Басты ақпаратСараптама

Автонарық: Отандық өнімге бетбұрыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қай кезде де ел тұрғындарын экономикалық патриотизмге – отандық өнімді таңдауға шақырып келеді. Бұған дейінгі Жолдауларында және түрлі кездесулерде Президент «Қазақстанда жасалған» брендін күшейту ұлттық экономика тірегінің бірі екенін бірнеше рет атап өткен еді. «Біз шикізатқа тәуелді экономиканы түбегейлі өзгертуіміз керек. Өнім өндіретін елге айналу – басты мақсат» деген болатын бір сөзінде. Бүгінде Мемлекет басшысының бұл үндеуі нақты нарықтық трендке айналып отыр.

Былтыр қанша көлік сатылды?

Соңғы жылдары ел ішінде отандық өнімге деген сұраныс айтарлықтай артты. Оның айқын көрінісін авто­көлік саласынан байқауға болады. Мәселен, 2025 жыл Қазақстан автонарығы үшін өсім жылы болды. Елде 234852 жаңа жеңіл және коммерция­лық көлік сатылып, нарық көлемі 14,4 пайызға ұлғайып, екінші жыл қатарынан сатылым 200 мыңнан асты. Әсіресе желтоқсан айында 27 мыңнан астам көлік сатылып, айлық рекорд жаңарған. Ең маңыздысы, жыл қорытындысында ең көп сатылған алғашқы 10 модельдің барлығы Қазақ­станда өндірілген.

Қай зауыт көп өнім шығарды?

Жалпы қазір елімізде авто­көлік шығаратын 11 зауыт жұмыс істеп тұр. Соның ішінде Алматы мен Қос­танай қалаларында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және Kia Qazaqstan жаңа кәсіпорындарының іске қосылуы саланың өндіріс әлеуетін айтарлықтай күшейтті. Нәтижесінде автоөнеркәсіптегі жұмысшылар саны 11153 адамға жетіп, бұл бағыттың ел экономикасындағы маңызы арта түсті. Өндіріс құрылымында жеңіл автокөліктер басым үлесті иеленді. Айталық, бір жыл ішінде 158944 жеңіл көлік шығарылып, көрсеткіш 19 пайызға өссе, коммерциялық техника өндірісі де оң динамика танытып, 12200 бірлікке жеткен. Ал өндірушілер бөлінісіне тоқталсақ, Қостанайдағы Allur кәсіпорны (СарыарқаАвтоПром) 92100 көлік шығарып, өндіріс көлемін 1,8 пайызға арттырған. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 52040 жеңіл автокөлік өндіріп, 14,6 пайыз өсім көрсеткен. Саран қаласындағы QazTehna 2665 бірлік коммерция­лық техника шығарып, ең жоғары өсімдердің бірін тіркеді. Жаңадан іске қосылған кәсіпорындардың да үлесі айтарлықтай. Astana Motors Manufacturing Kazakhstan 4 ай ішінде 15180 көлік өндірсе, Kia Qazaqstan үш айда 2885 автокөлік шығарған. Сонымен қатар басқа өндіріс орындарының жұмысы да мақтауға тұрарлық. Яғни СемАЗ 3728 бірлік техника шығарса, КАМАЗ Инжиниринг 1426 жүк көлігін өндірді. Hyundai Trans Almaty 754 техника жинады. Семейдегі Daewoo Bus Kazakhstan 341 автобус шығарса, «ОралАгроРемМаш» 25 арнайы техника өндірген. Жалпы алғанда, жаңа зауыттардың іске қосылуы мен өндіріс көлемінің өсуі Қазақстан автоөнеркәсібінің өндіріс базасын кеңейіп, ішкі нарықты қамту мүмкіндігі артқанын көрсетеді. Бұл жағдай автоөнеркәсіптің импортқа тәуелді нарықтан жергілікті өндіріс басым нарыққа өтудің нақты кезеңіне келгенінен дерек берсе керек.

«2025 жылы отандық автокөлік жасау саласы индустриялық серпіліс жасады: мемлекет қолдауының арқасында ұлттық және шетелдік инвесторлар 2 заманауи автозауытты іске қосу жобасын жүзеге асырды. Сонымен қатар бөлшек саудадағы тиімді, клиентке бағдарланған саясаттың нәтижесінде бүгінгі таңда сатып алушылар үшін қолжетімді қаржы құралдарының кең таңдауы ұсынылып отыр. Желтоқсан айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір 10 жаңа автокөліктің 8-і – отандық өндіріс өнімі. Ал жыл қорытындысында ең танымал ТОП-10 модельдің барлығы Қазақстанда шығарылған. Бұл – автонарықтағы мемлекеттік қолдау саясатының, технологиялар трансфері мен Қазақстан автоөнеркәсібінің өз құзыретін арттырудың жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесі» дейді Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева.

Көлік бағасының түсуіне не себеп?

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «Өткен жылы автомобиль өндірісі рекордтық өсім көрсетіп, машина жасау секторының 41,7%-ын құрады. Барлығы 171 мыңнан астам көлік түрлері шығарылды» деді.

