Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы онлайн форматта өтеді

1-31 тамыз аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы онлайн форматта sanaq.gov.kz сайтында өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Онлайн санақтан өтпеген үй шаруашылықтарын 20 қыркүйектен бастап интервьюерлер аралайды. Алайда егер олар сауалнамадан тамыз айында өтсе, оларды ешкім мазаламайды. Сондай-ақ 20 қыркүйекте басталатын офлайн кезең үшін ауылдық жерлерде интервьюерлерді жұмысқа қабылдау жүріп жатқанын ескертеміз. Жұмысқа орналасқысы келетіндер 1446 нөміріне хабарласа алады, – деді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шәуенова.
Санақтың нәтижелері кезең-кезеңмен жарияланады. Алғашқы мәліметтер 2025 жылдың желтоқсанында, ал қорытынды 2026 жылы ұсынылады.
Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылығы иелерін санаққа қатысуға шақырамыз. Осы арқылы сіз елдегі ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ете аласыз. Сіздің жауаптарыңыз субсидиялардың бөлінуіне, сақтау қоймаларының салынуы сияқты маңызды шаралардың қолданылуына әсер етеді, – деді бюро басшысының орынбасары.
Санақтан өту бүкіл аграрлық саланың дамуына зор үлес қосады.
Бұған дейін 1 тамыздан Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталатынын және оның не үшін керек екенін түсіндірдік. Сондай-ақ Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы қалай жүретінін және одан кімдер өтуі керек екені туралы да жаздық.