдас­тық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесін пайдалану; Жас отбасыларды қолдауға бағытталған «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу; Үйлену тойын өткізу кезінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу.

Мемлекеттік мәселе

«Ажырасу – тек екі адамның тағдыры ғана емес, бүтін бір ұрпақтың, қоғамның, мемлекеттің мәселесі. Сондықтан бұл мәселені тек жеке отбасы деңгейінде емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық тұрғысынан қарауымыз қажет» деген Мәжіліс депутатының ойын қос қолдап қолдаймыз.

Жалпы, қазіргі уақытта жастарды отбасылық өмірге дайындаудың кешенді жүйесі жоғын мойындауымыз керек. Бұл қоғамда жағымсыз әлеуметтік жағдайға алып келді және отбасы институтының дамуына кері әсерін тигізуде.

Некеге дейінгі мінез-құлық және жастарды некеге дайындау мәселесі өзекті болып табылады. Қазіргі жағдайда құндылық бағдарлар мен некеге дейінгі мінез-құлық жүйесі өзгерді. Отбасы институтының шаңырағы шайқалып, абыройы кетіп тұрғанда, жастардың да көзқарасы әрқалай. Қазіргі жастар әйел мен ерлердің арақатынасын ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу деп қарамайды. Көбіне жыныстық азғындықпен сипатталады. Жастардың некеге дейінгі ақпараттарды жыныстық қатынас ашық насихатталған ғаламтордан алады. Оның ақыры жастардың мәдениет деңгейін көтеруге, болашаққа деген көзқарасын қалыптастырып, жанұяның барлық аспектілерін дұрыс түсінуге әкелмейді.

Балаларды ерте жастан дербестікке, өз іс-әрекетіне жауапкершілікке баулу, отбасылық мәселелерді және қиын өмірлік жағдайларды шешуге тарту өскен ұясында болмаған соң, қайдан алады?

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button