Аудармашы анамен кездесті

Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудармашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рымбала Смайыловамен «Аманат арқалаған ана» атты шығармашылық кездесу мен әлем классигі Виктор Гюгоның «Париждегі Нотр-дам соборы» кітабы аудармасының таныстырылымы өтті.
Рымбала Кенжебайқызы – белгілі жазушы, публицист, аудармашы Марал Хасеннің жары. Кездесуді ұйымдастырушылар қаламгерді де ұмытпай, оның шығармаларынан «Рух пен қалам үндестігі» атты көрме ұйымдастырды. Осыдан 10 жыл бұрын өмірден озған қаламгер 20-ға тарта Нобель сыйлығының лауреаттары мен әлемге әйгілі қаламгерлердің шығармаларын қазақшалады. Аяқтай алмаған аудармалары да қалды. Өмірден өткен соң оның үлгере алмай кеткен істерін жары жалғастырды. Міне, 10 жылдан бері Марал Хасен мұрасының шырақшысы болып келе жатыр. Осы уақыт аралығында 2 естелік кітап шығарып, Жаңаарқада жұбайы оқыған мектепте Марал Хасен атындағы кабинет, аудан музейінде бұрыштың ашылуына мұрындық болды. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға қаламгердің жеке кітапханасын көшіріп апарып берді. Бірнеше еске алу кешін ұйымдастырып, Жаңаарқа ауданының «Мәңгілік ел» аллеясындағы ақын-жазушылардың тақтасына Марал Хасеннің атын мәрмәрге қашап жазғызды.
Рымбала Смайылова өзінің алғашқы аудармасы Светлана Алексиевичтің «Мырышқа айналған қыршындар» повесін Марал Хасен аударған «Соғыстың сұрқы әйелге жат» повесімен біріктіріп, кітап етіп бастырды. Марал Хасеннің барлық еңбегін екшеп, жүйеге келтіріп, «Марал Хасен. Таңдамалы еңбектер» атауымен 7 томдық құрастырды. Бұл еңбегі Ұлттық академиялық кітапхананың бастамасымен әр елде ашылған «Қазақстанның мәдени орталықтары» арқылы әлемнің 40 шақты еліне тарады. Рымбала Кенжебайқызы қазір де Марал Хасеннің ісін жалғастырып, кітаптар аударумен айналысады. «Балалар жылы» аясында қазақстандық жазушы-драматург Нұрайна Сәтбаеваның балаларға арналған «Әлканың күміс тұмары» әңгімелер жинағын, американдық жазушы Гарри Грейдің «Бірде Америкада» романын, қарағандылық Ильмаз Даниял ұлының «Дастанның арманы. Бастау» тарихи сагасын тәржімалады. 2022 жылы 82 жасында Нобель сыйлығын алған француз жазушысы Анни Эрноның «Әйел» және «Өзінің орыны» деген кітаптарын біріктіре аударып, оған «Менің асыл жандарым» атауын берді. Бұл кітап автордан рұқсат алынған соң жарық көреді. Таяуда аударған Виктор Гюгоның «Париждегі Нотр-дам соборы» романы кітап болып шықты.
Тәржімашымен кездесуде Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Рустам Әлидің құттықтауын оқып берді. Белгілі журналист, «Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми-инновациялық орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Мағжан Садыханов сөзін сабақтай келе, «Аяулы ана» атты қоғамдық сыйлықты тапсырды. Ақын, жазушы, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Кенжебай Ахметов, белгілі жазушы, кинодраматург Айгүл Кемелбаева, ұлы Абайдың зәузатынан тарайтын Ләйлә Баймағамбетова, ақын, сазгер Ардақ Игенова, белгілі публицист, Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубай, журналист, аудармашы Ернат Мелсұлы, ақын, «Егемен Қазақстан» газеті «Мәдениет және әдебиет» бөлімінің меңгерушісі Жәнібек Әлиман, Қарағандыдан арнайы келген «Жастар әлемі» журналының бас редакторы Гүлнәр Шөменова жылы лебіздерін жеткізді. Сөз сөйлегендер көркем аударманың қиындығы жөнінде айта келе, Рымбала Кенжебайқызының ұлғайған жасына қарамай, осы іспен белсенді айналысатынын атап өтіп, тілектерін айтты. Марал Хасен мұрасын насихаттаудағы еңбегіне айрықша тоқталды. «Париждегі Нотр-дам соборы» кітабына редактор болған аудармашының ұлы Дархан Маралұлы мен Рымбала Смайылованың өзі бұл тәржіманың ерекшеліктері жөнінде айтып, жиналғандарға алғысын жеткізді.
Әсем әндермен көркемделген кеште Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің студенттері Нұрасыл Аманжол мен Ақжігіт Сағынтай өлеңдерін оқыды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



