Басты ақпаратҚала мен сала

Аудан алабы абаттандырылды

Сарыарқа ауданы – елорда тұрғындарының ең тығыз қоныстанған аудандарының бірі. Мұнда 351 мыңнан астам адам тұрады және ауданның кең көлемді аумақтары, тарихи көшелері мен қоғамдық орындары бар. 2025 жылы ауданда тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және тартымды орта жасау мақсатында ауқымды абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілді.

Биыл ауданда тозығы жеткен үйлер және пайдаланылмай тұрған бос аумақтар орнына 6 жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Абаттандырылған аумақтардың жалпы көлемі 18000 шаршы метрден асты. Ал жобалар әзірленген кезде тұрғындардың ұсыныстары мен қала тұрғындарының қажеттілігі ескерілді. Әр жаңа алаң заманауи сәулет құрылыстарымен безендіріліп, жарықтандыру жүйелерімен толықты. Демалыс орындары мен серуендеуге арналған жолдар жасалды. Мәселен, Алтынемел мен Гете көшелерінің қиылысында 2000 шаршы метрден асатын жаңа демалыс аймағы ашылды. Бұл кеңістік жарықтандырылған, қауіпсіз және тұрғындарға серуендеуге, отбасымен уақыт өткізуге ыңғайлы ортаны ұсынады. Сонымен қатар Ы.Дүкенұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан «Иллюзия» гүлзары күрделі жөндеуден өтті. Аумағы 5,8 мың шаршы метрді қамтитын бұл скверде жаңа жаяу жүргіншілер жолдары, орындықтар, көркем элементтер, заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылды. Нәтижесінде алаң тәуліктің кез келген уақытында серуендеуге ыңғайлы әрі қауіпсіз демалыс ортасына айналды. Сондай-ақ Республика даңғылы, 7/1 мекенжайында жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылып, тұрғындарға ыңғайлы, көркем мәні бар орталыққа айналды. Бұдан бөлек, Қарасай батыр көшесі, 16 және Жамбыл көшесі, 8 мекенжайындағы бос жатқан аумақтар ретке келтіріліп, заманауи көше жиһаздары, жарықтандыру жүйелері және демалыс орындары орнатылды. Тарихи мәні бар Гете, Ә.Мәмбетов және Ғ.Қараш көшелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл көшелерде жаңа жарықтандыру бағаналары мен көше жиһаздары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, сонымен қатар қаланың көркемдік бейнесі жақсарды. Қаладағы тарихи көшелердің абаттандырылуы тұрғындарға тек демалыс пен серуендеуге арналған жайлы кеңістік қана емес, сонымен бірге тарихи және мәдени құндылықтарды сақтауға мүмкіндік беретін орта жасады. Сондай-ақ Н.Тілендиев даңғылының Көктал көшесінен Астрахан тасжолындағы көпірге дейінгі бөлігі кешенді түрде жаңартылды. Бұрынғы төсемелі тастың орнына жасыл дәліз жасалып, аумақта 510-нан астам жапырақты қарағаш және 44 мыңнан астам сәндік гүлді бұта отырғызылды. Е.Рахмадиев атындағы филармония алдындағы алаң да толық жаңартылды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріліп, тактильді плиталар төселді және инклюзивті орта қамтамасыз етілді. Аумақ заманауи көше жиһаздарымен, жаңа жарықтандыру тіректерімен, жергілікті суару жүйесімен және қосымша көгалдандыру элементтерімен толықты.

Жыл басынан бері Сарыарқа ауданында 52 аула абаттандырылды, оның 36-сы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы алғанда, 20000 шаршы метрден астам аула ретке келтіріліп, балаларға арналған заманауи ойын кешендері мен спорт алаңдары орнатылды. Жаңа аулалар балалар, жасөспірімдер және жастар үшін қауіпсіз, ашық әрі тартымды ортаға айналды.

2025 жылы Сарыарқа ауданында жүргізілген абаттандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, қаланың жалпы көрінісін жаңа деңгейге көтерді. Аудандағы әр аула мен қоғамдық кеңістік заманауи сәулет құрылыстарымен, жасыл желекпен, жарықтандыру жүйесімен, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңдары мен спорт кешендерімен толықты. Осы жұмыстардың барлығы тұрғындардың демалысқа шығуын, серуендеуін, спортпен айналысуын және балалардың қауіпсіз ойнауын қамтамасыз етуге бағытталды. Сонымен қатар абаттандырылған аумақтарда инклюзивті ортаның қағидалары сақталып, кедергісіз орта, тактильді плиталар және арнайы бағыттау элементтері қарастырылды.

Аудандағы жаңартылған аумақтардың бәрі тұрғындардың ұсыныстары мен қажеттіліктеріне сүйене отырып жасалды. Бұл жұмыстар инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, тұрғындардың қала өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік берді.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button