Сондай-ақ кейін баспасөз мәслихатында да министр бұл мәселеге тоқталып, автомобиль құнының түсуіне отандық көлік өндірісінің артуы сеп боп жатқанын да айтқан еді.

«Өздеріңіз білесіздер, қазақстандық зауыттар жыл сайын шығарылатын маркалар қатарын көбейтеді. Жаңа маркалар нарыққа шыққан сайын бағалар міндетті түрде төмендейді. Мұны нақты айта аламын. Отандық автокөлік өндірісінің артуы қытайлық көліктердің бағасының төмендеуіне де әсер етеді» деген министр.

Бұдан бөлек, Қазақстанда Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан әкелінетін автокөліктерге утилизациялық алым мөлшерлемесін 14,6 еседен 38,8 есеге дейін арттыру ұсынылды. Бұл өзгеріс утилизациялық төлемді есептеу әдістемесіне өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасында қарастырылған. Мұның өзі автонарық саласындағы бәскеге әсер етіп отыр.

Қай марка сұраныста?

Шынында, былтыр сатып алушылар ең көп таңдаған брендтер қатарында Hyundai, Chevrolet, Kia, Chery және Jetour болды. Нәтижесінде нарықтың 80 пайыздан астамы небәрі 10 брендтің үлесінде тиесілі болған. Қытай маркалары белсенді өссе де, олардың жалпы үлесі 39 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл нарық толық қытайланбағанын, бірақ көпполярлы құрылымға өткенін аңғартады. Ең өтімді модельдер қатарында Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, Kia Sportage, Hyundai Mufasa, Hyundai Elantra, Hyundai Santa Fe, Chevrolet Onix, Changan CS55 Plus, Chery Tiggo 2 және Jac S3 Pro бар. Бұл модельдердің барлығы Қазақстанда шығарылған. Яғни сатып алушылар «жергілікті жерде құрастырылған – сапасыз» деген ескі түсініктен толықтай арылды.

«Мен былтыр Chevrolet Cobalt көлігін сатып алдым. Ол кезде компанияда арнайы акция ұйымдастырылып, көлік бағасы 1 пайыз жеңілдікпен ұсынылды. Сол мүмкіндікті пайдаланып, тиімді бағада сатып алдым. Шын мәнінде, басқа қытай маркаларын да алуыма болатын еді. Бірақ бағасы мен сапасын ескере отырып, өзімізде өндірілген көлікті таңдадым. Бұл көлік сенімді, жолда қалдырмайды. Бұзылған жағдайда қосалқы бөлшек іздеп сабылмайсыз, өйткені өндірісі өз елімізде болғандықтан жөндеу де жеңіл» дейді әріптесіміз Сұлтан Сейіт.

Ал ресми дерек көздерінің мәліметтеріне сүйенсек, былтыр отандық көліктер қаншалықты өтімді болса, биыл да сол үрдіс сақталып отыр. Жыл басталғалы қаңтар айының деректеріне сәйкес, сатылған әрбір 10 жаңа көліктің 9-ы Қазақстанда құрастырылған. Бұл – қарапайым сан емес, тұтынушы сенімінің артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Жыл табыспен басталды

«2026 жылдың қаңтары дәстүрлі түрде баяу кезең саналса да, биыл керісінше – белсенді басталды. Бір айда 14102 жаңа көлік сатылып, өсім 25,2 пайызды құрады. Бірақ басты нәтиже көлем емес, нарық сұранысы болды. Қаңтарда сатылған көліктердің 87,4 пайызы отандық өндіріс өнімі болды. Бұл индустрияның жетілу кезеңіне өткенін білдіреді. Ең көп сатылған брендтер қатарында Kia алға шықты, одан кейін Hyundai мен Chevrolet орналасты. Chery мен Changan да алғашқы бестікке кірді. Ал Toyota мен Geely сатылымының төмендеуі импорт сегментінің әлсірегенін көрсетті. Қаңтардағы ең өтімді модельдер қатарында Chevrolet Cobalt, Kia Sportage, Hyundai Tucson, Hyundai Mufasa, Kia Cerato, Jac S3 Pro, Changan CS55 Plus, Chery Tiggo 2, Hyundai Elantra және Kia Soluto бар» дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.

Жалпы алғанда, нарықтағы негізгі үрдіс айқын. Сатып алушылар бағаға ғана емес, қолжетімділік пен қызмет сапасына мән бере бастаған. Алайда Қытай брендтері өсімнің негізгі драйверіне айналып отыр. Jetour, Changan және Chery секілді маркалар өз позициясын нығайтуда. Ал толық импортқа тәуелді брендтердің үлесі қысқарып келеді. Мемлекет қолдауы, инвестиция, технология трансфері және қаржы құралдарының кеңеюі нақты нарықтық нәтиже беруде. Қазақстан автоөнеркәсібі енді тек құрастырушы емес, нарық құрылымын айқындайтын маңызды ойыншыға айналды. Сондықтан бүгінгі Қазақстан автонарығындағы маңызды мәселе көліктің қай елден шыққаны емес. Бастысы, оның Қазақстанда жасалғаны болып отыр.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button