Аудармада автор стилі сақталу керек пе?

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағының елорда филиалы өткізіп жатқан «Қаламгер ұстаханасы» жобасы бұл жолы көркем аударма мәселелеріне арналды. «Көркем аудармадағы автор стилі» тақырыбындағы дәрісті №8 көпшілік кітапханада белгілі қаламгер, ғалым, аудармашы Кенжебай Ахметов оқыды.
Өз сөзін қазақ әдебиетіндегі аударма өнерінің тарихынан бастаған дәріс иесі кәсіби көркем аударманың алғашқы үлгілері ұлы Абайдан басталатынын, хакімнің сондағы негізгі мақсаты жөнінде ой өрбітті. Оның айтуынша, Абай алдымен әлем әдебиетінің үздік үлгілерін қазаққа танытуды мақсат етті. Абайдың негізгі өмірлік ұстанымы ағартушылық болса, екінші жағынан түпнұсқа авторымен жарысқа түскен. Кенжебай Ахметов мысал ретінде Лермонтовтан аударғандарын келтірді. Қаламгердің пікірінше, бергі уақыттағы ағартушы демократтардың шығармашылығы да Абайдың дәстүрінде келеді.
«Автордың стилін сақтау деген мәселеге менің өзімнің байқауымша, алғаш келген адам Мағжан сияқты көрінеді. Мағжанның аударма өлеңдері шамалы ғана ғой, соны оригиналмен салыстырып қараған кезде ешқандай бір айырмашылық көрмейсіз. Сөздерін сөз қалпында, ұйқасын ұйқас қалпында, үлгісі қандай ұйқаспен берілген, сол ұйқас түрінде келеді. Көлемі, буын саны, бунақ саны бәрін тура орыс тілінде үлгісі қандай, қазақ тілінде де сондай. Мағжанда Кольцовтан аударған «Песня старика» деген өлең бар, сонда ғана айырмашылық бар» деген Кенжебай Кәрібозұлы Мағжан осы өлеңді аударғанда неге автор стилінен ауытқығанын түсіндірді. Оның пікірінше, «Песня старика» орыстың частушкалары үлгісінде жазылды. Мағжан соны түсініп, қазақтың «Жиырма бес» сияқты халық әндеріне салып жіберді. Қазақ ақыны бұл жерде әуезділікке назар аударып, шығарманы ұлтымыздың ұғымына жақындатты.
Қазір көркем аудармаға қойылар талаптарға тоқталған Кенжебай Ахметов бүгінде шығарманың мазмұнын жеткізу немесе оқырманға жеңіл, түсінікті етіп берудің қажеті жоқтығын айтты. Ол түпнұсқада қандай, автор сөзін қазақ тілінде солай етіп жеткізу керек деп есептейді. Ұстазы, академик Зейнолла Қабдоловтың «Стиль дегеніміз – адам» деген сөзін келтірген дәріс иесі оның мәнісін ашты.
«Стиль – ол тек жазу машығы емес, ол шығармадан көрінетін автордың өзі. Автор кім, сол шығармасында көрінеді. Талантты автордың және әуесқойдың жазғаны бірден белгілі болады. Әуесқойдың жазғанында өзіндік мінез болмайды, анаған да ұқсап тұрады, мынаған да ұқсап тұрады. Мінезі бар, дүниеге көзқарасы бар, түсінігі бар адам жазғанда автордың өзі шығармасын саған оқып беріп тұрғандай әсер етеді» деді Кенжебай Ахметов.
Оның пікірінше, аудармашыға қойылатын басты талаптың бірі – тілді мүмкіндігінше жақсы білу.
«Біздің қазақта женский род, мужской род деген жоқ. Бірақ бізде ер адамға ғана қатысты қолданатын сөздер бар, әйел адамға ғана қатысты қолданатын сөздер бар. Тілді білу деген тек сөзді жаттап алу емес, сөздің бояуы, ішкі грамматикалық мәні, реңкі деген болады. Осының бәрін аудармашы жақсы сезінуі керек» деген дәріс иесі аудармашы тек қана шығарманы аударып қана емес, авторды жақсы танып алу керектігін айтты.
Аудармашы өз еңбегі арқылы мәдениетке қызмет ететініне тоқталған Кенжебай Кәрібозұлы кез келген шығарма белгілі бір деңгейде оқырманның дүниетанымына әсер ететінін, ұлттың ой кеңістігін байытатынын атап өтті. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы аудармашылардың өзін-өзі көрсетуіне үлкен мүмкіндік бергенін, бірақ аталмыш бағдарлама ақша табудың көзіне айналып кеткенін, сол себептен көптеген шалағайлықтар орын алғанын, аударманы нан табудың көзіне, ермекке айналдыруға болмайтынын айрықша айтты.
Аудармашы өзі аударып жатқан шығарманың поэзия, проза, драматургия секілді жанрлық ерекшеліктеріне назар аудару керектігін айтқан Кенжебай Ахметов жақсы аудармашыны қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселемен мемлекеттік деңгейде айналысу керек. Мектеп түлегін бірден шетелге аудармашылыққа оқытуға жіберген дұрыс емес. Бұған ең алдымен филологиялық немесе журналистік білім берген жөн. Сосын аударма еңбектеріне пікір айта алатын сыншылар керек. Алайда елімізде қазір олар жоқ. Аудармаға байланысты тағы бір мәселе бар. Ол қандай шығармаларды өзге тілден және қазақ әдебиетінен шетел тілдеріне кімдерді аударуымыз керек деген сұрақ.
Қазіргі жасанды интеллект заманында ЖИ шығарманы аударғанмен онда автордың сезімі, жаны болмайтынын айта келе, ЖИ көркем туындыны өзіне тән қасиетінен айыратынын, шығармашылықты адам ғана істейтінін атап өтті. Кез келген шығарманың аудармаларының бірнеше нұсқасы болғаны жақсы екенін айтқан Кенжебай Кәрібозұлы орыс әдебиетінде Гетенің «Фауст» шығармасының отыздан астам нұсқасы барын жеткізе келе, кейбіреуінің ерекшеліктеріне тоқталды. Өзінің шығармашылық лабораториясынан хабар берді.
Кенжебай Ахметов Дантенің «Құдіретті комедиясын», Боккаччоның «Декамеронын», Толстойдың, Цвейгтің, Булгаковтың, басқа да әлемдік классиктердің шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ол аталған туындыларды тәржімалағанда шығармашылық тұрғыдан кездескен қиындықтарға, аталған жазушылардың қаламгерлік қырларына тоқталды. «Құдіретті комедияның» «Чистилище» деген екінші бөлімінің атауының қазақша нұсқасын біраз іздеп, ақыры «Барзақ» деп атағанын айтты. Ең кейінгі аударған шығармасы Толстойдың «Воскресение» романы баспаға жөнелтілгенін жеткізді. Дәріске қатысқан адамдар қаламгерге сұрақтарды қойды. Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында жыл соңына дейін тағы бір дәріс қалғанын, келесі жылы мұны жалғастыру жоспарланғанын, сол кезде елордада тұратын қаламгерлердің ғана емес, Тынымбай Нұрмағамбетов, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан секілді көрнекті қаламгерлердің дәрістерін ұйымдастыру ойға алынғанын жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



