Аудандар бюджетінің орындалуы қалай?

Астана қаласы мәслихатының депутаттары жергілікті бюджеттік бағдарламалардың орындалу нәтижелері жөнінде аудан әкімдерінің есептерін тыңдауға арналған көшпелі отырыстарын өткізіп жатыр.
Алғашқы отырыс Алматы ауданында өтті. Онда ағымдағы жобалардың іске асу нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар жан-жақты талқыланды.
«Депутаттардың негізгі назарында бюджет қаражатының тиімді игерілуі, әлеуметтік маңызы бар бастамалардың орындалуы, сондай-ақ қаланың инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалардың сапасы болды. Мұндай өзара іс-қимыл форматы жүзеге асқан жобалардың тиімділігін жан-жақты қарастыруға, басым бағыттарды айқындауға және қосымша қаржыландыруды қажет ететін салаларды анықтауға мүмкіндік береді» дейді Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Қалалық мәслихат депутаты Кендебай Адамбек бюджетті үнемдеуге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Соның ішінде Алматы ауданы әкімдігі аппаратының қаржысын мүмкіндігінше қысқарту, жарықтандыру мәселесін зерттеу, оны кестемен беруді қарастыру, безендіруді жарықтандыру қажеттігін пысықтау, аулаларды күрделі жөндеудің жағдайын қосымша қарауды ұсынды.
Байқоңыр ауданындағы көшпелі отырыста ерекше назар аулаларды абаттандыру, инженерлік желілерді жаңарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және қалалық ортаның жайлылығын арттыру мәселелеріне аударылды.
Есіл ауданындағы отырыста мәслихат депутаттары өз ұсыныстарын жеткізді.
«Бұл ауданның 2025 жылғы қаржыны игеруі қуантады. Жыл аяғына дейін жоспарланбаған шығындар болмайды. Келесі жылғы бюджет барлық саланы, яғни санитария, көгалдандыру, абаттандыруды қамтиды» дейді Кендебай Адамбек.
Ол цифрландыруға көңіл бөліп, бейнекамералар арқылы қоқыстың рұқсатсыз жиналуына, аялдамалардың, дәретханалардың бұзылмауына жол бермеу жағын ескертті.
«Кейінгі кезде аудандар үнемдеу деген сөзді ұмытқан сияқты» деген депутат осы жағына көңіл аударуды ұсынды.