Басты ақпаратРуханият

«Азаттық» деген ұлы арман…

Сайлаухан НӘКЕНОВ  

         АЗАТТЫҚ

Сыналап кіріп ертеден,

Сығалап қарап саусақтан,

Ормандарымды өртеген,

Армандарымды қаусатқан.

 

Өзендерімді ортайтып,

Жасылдарымды қуратқан.

«Халыққа жау» деп жорта айтып,

Асылдарымды тура атқан.

 

Өзгенің құлдық мазағы

Бермеді азат сөзге дем.

Аз халықтардың азабы

Артықтау екен өзгеден.

 

Кемсітулерге кектенбей,

Қашанғы жүрсін ет өліп?!

Желтоқсан, міне, жеткендей

Рухын ұлттың көтеріп!

 

Жанарын жаспен суарған,

Қуанған далам қуарған.

«Азаттық» деген ұлы арман

Алаштың атын шығарған.

 

Шығарған даусын шындықтың,

Ақырын тілеп Алладан.

Мың жылдық жолын мұңлықтың

Мұнарсыз күнге жалғаған.

 

Жібіген шығар Жаратқан,

Көл-көсір төккен көз жасқа.

Әлемді түгел қаратқан

Азаттыққа айттым бозқасқа!..

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

       ҚАЗАҚИЯ

Қазақиям – азат ұям,

Қоңыр жұртым, ұлы елім.

Қаңқылдаған қаз атынан

Сөз саптаған сүлейім.

 

– Қанға қан! – деп,

– Жанға жан! – деп,

Атам қазақ үйреткен.

Өтті ғасыр сандаған көп

Ақ сойылын сүйреткен.

 

Шыңбысың сен – Хан-тәңірім,

Әлде Бетпақ – шөлмісің,

Қаңсыса да қан тамыырың

Қыңқ етпейтін көнбісім.

 

Тасыдың да жуасыдың,

Түпсіз арнаң толсашы,

Дүниенің күнәсінің

Жуылатын моншасы.

 

Аялаған азаттығым

Бұл бұл ұшса басымнан,

Кімге керек қазақтығым

Мақтан еткен жасымнан?

 

Төбеңдегі Айды мына

Тұмарыңдай көремін.

Қапалы да, қайғылы да,

Қоңыр елім, өр елім.

 

Топырақтың табын сездім,

Жүгірдім де жығылдым.

Отан деген назым сөздің,

Мәнін сенен ұғындым.

 

Аспандай кең атамекен,

Иі қанбас көн дала,

Сені сүю – қате ме екен,

Сүйіп өтем сонда да!

 

Нұрлан МӘУКЕНҰЛЫ

            БОСТАНДЫҚ

Бостандықта сүрдiк пе бiз көп ғұмыр?

Аз ғана күн сәулелi үмiт төктi нұр:

Әлсiз шуақ қарт қазақты жылытып,

Жас қазақ сол бәсең отты сөктi бiр…

 

Жасамыс жан «шүкiр» дедi бүгiнге,

Жас арыстан, жан ашумен бүлiнбе,

Жаңғырамыз, дедi, түптiң түбiнде…

Парасаты тұнып тiл мен дiлiнде.

 

…Парқы жетсе, нарқы кетпес

сөздi ұқты.

Жастық жалаң қолмен алмас

кездi ұқты…

Ұмытпауды ескердi алға басқанда,

Ту сыртынан қадалатын кездiктi…

 

Бұл Қазақпен танысыңыз әуел, Сiз.

Қазақ қазақ болғалы шын тәуелсiз.

Ел мен жерге еге, бүгiн көрiңiз,

Сүйiнiңiз, дос елсiз я жау елсiз.

 

Мекенiндей көңiлi кең халықтың,

Аспанынан нұрын құйды жарық күн.

Еш жарлығы жүрмейдi ендi

Мәскеудiң,

Iске аспайды қулығы Ханбалықтың.

 

Егемен ел – жасыл туы жайнаған.

Егемен ел – қонаққа түс шаймаған.

Тағдырыңа «шүкiр» деуiн десем де,

Тiрлiгiңе түйiлiп, көп ойланам…

 

Ықылас ОРАЗБАЙ

        КӨГІЛДІР ТУ

Қиыр да қиғаш бір шеттен,

Отанның зарын кім шеккен?

Көк туды аман көргенде,

Көзімнің жасы бұрқ еткен.

 

Мүмкін бе жету аңсамай,

Мүмкін бе жету шаршамай!

Шегарадан өтіп алып та,

Шошып ояндым қаншама ай…

 

Көңілге құяр уы бар,

Кей сөзге жаның суынар.

Қарынның қамын күйттеген,

Қадырыңды қайдан ұғынар.

 

Даттайды кейде кісілер,

«Жақпайды билік ісі» дер.

Шетелде жүрген жете алмай

Шерлілер нені түсінер?

 

Түсінер заман тарлығын,

Топырақсыздың тағдырын.

Жалғанда мынау қазақта,

Жалғыз-ақ Отан барлығын.

