Аяздың да аты бар

Аяз – температура 0°С-тан әлдеқайда төмендегенде болатын қыстыгүнгі ызғарлы суық. Қылышын сүйретіп қыс келгенде үскірік соғып, күн райы шытқылдап, су бетінің мұзы қалыңдай бастағанда аяз да күшіне мінеді.
Аяз суықтық деңгейіне қарай бірнеше түрге бөлінді. Аяздың түрлерін білу табиғат құбылыстарын түсінуге және оның алдын алу шараларын дұрыс жоспарлауға көмектеседі. Әсіресе мал шаруашылығында аяздан қорғау әдістерін қолдану өнімді сақтап қалуда маңызды рөл атқарады.
Халқымыз күн қатты суытқанда «сүйектен өтеді», «бет қаратпай тұр», «жалап тұр» деген сияқты теңеу сөздерді қолданып, қыс бейнесін сипаттаған. Хакім Абай:
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды, – деп бейнелесе, ақын Ілияс Жансүгіровтің:
Қыс, қар, мұз, қырау, қылау – жерді көміп,
Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп.
Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап,
Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп.
Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ,
Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ,
Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек,
Сапырар сұрапылды кейде бір уақ, – деп жырлағаны – соның дәлелі.
Қыстың алғашқы айы – желтоқсан. Бұл айдың басында қырбастың қызылы деп аталатын алғашқы аяз болады. Халық арасындағы есепшілердің айтуынша, қырбастың қызылы үш-бес күнге созылып, сонан соң аяз беті қайта бастайды.
Қазақ халқы күн райына қарап, аяздың түсетін мезгілін де алдын ала білген. Күн құлақтанып, түтін тік ұшса, жұлдыздар анық көрініп, жиі жымыңдаса, аяқ басқан қар қатты сықырласа, будақ бұлттар көкжиектен өркештене көтеріліп көрінбей кетсе, аяз болады деп болжаған. Көне есеп бойынша желтоқсанның 25-і мен 5 ақпан аралығы сақылдаған сары аяздар болса, қаңтар мен ақпан айларындағы қыстың ең суық мезгілі «Қыс шілдесі» немесе «Кіші шілде» деп аталған. Бұл суық мезгілдердегі аяз тілімізде былай сипатталыпты:
Үскірік – бет қаратпайтын суық жел қосылған аяз.
Ақшаның аязы (Ақ аяз) – қар жауғаннан кейін түсетін аяз.
Көк аяз – құрғақ аяз.
Қақаған аяз (суық) – желемік қосылып, дымқылдықпен қабаттасқан аяз.
Сары аяз – желсіз, тымық аяз.
Қызылшұнақ аяз – суық аязға өкпек жел қосылып, тіршілік біткеннің зықысын кетіретін аяз.
Сақырлаған сары аяз – қаңтардың аяғы, ақпанның басында болатын сары аяздың күшіне мінген, күшейген кезі.
Шыңылтыр аяз – бет қарып, өңмеңінен өтетін аяз.
Түф деген түкірік жерге түспейтін аяз – ауа райының суықтығы соншалық, адамның түкірген түкірігі жерге мұз боп түсетін, өте қатты аяз.
Әрине, мұнан басқа да әр жерде әртүрлі айтылатын аяз атаулары да бар. Бірақ мәні мен мағынасы жоғарыдағы аяз атауларымен ұқсас.
Осы күндері Астананы аяз буып тұр…
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
фото: Оңалхан ӨНЕРХАН



