Басты ақпаратҚала мен сала

Аулалар абаттандырылып, көшелер көркейді

Елордамыз жыл өткен сайын жаңарып, көркейіп келеді. Қала көшелері абаттандырылып, жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Барлық жұмысты жүргізу барысында тұрғындардың тілегі ескерілуде.

Бас қаланың ­Алматы ауданында Қ.Рыс­құлбеков көшесі, 16/1 және 16/3 мекенжайларында жа­ңартылып, абаттандырылған аулалар салтанатты түрде ашылды. Жұмыстар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізілген. Жөндеуден өткен аулалардың ашылуына тұрғындар, аудан әкімдігінің өкілдері мен мердігер ұйымдар қатысты.

Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тасболаттың айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы әрбір тұрғынға өз көшесінің, ауласының, шағын ауданының дамуына нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.

– «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – бұл тұрғындардың абаттандыру бойынша өз идеясын ұсынуға болатын жоба. Ол – бюджет қаражатының бір бөлігін бөлуге азаматтардың тікелей қатысуына мүмкіндік беретін ашық әрі тиімді тетік, – деді ол.

Аулаларда ауқымды жұмыс атқарылды: шағын сәулет нысандары, балаларға арналған ойын алаңдары орнатылып, гүлзарлар мен ойын алаңдарындағы жабындар ауыстырылды, футбол және баскетбол алаңдары жөнделді, жаңа спорт нысандары мен автотұрақ орындары, сондай-ақ орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Спорт инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлініп, ашық ауада жаттығуға арналған заманауи workout-аймақ салынды.

«Тұрғындардың бастамасымен іске асып жатқан жобаның аясында екі ауланы ашып отырмыз. Апта соңына дейін тағы бірнеше нысан аяқталады. Жалпы Астана қаласы бойынша 15 аула абаттандырылады, барлық жұмысты қала күніне дейін аяқтауды көздеп отырмыз» деді Мақсат Тасболат.

Оның айтуынша, 2025 жылға арналған бағдарламаға қатысу үшін 123 өтінім түскен. Сараптамалық кеңестің қарауынан кейін олардың 107-сі дауыс беру кезеңіне өтті, ал 15 жоба ғана іске асыруға жіберілді.

Сарыарқа ауданында күрделі жөндеуден өткен ­«Иллюзия» қоғамдық кеңістігі ашылды. Ы.Дүкенұлы көшесі мен Рес­публика даңғылының қиылысында орналасқан сквер толық өзгеріп, жаңа келбетке ие болды. Жалпы аумағы 5,8 мың шаршы метрден астам жерде кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, шағын сәулет нысандарына дейін толығымен жаңартылды.

– Базаны толық жаңартудан бастап шағын сәулет нысандарының заманауи элементтерін орнатуға дейін абаттандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Алаң көпфункционалды демалыс және белсенді демалыс аймағына айналды. Мұнда жаңа скейт-алаң, әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын кешендері, көршілердің кешкісін шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құруына ыңғайлы орындықтары бар аймақтар пайда болды. Алаңды жобалау кезінде ең ыстық күндерде де жайлылық пен функционалдылықты қамтамасыз ету үшін барлық жағдай ескерілді, – деді аудан әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов.

Жалпы Сарыарқа ауданында аумақтарды абаттандыру бо­йынша жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Бұл ретте аудан әкімінің орынбасары тұрғындар үшін заманауи, жайлы және қауіпсіз қоғамдық кеңістіктер құруға тырысатынын, осы айдың басында 16 аула аумағы жаңартылғанын, сонымен қатар, Республика даңғылы, 7/1 мекенжайы бойынша тағы бір демалыс аймағын абаттандыру жұмыстары аяқталғанын атап өтті. Өзгерістер – қалалық ортаны жақсарту жөніндегі үлкен бағдарламаның бір бөлігі, сондықтан осы бағыттағы жұмыс жалғасады.

Сондай-ақ ашық аспан астындағы алаңда спортпен жаттығу құралдары мен жүгіру жолақтары орнатылған. Барлық кеңістік, жас ерекшелігіне қарамастан, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы болу үшін жан-жақты ойластырылған.

Аудан тұрғыны Марат Сма­ғұлов гүлзардың ашылуына немерелерін ерте келіпті.

«Біз мұнда жақын жерде тұрамыз. Сондықтан осы жерге жиі келеміз, серуендейміз. Балалар енді скутермен жүріп, алаңсыз ойнай алады. Бұл жерде барлығы өте ыңғайлы және әдемі. Қуанышымызда шек жоқ» деді ол.

2025 жылы Сарыарқа ауданында 30-дан астам аула аумағы абаттандырылып, тұрғындар игілігіне берілмек. Сонымен қатар қазір бос жатқан екі аумақта халықтың демалысы мен жайлылығы үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер салу жоспарланған. Абаттандырудың бірыңғай стандартына қарамастан, әрбір аула өзіндік ерекшелігі мен тұрғындардың тілегіне негізделген жеке тұжырымдамамен жаңартылады. Жөндеу жұмыстары сол аумақтың нақты қажеттілігіне сай іске асады.

Бұдан бөлек, тарихи мәні бар И.Гёте, Ә.Мәмбетов және Ғ.Қараш көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтарда кеңейтілген және ыңғайлы жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, Астанада биыл 170-ке жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады. Жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде тұрғын үй алаптарын қамтиды. Оның бір бөлігі қазірдің өзінде аяқталған.

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button