 

Қазақ деп қаны тасыған,

Қамшы да тиген басынан.

Көк паспорт қолға тигенде,

Кеңсірігі ашыған…

Елім деп келген ерлердің,

Не өтпеді дейсің басынан!..

 

Ешкімді мінеп-сынаман,

Бекісін деймін бұғанаң.

Тәукел етіп келгенде,

Тәуелсіздігім дін аман…

 

Дін аман болсын діңгегім,

Еңбекпен өтсін күндерім.

Тілеймін қазақ нәсілі,

Ешқайда кетіп сіңбеуін.

 

Қазақша оқы, ұрпағым,

Бір ұлтта болсын бір таным!

Тіл мен дін үшін бұзғанбыз,

Қырық темірдің қырсауын.

 

Арбаса да аю ырғалма,

Тірлігің жанар тіл барда.

Толстой, Пушкин дей берме,

Махамбет, Абай тұрғанда.

 

Бағытты бекем белгіле,

Шеттегі әрбір шерліге.

Көгілдір таулар үстінде,

Көгілдір тулар желбіре!

Рауандасын ұлы аумақ,

Риза болсын мың аруақ.

Ұятты тарих қалмаған,

Ұжданды баба бір аунап.

 

Қанатты серме, сергі де,

Алдыңда асқақ кең дүние!

Көгілдір таулар үстінде,

Көгілдір тулар желбіре!

 

Назгүл АЛАУДИН

Тәуелсіздік –

Төр мен бағым, тұғырым,

Осы жолда бабам қиған ғұмырын.

Қойнауында жатыр қанша тарих мың

Өткен… Келер… Бүгінім.

 

Тәуелсіздік –

Жан мен тәнім, үмітім,

Тілеуіңді тілеймін ел, күні-түн.

Жат пиғылдар тізгініңді ары тарт

Оның маған суы, тасы, гүлі құн

 

Тәуелсіздік –

Серт пен сенім, қастерлім,

Болашақтың таңбасы өзің, рас сенгін.

Бейбіт күн-ау, жету үшін жолыңда

Көкірекке толды қанша жас пен мұң.

 

Тәуелсіздік –

Күн мен түнім, айбыным,

Қазақстан – Отан-анам байлығым.

Өзіңе арнап жазылады талай жыр,

Тәуелсіз екендігің жайлы мың.

 

Тәуелсіздік –

Ар мен ұждан, қымбатым,

Қиын күндер, қиылып-ақ құмға сің.

Сары қымыздай сапырып ап сарқып іш

Азаттықтың мәңгілік бал тұнбасын

Тәуелсіздік – менің тете құрдасым.

 

Александр Мәруаұлы

АБЫРОЙ ҒОЙ ТАСЫҢДЫ АРҚАЛАСАҚ

«Бұл далаға бір қарасам пейілім менің кеңейген —

Енді қайтем осы өлкені туған жерім демей мен!»

Ж.Нәжімеденов

Жыр-жүрегім толып тұр бүгін шерге,

Қасиетіңе киелі жүгінсем бе?

Тұрғызбасын, ешбіреу тауың түгіл,

Жалғыз түйір тасыңа сүрінсем де.

 

Бұлағыңа мөп-мөлдір сырым қанған,

Жоталарға жұп-жұмыр жырым қонған.

Табаныма тас батып, шөңге кірсе,

Өтінемін, оны да суырмаңдар!

 

Дархан дала дертіме азық болып,

Ақ қағазға қайғымды жазып беріп,

Майда, жұмсақ құмыңа құласам ғой

Құлазыған сәттерден қажып келіп.

 

Келгендей-ақ көсілер кез ыңғайлы,

Бой түзелді, өзіңде сөз ұлғайды.

Құдіреті тілімнің жетер ме екен,

Қалам алып толғауға өзің жайлы.

 

Естеліктер сенде өткен есімдегі,

Махаббатты маздаған өшірмеді.

Алаңдаймын, дем жетпей қала ма деп,

Алып таулар қозғалса төсіндегі.

 

Талай адам жаныңды табалады,

Қадіріңді ұқпай жүр неге бәрі?

Тазалықты сендегі сезу үшін,

Көңілімді кірлетпей келем әлі.

 

Абырой ғой тасыңды арқаласақ,

Аялдай тұр, аялда, тарқама сәт.

Қиыр кезіп кетемін содан кейін,

Бір уыс топырағыңды қалтама сап.

 

Аспаныңдай сол кезде өр боламын,

Күннің өзі береді жанға жалын.

Білемісің туған жер жан-жарама

Жалғыз ғана жусаның ем боларын.

 

Толқындары теңіздің қуатты екен,

Өмірімді өзің ғой шуақты еткен.

Соңғы демім қалғанша сүйіп өтем,

Жүрегіме орнаған жұмақ мекен.

 

Дауа таппай тірліктен сабылысқан,

Асау сезім өзіңе алып ұшқан.

Ең ұлы өлеңдерді тудырады,

Ең ұлы саған деген сағыныштар.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button